15 миллион қазақстандықтың жеке деректері сатылып кеткен: Министрлік даркнеттегі файлдарды тексерді
Желіде 15 миллион қазақстандықтың жеке дерегі даркнетте сатылымға шығарылғаны туралы ақпарат тарады. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі ақпаратты жоққа шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министрлік уәкілетті органдармен бірлесіп, техникалық тексеру жүргізді. eGov ақпараттық жүйелерінің бұзылғаны анықталмаған.
"Біз даркнетте сатылымға шығарылған файлдарға қол жеткіздік. Оларды талдау барысында бұл әртүрлі белгісіз файлдар мен суреттердің жиынтығы екені анықталды және еGov жүйесінен алынған деректер базасының көшірмесі еместігі белгілі болды. Мұны растайтын басқа да фактілер бар. Атап айтқанда, жарияланған деректер массивінің көлемі мен мазмұны бір-біріне сәйкес келмейді", – деп мәлімдеді министрлік.
Бұдан бөлек, министрлік eGov жүйелерінде паспорттардың скан-көшірмелері сақталатын база жоқ екенін де мәлімдеді.
Мамандар цифрлық құжаттар мүлдем басқа тәсілмен жасалатынын және сақталатынын алға тартты.
"Тағы да ресми түрде мәлімдейміз: eGov жүйесі – бұзылған жоқ. 15 миллион Қазақстан азаматының деректері eGov жүйелерінен алынды деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары мен ақпараттық ресурстар өкілдеріне жеке тоқталғымыз келеді. Даркнеттегі анонимді хабарландырудың өзі жүйенің бұзылғанын немесе деректердің тарағанын дәлелдемейді. Миллиондаған азаматтың дербес деректері туралы сөз болған жағдайда, ақпаратты белгіленген факт ретінде таратпас бұрын, ең алдымен оның шынайылығын мұқият тексеріп алған дұрыс", – деп мәлімдеді министрлік.
Еске салсақ, осыған дейін Қазақстанда 15 миллион адамның жеке дерегі даркнетте сатылымға шығарылғаны туралы ақпарат тарады. Хакердің мәлімдеуінше, көлемі 2,7 ГБ болатын база мемлекеттік eGov жүйесін бұзу арқылы алынған.
"Роллтонның" орнына бешбармақ: Атырау тұрғыны ұлттық тағамды 5 минутта дайындау жолын тапты
Кәсіпкер үшін бешбармақ – тек тез дайындалатын тағам емес
1 миллион теңге айлық, пәтер мен қызметтік көлік: Мемлекет Құрылтай депутаттарына қандай жағдай жасайды
Құрылтай мен бұрынғы Парламент арасында қандай айырмашылық бар
