Каспийдегі апаттан кейін ұсталған Данияр Хайрушевтің ата-анасы Тоқаевқа үндеу жасады
Каспийде 14 сарбаз қаза болған соң күдікті ретінде ұсталған Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары Данияр Хайрушевтың ата-анасы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видеоүндеуді шенеуніктің қызы өз парақшасында жариялады.
“Бұл видеоүндеуді менің әжем мен атам, яғни әкемнің ата-анасы, Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының бірінші орынбасары Данияр Хайрушевтің ата-анасы ретінде Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа арнап жазды. Олар да ата-ана ретінде әділдік орнап, болған оқиғаның барлық мән-жайы объективті әрі жан-жақты тексерілгенін қалайды. Қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтамыз. Біз олардың қайғысы мен қасіретіне ортақпыз. Бұл ауыр қазаның қаншалықты қиын екенін жақсы түсінеміз, өйткені біздің отбасымыз да осындай қасіретті бастан өткерген”, – деп жазды автор.
Желіде тараған үндеуде шенеуніктің әкесі өз сөзін ұлдарынан айырылып, қара жамылған отбасыларға көңіл айтудан бастады. Ол соттан бұл істе дұрыс әрі әділ шешім қабылдауын сұрады.
“Қасым-Жомарт Кемелұлы, біз – Данияр Хайрушевтің ата-анасымыз. Ең алдымен оқу-жаттығу кезінде қаза болған әскери қызметкерлердің отбасыларына және туыстарына шын жүректен көңіл айтамыз. Біз олардың қайғысын жақсы түсінеміз. Өйткені өзіміз де осындай ауыр қасіретті бастан кештік, екі ұлымыздан айырылдық. Данияр туралы бір ауыз сөз айтқымыз келеді. Ол бала кезден адал, ар-намысты, жауапкершілігі мол азамат болып өсті. Ешқашан пайдакүнемдікке ұмтылған емес, біреудің дүниесіне қол сұққан емес. Оның бұл жағдайға қасақан жол бергеніне сенбейміз”, – деді шенеуніктің анасы.
Ол президентке ата-ана ретінде жүгініп отырғанын, биліктегілерден әділ және объективті тергеу жүргізуді сұрады. Оқиғаның мән-жайы анықталып, асығыс қорытынды жасалмаса екен деп өтінді.
Бұған дейін шенеуніктің қызы әкесінің кінәсі анықталмай жатып, көпшіліктен оны айыптамауды сұрап, үндеу жасаған еді. Сонымен қатар құқық қорғау органдарынан істің барлық мән-жайын анықтауды талап етті.

Істің мән-жайы
Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан 17 әскери қызметкерді теңізге алып кеткен. Алғашқы ресми мәліметте тоғыз әскери қызметкердің қаза тапқаны, үшеуінің құтқарылғаны хабарланған еді.
Кейін іздестіру жұмыстары барысында тағы екі әскери қызметкердің денесі табылғаны хабарланды. Осылайша, қаза тапқандар саны 14 адамға жетті. Үш әскери қызметші құтқарылды.
Оқиғаның мән-жайын анықтау және іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін өңірге қорғаныс министрі Дәурен Қосанов бастаған арнайы комиссия жіберілген. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу Бас прокуратураның ерекше бақылауына алынды.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Ақтау маңында әскери қызметкерлердің қаза болуына қатысты Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі (Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау) және 465-бабы (Кеме жүргізу ережелерін бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
24 қыркүйек күні сағат 22:30-да Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметкерлердің қаза болуына байланысты құрылған Үкіметтік комиссияның отырысы өтті.
Отырыста тергеу аясында ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғаны, тергеу және жедел-іздестіру іс-шараларының кешені жүргізіліп жатқаны, сондай-ақ мамандар тартылып, қажет сот сараптамалары тағайындалғаны айтылды.
"Алты қыздың ішіндегі жалғыз бала": Жамбыл облысында 14 жастағы оқушы мұғаліммен даудан кейін өлі табылды