Қазақстанда 2 мыңнан астам мұғалімнің жеке дерегі тарап кетті

Павлодарда 2 мыңнан астам білім беру саласындағы қызметкердің жеке деректері тарап кетті. Мектеп әкімшілігі деректерді медициналық тексерулерге қатысты құжаттармен бірге мемлекеттік сатып алу порталына өздері жүктеп жіберген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ведомство мәліметінше, 28 білім беру ұйымының құжаттарынан қызметкерлердің жеке деректері анықталған. Олардың қатарында анкеталық мәліметтер, тұрғылықты мекенжайлар және байланыс телефон нөмірлері болған.
"Мұндай ақпараттың жария болуы еңбек заңнамасының нормаларын бұзады және оны алаяқтық мақсатта пайдалану қаупін тудырады", – деп атап өтті прокурор.
Нәтижесінде прокуратураның қадағалау шаралары бойынша Павлодарда білім беру саласының 2 065 қызметкерінің жеке деректері ашық деректен жойылды.
Сонымен қатар кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Бұған дейін студенттерінің жеке деректерінің таралуына қатысты ҚазҰУ деканы мен қызметкерлері жұмыстан босатылған еді. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек талаптарды күшейтіп, протоколдарды үнемі жаңартып, жойып отыратынын айтты. Сондай-ақ ақпараттың сақталуына, киберқауіпсіздік пен деректерді қорғауға жауапты барлық қызметкерді оқытып жатқанын мәлімдеді.
Оқыңыз