Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әл-Фараби даңғылындағы жол апаты: Алматы полициясы бастығының бұрынғы орынбасары Ұзабаев іс бойынша сотта жауап берді

Ержан Ұзабаев
Фото: gov.kz, видеодан скрин

Алматыда қалалық полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Ержан Ұзабаевтың жүргізушісіне қатысты сот процесі басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Іс бойынша айыпталушы 2025 жылдан бері Алматы қаласы полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Ержан Ұзабаевтың жүргізушісі болып жұмыс істеген полиция қызметкері А.Ж. Айыпталушыға қылмыстық кодекстің 370-бабы 4-бөлігінің 1-тармағы "Ауыр салдарға әкеп соққан қызметтік әрекетсіздік" бойынша айып тағылған.

7 қыркүйекте Медеу аудандық сотында Ержан Ұзабаев өзінің бұрынғы жүргізушісіне қатысты іс бойынша сөз сөйледі.

Оның айтуынша, А.Ж 2025 жылдың мамыр айында оның жүргізушісі болып жұмысқа орналасқан. Оған қызметтік Hyundai Palisade көлігі бекітілген. Ұзабаевтың сөзінше, жүргізуші жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін көлікті гаражға қайтаруы тиіс болған.

"Маған Hyundai Palisade көлігі бекітілген еді. Оны тек жүргізуші басқаратын. Жұмыс күні аяқталғаннан кейін көлік автопаркте, гаражда тұруы тиіс еді", – деді Ұзабаев.

Ержан Ұзабаевтың айтуынша, 20 наурызда жүргізушісі оны арнайы іс-шараға алып барған. Кейін шамамен сағат 21:30-да жүргізуші оны үйіне жеткізген. Ол жүргізушісінің қайда бара жатқанын білмеген.

Ұзабаевтың айтуынша, қызметтік көлікке автопарк жауапты болған. Көлікте GPS орнатылған, алайда сол түні оның қозғалысы не себепті бақылауға алынбағанын ол түсіндіре алмады.

"Көлік құралдарына толықтай автопарк жауап береді. Автопарк басшысы және тыл жөніндегі орынбасар бар. Бұл менің міндетіме кірмейді", – деді Ұзабаев.

Прокурорлар жедел нөмірлерге қатысты да сұрақ қойды. Бұған дейін А. Ж жол-көлік оқиғасынан кейін қызметтік Palisade көлігінің нөмірін ауыстырғанын, алайда мұны не үшін жасағанын түсіндірмеген.

Ұзабаевтың сөзінше, жедел нөмірлерді жүргізушінің өзі орнатып, ауыстырып отырған. Алайда оларды жеке мақсаттағы сапарлар үшін пайдалануға тыйым салынған.

"Жүргізуші автопаркке өзі баянат жазады. Нөмірлерді орнатып, алып тастайтын да – жүргізушінің өзі. Жедел нөмірлерді жеке мақсаттағы сапарларға пайдалануға жол берілмейді. Қандай нөмір тағылғанын білмеймін", – деді ол.

Прокурорлар Ұзабаевтан жол апатына қатысты іс бойынша сотталған Александр Пакпен таныстығы туралы сұрады.

"Мен оны сырттай білетінмін, шетелде бір рет кездейсоқ кездестік. Ешқандай қарым-қатынас болған жоқ. Жүргізушімнің онымен таныс екенін білмедім", – деді Ұзабаев.

Сондай-ақ Ұзабаев өзінің бұрырнғы жүргізушісін жақсы жағынан сипаттап, жұмысқа жауапкершілікпен қарағанын, өзіне жүктелген міндеттердің барлығын толық орындайтынан атап өтті. 

Еске салсақ, бұған дейін блогер Әділетхан Молдахан Әл-Фараби даңғылындағы жол апаты туралы видеосы үшін 2,5 жылға бас бостандығынан айырылғаны туралы жазған едік. Блогердің үстінен дәл осы Алматы ПД бастығының бұрынғы орынбасары Ержан Ұзабаев пен Алматы қаласы әкімшілік полиция басқармасының бұрынғы басшысы Серік Шумаев шағымданған.

Жол апаты туралы толығырақ

21 наурыз күні Алматыдағы Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында жантүршігерлік жол апаты болды. Салдарынан үш адам қаза тапты.

Zeekr маркалы автокөліктің жүргізушісі батыс бағытта келе жатып қарсы жолаққа шығып, жолдағы қарсы бағыттағы Mercedes көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан 29 жастағы Mercedes жүргізушісі мен 20 және 23 жастағы екі жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Zeekr көлігінің жүргізушісі әртүрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.

Айта кетейік мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов те Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апатына Алматы полиция департаментінің жоғары лауазымды қызметкерінің қатысы болуы ықтимал екенін мәлімдеді.

Артынша, жол апатына байланысты полиция департаментінің бірнеше басшысы қызметінен босатылды.

22 маусым күні сот Әл-Фарабидегі апат бойынша сот үкімі шықты. Сот шешімімен адам өліміне әкелген жол апатына қатысты іс бойынша Zeekr жүргізушісі Александр Пак 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 07 Қыркүйек, 2026 20:51