Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда Әл-Фарабидегі апат бойынша сот үкімі шықты

Александр Пак
Фото: Коллаж Stan.kz

Алматыда Әл-Фараби даңғылындағы адам өліміне әкелген жол апатына қатысты іс бойынша Zeekr жүргізушісі Александр Пак 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты атышулы іс бойынша үкім шығарды.

Александр Пак “мас күйде көлік жүргізіп, жол қозғалысы ережелерін бұзу салдарынан абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соқтыру” бабы бойынша кінәлі деп танылды. Сот оны 10 жылға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын қауіпсіздігі ең төменгі мекемеде өтейді.

Сонымен қатар оған өмір бойына көлік басқаруға тыйым салынды.

Сот марқұм Томирис Қыдырбектің әкесінің талабын ішінара қанағаттандырып, Александр Пактан 10 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы өндіру туралы шешім шығарды.

Сот бұған дейін төленген моральдық өтемақы көлемін де ескерген.

Үкім заңды күшіне енген жоқ. Тараптар оған 25 тәулік ішінде шағым түсіре алады.

Жол апаты туралы толығырақ

21 наурыз күні Алматыдағы Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында жантүршігерлік жол апаты болды. Салдарынан үш адам қаза тапты.

Zeekr маркалы автокөліктің жүргізушісі батыс бағытта келе жатып қарсы жолаққа шығып, жолдағы қарсы бағыттағы Mercedes көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан 29 жастағы Mercedes жүргізушісі мен 20 және 23 жастағы екі жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Zeekr көлігінің жүргізушісі әртүрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.

Айта кетейік, мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апатына Алматы полиция департаментінің жоғары лауазымды қызметкерінің қатысы болуы ықтимал деп санайды.

26 наурыз күні депутат өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялады. Ол жариялаған видеода ер адам жарысқа полиция департаментінің бір бөлімше бастығының орынбасары өз қызметтік көлігімен қатысқанын айтқан.

Бейресми мәліметтерге сенсек, ішкі істер органдарының қызметкері, полиция департаменті басшысының орынбасары Ержан Ұзабаевтың қатысы болуы мүмкін. Алайда полиция бұл ақпаратты растамады, бірақ жоққа да шығармады.

Артынша, жол апатына байланысты полиция департаментінің бірнеше басшысы қызметінен босатылды.

Бұл туралы ішкі істер министрі Ержан Саденов хабарлады. Министр жол апатында қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтты.

Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев министрдің бұйрығымен Алматы қаласы полиция департаменті бастығының сыртқы қызметтер мен жол қауіпсіздігін қадағалайтын орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметтерінен босатылғанын мәлімдеді.Әл-Фарабидағы жол апаты

Нұрила Жұмаділлә
Дүйсенбі, 22 Маусым, 2026 17:52