Алматыдағы жол апатына жоғары лауазымды полицейдің қатысы болуы мүмкін – Депутат

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апатына Алматы полиция департаментінің жоғары лауазымды қызметкерінің қатысы болуы ықтимал деп санайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
26 наурыз күні депутат өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялады.
“Алматы полициясының жоғары лауазымды қызметкерінің көлік жарысына қатысы бар ма? Әл-Фараби даңғылындағы жарысқа қатысқан қатысушылардың бірі полицей болуы мүмкін деген күдік бар. Бұл жарыс үш адамның өмірін қиды. Сондықтан бәрін жасырып отыр. Ішкі істер министрлігінен түсініктеме беруін сұраймын”, – деп жазды Мұрат Әбенов.
Ол жариялаған видеода ер адам жарысқа полиция департаментінің бір бөлімше бастығының орынбасары өз қызметтік көлігімен қатысқанын айтқан.
“21-і күні көлік негізінде автотұрақта болуға тиіс. Қандай рапорт жазсаң да, оны жеке мақсатта, әсіресе түнде ішімдік ішу үшін пайдалануға құқығың жоқ. Оны инспекторлар немесе басқа біреу тоқтата алады деп ойлайсыз ба? Жоқ, тоқтата алмайды. Алматыда мұндай полицейлерді тоқтату мүмкін емес. Бұған Президент әкімшілігі немесе Ішкі істер министрі тікелей назар аударуы қажет”, – дейді видеодағы ер адам.
Полиция қызметкерінің қатысы бар-жоғы тексеріледі
Қазір Zeekr автокөлігінің жүргізушісі жансақтау бөлімінде жатыр.
“Жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша полиция департаменті қылмыстық іс қозғады, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Zeekr автокөлігінің жүргізушісі қазір ауруханада, ем қабылдап жатыр. Ол жансақтау бөлімінде жатқандықтан оған қатысты тергеу әрекеттері әзірге жүргізілген жоқ. Палатаға ауыстырылғаннан кейін оған қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалады. Ауруханаға түскен кезде автокөлік жүргізушісінен қан сынамалары алынған, алайда нәтижелері әзірге дайын емес. Нәтижелері шыққан соң, сіздерге қосымша хабарлаймыз”, – деді Алматы полиция департаментінің басшысы Айдын Кабдулинов.
Сондай-ақ ол бұл іске полиция қызметкерлерінің қатысы бар екені анықталып, кінәсі дәлелденсе қызметкерлердің әрекеттеріне нақты құқықтық баға беріліп, оларға ең қатаң шаралар қабылданатынын айтты.
Бейресми мәліметтерге сенсек, ішкі істер органдарының қызметкері, полиция департаменті басшысының орынбасары Ержан Узабаевтың қатысы болуы мүмкін. Алайда полиция бұл ақпаратты растамады, бірақ жоққа да шығармады.
“Ешбір кінәлі адам жауапкершіліктен жалтармайтынын және заңға сәйкес қатаң жазаға тартылатынын сенімді түрде мәлімдейміз. Сонымен қатар Алматы қаласының полициясы жолдардағы бейберекетсіздікке мүлде төзбейді және мұндай фактілердің жолын кесіп, ең қатаң шаралар қабылданатынына жауапкершілік аламыз”, – деді полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Еске салайық, Zeekr маркалы автокөліктің жүргізушісі батыс бағытта келе жатып қарсы жолаққа шығып, жолдағы қарсы бағыттағы Mercedes көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан 29 жастағы Mercedes жүргізушісі мен 20 және 23 жастағы екі жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Zeekr көлігінің жүргізушісі әртүрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілген. Жол апаты кезінде қаза тапқан жүргізушінің де жақындары кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етіп жатыр.
"Жүрегіне салынған имплант түсіп кеткен": Алматыда сәтсіз отаның кесірінен 20 жастағы жігіт жансақтау бөліміне түскен