Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда азаматтардың дербес деректерін таратқандарға қатысты жазаны тағы да қатаңдату ұсынылды

Компьютер
Фото: istockphoto.com

Қазақстанда тұрғындардың дербес деректерінің таралуына қатысты жазаны тағы да қатаңдату ұсынылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінде дербес деректерді қорғау және киберқауіптерге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ведомствоаралық кеңес өтті.

"Дербес деректер бұл ақпараттық жүйедегі жай ғана мәліметтер жиынтығы емес. Әрбір жазбаның артында нақты адам тұр. Сондықтан дербес деректерді қорғау ұйымдар үшін тек заң талаптарын орындаумен бөлек, азаматтар алдындағы жауапкершілік болуы тиіс. Деректермен жұмыс істеу мәдениетін қалыптастыру қажет. Онда қауіпсіздік қандай да бір оқиға болғаннан кейін емес, барлық процестерге бастапқы кезеңнен бастап енгізілуі керек", – деді Жаслан Мәдиев.

Министрлік ұйымдар қандай деректерді жинайтынын, оларды қандай негізде және қандай мақсатта пайдаланатынын, бұл деректерге кімдердің қол жеткізе алатынын, қанша уақыт сақталатынын және қалай қорғалатынын нақты білуі тиіс екенін атап өтті. 

“Маңызды мәселелердің бірі ретінде кеңесте адами фактор талқыланды. Тәжірибе көрсеткендей, көптеген оқиғалар күрделі сыртқы бұзушылықтардан емес, адами фактордан және ақпараттық қауіпсіздік пен дербес деректерді қорғаудың қарапайым талаптарының сақталмауынан туындайды. Есептік жазбаларды үшінші тұлғаларға беру, қауіпсіздігі бұзылған қолжетімділіктерді пайдалану, қол жеткізу құқықтарын нақты шектемеу, ақпаратты заңсыз көшіріп алу және ішкі тәртіп талаптарын бұзу азаматтардың деректерінің таралуына тікелей қауіп төндіреді”, – делінген министрлік хабарламасында. 

Жасанды интеллект министрлігі әкімшілік айыппұлдардың мөлшері үш есеге ұлғайтылып, киберқауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін 1 000 АЕК-ке дейін, ал дербес деректер туралы заңнаманы бұзғаны үшін 2 000 АЕК-ке дейін белгіленгенін атап өтті.

Жауапкершілікке тартудың ескіру мерзімі бір жылға дейін ұзартылған.

“Бұған қоса, дербес деректердің жаппай таралуына әкеп соққан ең ауыр бұзушылықтар үшін жауапкершілікті одан әрі күшейту мәселесі қарастырылып жатыр. Сонымен бірге мемлекеттің міндеті тек тексеру жүргізу және санкциялар қолданумен шектелмейді. Жүйенің маңызды элементтерінің бірі реттеуші орган мен дербес деректер базаларының иелері және операторлары арасындағы тұрақты диалог болуы тиіс”, – делінген хабарламада. 

Кеңес қорытындысы бойынша Жаслан Мәдиев дербес деректерді қорғау саласындағы заңнама талаптарының қатаң сақталуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ қызметкерлердің кибермәдениет деңгейін жүйелі түрде арттыруды тапсырды. Ұйым басшыларына бұл жұмысты жеке бақылауға алу жүктелді.

Тиісті мемлекеттік органдарға интернет кеңістігінде дербес деректерді заңсыз жинау, өңдеу, тарату және сату фактілерін анықтау мақсатында тұрақты мониторинг жүргізіп, анықталған жағдайлар бойынша тиісті шаралар қабылдау тапсырылды.

Еске салсақ, бұған дейін 15 миллион қазақстандықтың дерегі даркнетте сатылымға шығып кеткені туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 20 Тамыз, 2026 19:23