Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда мектептің сайтына оқушылардың жеке деректерін таратып жіберген

оқушы жеке дерек
Фото: magnific.com

Ақмола облысы прокуратурасы Степногорск қаласында 165 оқушының жеке деректері тарап кеткенін мәлімдеді. Жауапты лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Кейбір білім беру ұйымдарының сайттары мен білім бөлімінің ресми ресурстарында балалар туралы мәліметтер қамтылған құжаттар жарияланған.

Олардың қатарында оқушылардың тегі, аты, оқу орны және әлеуметтік мәртебесіне қатысты деректер болған. Сондай-ақ желіде көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан, сондай-ақ қорғаншылықтағы кәмелетке толмаған балалар туралы ақпарат тараған.

"Деректер қолжетімді болған және олардың әрі қарай таралу қаупін тудырды. Қадағалау актісі бойынша заңбұзушылықтар жойылды. Кәмелетке толмағандардың жеке деректері ашық қолжетімділіктен алынып тасталды, ал кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды", – делінген хабарламада.

 Бұған дейін қазақстандықтардың жеке деректері жабық сайт арқылы шетелге сатылғаны туралы жазған едік. 

Айым Болатқызы
Жұма, 19 Маусым, 2026 08:44