Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар енді дербес деректерінің өшірілуін талап ете алады: 2 қазаннан бастап не өзгереді

Компьютер
Фото: istockphoto.com

Қазақстанда дербес деректерді жинау және өңдеу қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің міндетін атқарушы қол қойған бұйрық 2026 жылдың 2 қазанында күшіне енеді.

Жаңа ережелерге сәйкес, заңға дербес деректерді жою, анонимдеу және бүркемелеу, сондай-ақ оларды ашық дереккөздерде тарату ұғымдары енгізіледі.

Жою деген дербес деректерді қалпына келтіру мүмкіндігінсіз цифрлық нысаннан алып тастауды білдірсе, анонимдеу деректердің кімге тиесілі екенін анықтау мүмкін болмайтындай идентификаторларды өзгертуді білдіреді. Ал бүркемелеу нақты ақпараттың бір бөлігін жарамсыз немесе дербестендірілмеген деректермен алмастыруды көздейді.

Сонымен қатар дербес деректер тізіміне биометриялық ақпарат та енгізіледі. Деректерді жинақтау ұғымы да кеңейтіледі. Енді ол мәліметтерді базаға енгізумен қатар, цифрлық нысанға қосуды да қамтиды.

Енді дербес деректерді өңдеуге азаматтың келісімі мына жағдайларда қажет болады:

  • дербес деректерді трансшекаралық беру кезінде;
  • деректер жалпыға қолжетімді дереккөздерде орналастырылған кезде;
  • ақпарат үшінші тұлғаларға берілген кезде.

"Дербес деректер және оларды қорғау туралы" заңның 16-бабында көзделген жағдайлар бұған жатпайды.

Егер азамат өзінің дербес деректерін келісімінсіз ашық қолжетімділікке өз еркімен орналастырса, бұл ақпаратты жинайтын, тарататын немесе пайдаланатын тұлғалар өз әрекеттерінің заңдылығын дәлелдеуге міндетті болады.

Сонымен қатар егер дербес деректерді жариялау Қазақстан заңнамасында көзделсе, азаматтың жеке келісімі қажет болмайды. Алайда ақпараттық жүйелердің иелері, операторлар және үшінші тұлғалар таратуға арналмаған мәліметтерді жасыруға міндетті болады.

Ал дербес деректердің иелері, операторлар және үшінші тұлғалар деректерді Қазақстан аумағында орналасқан дерекқорлар мен цифрлық нысандарда сақтауға міндеттеді.

Деректерді жинау және өңдеу қағидалары бұзылған жағдайда азамат өзінің дербес деректерін бұғаттауды немесе анонимдеуді талап ете алады.

Заңнама талаптарын бұза отырып жиналған немесе өңделген деректер азаматтың талабы бойынша жойылады немесе өшіріледі. 

Еске салсақ, бұған дейін 15 миллион қазақстандықтың дерегі даркнетте сатылымға шығып кеткені туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 28 Қыркүйек, 2026 18:36