Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"4 көлік қирап, 3 адам ауруханаға түсті": Алматы полициясы прокурордың ұлының қатысы бар делінген жол апатына пікір білдірді

апат
Фото: ChatGpt арқылы жасалды

Алматыда Шығыс айналма автомобиль жолында болған жол апатына қатысты әлеуметтік желіде дау туды. Жазба авторы апатқа облыс прокуроры орынбасарының ұлы кінәлі болуы мүмкін екенін айтып, оның төрт көлікті соққанын мәлімдеген. Полиция оқиғаның барлық мән-жайы тексеріліп жатқанын хабарлады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

 

Шығыс айналма автомобиль жолында не болды?

Әлеуметтік желіде 11 қыркүйекте Шығыс айналма автомобиль жолында болған жол апатына қатысты ақпарат тарады.

Жазба авторының мәлімдеуінше, жол апатына Жетісу облысы прокуроры орынбасарының ұлы себепкер болған. Оның айтуынша, ер адам көлігін жоғары жылдамдықпен жүргізіп, төрт көлікті соққан.

“Алматыда Жетісу облысы прокурорының орынбасары Ілияс Бескемпіровтың ұлы Шығыс айналма автомобиль жолында көлігін жоғары жылдамдықпен жүргізіп, төрт көлікті соқты. Осылайша ол ауыр жол апатына себепкер болды. Үш адам ауруханаға жеткізілді, жәбірленушілердің бірінің көлігі жарамсыз күйге түсті. Енді кінәліні жауапкершіліктен алып қалуға тырысып жатыр деген ақпарат тарады: жәбірленушілерге хаттама берілмей, прокурордың ұлының адвокаттары адамдарға хабарласып, медиация арқылы істі ақшаға жабуға тырысып жүр. Қазір прокурорлар бандит сияқты әрекет ететін болды ма? Осы мәселені тексеруді сұраймын”, – делінген жазбада. 

Полиция не дейді?

Алматы қаласының полиция департаменті жол апатының 11 қыркүйекте болғанын растады. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тексеру жүріп жатыр.

“Тексеру нәтижесі бойынша жол апатына қатысушылардың әрекетіне құқықтық баға беріледі. Кінәлі адамдар мәртебесіне, лауазымына және әлеуметтік жағдайына қарамастан, “Заң және тәртіп” қағидаты аясында заңда көзделген жауапкершілікке тартылады”, – делінген полиция хабарламасында.

Айта кетейік, бұған дейін Биыл 21 наурыз күні Алматыдағы Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында жантүршігерлік жол апаты болған еді. Салдарынан үш адам қаза тапты.

Zeekr маркалы автокөліктің жүргізушісі батыс бағытта келе жатып қарсы жолаққа шығып, жолдағы қарсы бағыттағы Mercedes көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан 29 жастағы Mercedes жүргізушісі мен 20 және 23 жастағы екі жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Zeekr көлігінің жүргізушісі әртүрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.

Айта кетейік мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов те Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апатына Алматы полиция департаментінің жоғары лауазымды қызметкерінің  қатысы болуы ықтимал екенін мәлімдеді.

Артынша, жол апатына байланысты полиция департаментінің бірнеше басшысы қызметінен босатылды.

22 маусым күні сот Әл-Фарабидегі апат бойынша сот үкімі шықты. Сот шешімімен адам өліміне әкелген жол апатына қатысты іс бойынша Zeekr жүргізушісі Александр Пак 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

Нұрила Жұмаділлә
Дүйсенбі, 28 Қыркүйек, 2026 16:27