Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Блогер Әділетхан Молдахан 2,5 жылға бас бостандығынан айырылды

Блогер Әділетхан Молдахан екі айға қамауға алынды
Фото: Жеке парақшасынан

Алматыда Әл-Фараби даңғылындағы жол апатына қатысты видеосы үшін істі болған Әділетхан Молдаханға қатысты сот аяқталды.  Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Заңгер блогер Әділетхан Молдахан Қылмыстық кодекстің 274-бабының 3-бөлігі  “Көрінеу жалған ақпарат таратты “деген айыппен 2,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл бапта 5000 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін айыппұл салу, қоғамдық жұмыстарға тарту немесе бас бостандығын шектеу сынды балама жазалар қарастырылған.

Алайда Молдахан 2023 жылы қарақшылық үшін үш жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, теріс себептермен полиция қызметінен босатылды. 

Заңгерлік қызметпен айналыса бастағаннан кейін ол Instagram-да көптеген оқырман жинады. Алматыдағы танымал жол-көлік оқиғасынан кейін кәсіпкер Александр Пак ісінде ол жоғары лауазымды полиция қызметкерлеріне бірнеше айыптаулар айтты. Алматы қаласы полиция департаменті бастығының бүрынғы орынбасары Ержан Ұзабаев пен Алматы қаласы әкімшілік полиция басқармасының бұрынғы басшысы Серік Шумаев оның үстінен арыз жазды.

Өз айыптауларын дәлелдей алмағаннан соң, ол сотта кінәсін мойындап, медиация тәртібімен шешуді сұрады. Сот бұл өтінішті қанағаттандырмады, істі стандартты процедура бойынша қарады.

Нәтижесінде Әділетхан Молдахан 2,5 жылға бас бостандығынан айырылып, оған 5 жылға әлеуметтік желілерде ақпарат жариялауға тыйым салынды.

Еске салсақ, 2026 жылдың 31 наурызында әлеуметтік желіде миллиондаған оқырманы бар блогер әрі заңгер Әділетхан Молдахан қамауға алынған еді. Артынша оған Әл-Фараби даңғылындағы жол апатына қатысты түсірген видеосы арқылы жалған ақпаратты таратты деген айып тағылғаны белгілі болды.

Жол апаты туралы толығырақ

21 наурыз күні Алматыдағы Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында жантүршігерлік жол апаты болды. Салдарынан үш адам қаза тапты.

Zeekr маркалы автокөліктің жүргізушісі батыс бағытта келе жатып қарсы жолаққа шығып, жолдағы қарсы бағыттағы Mercedes көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан 29 жастағы Mercedes жүргізушісі мен 20 және 23 жастағы екі жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Zeekr көлігінің жүргізушісі әртүрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.

Айта кетейік мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов те Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апатына Алматы полиция департаментінің жоғары лауазымды қызметкерінің қатысы болуы ықтимал екенін мәлімдеді.

Артынша, жол апатына байланысты полиция департаментінің бірнеше басшысы қызметінен босатылды.

22 маусым күні сот Әл-Фарабидегі апат бойынша сот үкімі шықты. Сот шешімімен адам өліміне әкелген жол апатына қатысты іс бойынша Zeekr жүргізушісі Александр Пак 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

Қырмызы Скендір
Сейсенбі, 14 Шілде, 2026 15:45