Әл-Фараби даңғылындағы жол апаты: Қаза тапқан қыздың әкесі қайтадан 100 миллион теңге талап етті
Алматы қалалық соты биыл наурызда Әл-Фараби даңғылында болған адам өліміне әкелген жол апатына қатысты қылмыстық іс бойынша апелляциялық шағымды қарады. Сот бірінші сатыдағы үкімді өзгеріссіз қалдырып, жәбірленуші тараптың шағымын қанағаттандырмады.
Алматы қалалық соты 2026 жылдың наурыз айында Әл-Фараби даңғылында болған адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасына қатысты апелляциялық шағымды қарап, бірінші сатыдағы соттың үкімін өзгеріссіз қалдырды.
Іс материалдарына сәйкес, апелляциялық шағымды жол апатынан қаза тапқан жолаушылардың бірінің әкесі берген. Ол азаматтық талап бөлігін қайта қарап, сотталған азаматтан моральдық шығын ретінде 100 миллион теңге өндіруді сұраған.
Сот қаулысында жәбірленуші тарап сотталған адамның кінәсін, оның әрекетінің құқықтық саралануын немесе тағайындалған қылмыстық жазаны дауламағаны көрсетілген. Өз кезегінде сотталған азаматтың адвокаты апелляциялық шағымға қарсылық білдірген.
Апелляциялық алқа істі қарап, Алматы қаласының Мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотының үкімін өзгеріссіз қалдыру, ал жәбірленуші мен оның адвокатының апелляциялық шағымын қанағаттандырмау туралы шешім қабылдады.
Еске салайық, 22 маусымда Алматының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты Қылмыстық кодекстің 345-1-бабының 4-бөлігі (Мас күйде жол қозғалысы ережесін бұзу салдарынан екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелу) бойынша 33 жастағы Александр Пақты кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айырған еді. Сот марқұм Томирис Қыдырбектің әкесінің талабын ішінара қанағаттандырып, Александр Пактан 10 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы өндіру туралы шешім шығарды. Сот бұған дейін төленген моральдық өтемақы көлемін де ескерген.
Қазақстандық үйлену тойының орнына екі әпкесіне үй, қарындасына көлік алып берді (видео)
