Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ауған қараторғайлары торғайларды ығыстырып жатыр ма: Орнитолог құстар санының өзгеруіне не әсер ететінін айтты

торғай мен майна
Фото: Алматылық тұрғынның жеке архиві

Алматы тұрғындары қалада торғайлардың бұрынғыдай көп кездеспейтінін айтып, мәселе көтерді. Олардың сөзінше, бұған бірнеше фактор әсер етуі мүмкін. Бірі қалада көбейіп кеткен майналар (ауған қараторғайлары) торғайларды ығыстырып жатыр деп болжаса, енді бірі жасыл желектің жағдайы мен құстарға қорек жетіспеуін себеп ретінде атады. Осыған байланысты Stan.kz тілшісі Зоология институтының орнитология және герпетология зертханасының ғылыми қызметкері Иван Фроловтан сұхбат алып, экожүйенің неліктен жылдан-жылға өзгеріп жатқанын сұрап білді.

 

“Майналар торғайларға шабуыл жасайды”

Желі қолданушыларының пікірінше, майналар кейінгі жылдары Алматыда жиі кездесетін құстардың біріне айналған. Кей тұрғындар олардың торғайлармен бәсекелестікке түсіп, ұсақ құстарды өз аумағынан ығыстыратынын да атап өтті.

"Бәрін қарақшылар ауған қараторғайлары (майналар) ығыстырып жіберді", "Олар торғайларды өлтіріп, өз аумағын осылай босатады" дейді алматылықтар. 

торғайлар
Фото: instagram.com желісінен скрин

Тағы бір тұрғын торғайларды қайта тарту үшін аулаларға жемсауыт орнатуды ұсынды.

"Қабығы аршылмаған күнбағыс дәні салынған жемсауыттар іліп қойыңыздар. Ұсақ құстар сіздерге тамақ үшін алғыс айтады. Терезе сыртындағы құстарды тамашалау да қуаныш. Құстар жемді бірден байқамауы мүмкін, бірақ бірнеше апта күтіңіздер, кейін олар тұрақты қонаққа айналады", – деп жазды алматылық.

Тұрғындардың тағы бір бөлігі құстар санының азаюын қаланың жасыл желегінің жағдайымен байланыстырды.

"Қаладағы ағаштар ауырып жатыр. Сырттан әкелінген көшеттермен бірге түрлі аурулар келген болуы мүмкін. Бұл да құстардың санына әсер ететін шығар. Ал негізінен оларды ауған қараторғайлары ығыстырып жатыр", – дейді тұрғын.

торғайлар
Фото: threads.com желісінен скрин

Алматы тұрғындарының бірі қаладағы құстар мен жәндіктер санының өзгеруіне алаңдап, экологиялық жағдайға назар аударуды сұрады. Сонымен қатар оның байқауынша, қалада аралар, көбелектер және басқа да тозаңдандырғыш жәндіктердің саны да азайған.

"Майналардың саны күрт өсті, ал торғайлар іс жүзінде жоғалып кетті. Сарышымшықтар, түркептерлер мен сауысқандар да айтарлықтай азайды. Майналардың торғайларға шабуыл жасағанын өз көзіммен көрдім. Сонымен қатар аралар, көбелектер және басқа тозаңдандырғыш жәндіктер де азайғанын байқадым", – деп шағымданды тұрғын.
торғайлар туралы
Фото: instagram.com желісінен скрин

Ол осы жағдайға байланысты тиісті тексеру жүргізіп, қаладағы табиғи тепе-теңдіктің бұзылмағанын бағалауды және қажет болған жағдайда шара қабылдауды сұраған.

“Нақты санақ жүргізетін уақыт келді”

Алматыдағы торғайлардың азаюына қатысты тұрғындардың алаңдаушылығы орнитологтардың да назарынан тыс қалмаған. Зоология институтының орнитология және герпетология зертханасының ғылыми қызметкері Иван Фролов осы мәселенің нақты ауқымын анықтау үшін көпжылдық жүйелі бақылау қажет екенін айтады.

"Қазір Алматыда дәл торғайлардың жаппай қырылғанын растайтын негіз жоқ. Бірақ қала құстарының құрамы өзгеріп жатқаны байқалады. Бұрын адамдар күн сайын көретін үй торғайларының бірнеше маусым қатарынан азаюы ғылыми тұрғыда нақты санақ жүргізуге себеп болатын белгі", – дейді Иван Фролов.

Маманның айтуынша, құстардың қаладағы санының азаюы мен олардың басқа аумақтарға қоныс аударуы екі бөлек құбылыс. Сондықтан торғайлардың азайғанын бірден жаппай қырылумен байланыстыруға болмайды. Қазір ғалымдарға Алматыдағы құстардың ұзақмерзімді, стандартталған есебі жетіспейді.

"Құстардың өлімінің себебін сырттай анықтау мүмкін емес. Ол үшін белгілі бір инфекциялық ауруларға бірнеше зертханалық тест жүргізу керек. Қазіргі уақытта маған кейінгі жылдары Алматыда үй торғайларының жаппай қырылғаны туралы расталған дерек белгілі емес. Жекелеген құстардың өлім жағдайлары бар, зертханалық зерттеулер жүргізіледі, алайда әзірге қандай да бір ауру расталған жоқ", – деп түсіндірді орнитолог.

торғай
Фото: magnific.com

Институт мамандарының айтуынша, мұндай мәселенің бір ғана себебі жоқ. Қалалық ортадағы көптеген өзгеріс құстар мен жәндіктерге бір мезетте әсер етеді.

Ғалым негізгі факторлардың қатарында мыналарды атайды:

  • жасыл желектердің аумағы мен құрылымдық әртүрлілігінің азаюы; 
  • ескі және қуыстары бар ағаштардың кесілуі; 
  • тығыз құрылыс; 
  • қорек қорының өзгеруі; 
  • жасыл желектерді химиялық өңдеу; 
  • климаттың өзгеруі; 
  • жарықпен ластану және қаладағы тұрақты шу. 

Орнитолог химиялық өңдеулердің ықпалын да толық жоққа шығаруға болмайтынын, алайда оны торғайлардың азаюының дәлелденген себебі деп айтуға әлі ерте екенін атап өтті. Оның сөзінше, мәселені құстардың бүкіл қоректік тізбегі арқылы зерттеу қажет.

"Химиялық өңдеуді құстар санының азаюының дәлелденген себебі деп те айтуға, ықтимал факторлардың қатарынан алып тастауға да болмайды. Кейбір препараттар құстарға тікелей зиянсыз болуы мүмкін, бірақ олардың қорегі саналатын жәндіктердің санын азайтады. Ал торғайларға жәндіктер әсіресе балапан басып, оларды қоректендіру кезеңінде өте маңызды", – деп түсіндірді маман.

Иван Фроловтың айтуынша, тұрғындар бір аумақта бірнеше өлі құсты байқаса, жағдайды мүмкіндігінше тез тіркеп, мамандарға хабарлауы керек. Ол үшін оқиға орнын, құстардың өзін суретке түсіріп, нақты мекенжайы немесе геолокациясы, табылған уақыты мен құстардың саны көрсетілгені маңызды. Өлген құстарды жалаң қолмен ұстауға, үйге әкелуге немесе өз бетінше тастауға болмайды. Маман мұндай жағдайда қалалық ветеринариялық қызметке жүгінуді ұсынады. Себебі зерттеу үшін уақыт маңызды. Құс өлгеннен кейін қауіпті патогендер де уақыт өте жойылуы мүмкін.

Майна торғайлардың азаюына себеп пе?

Алматының құстар әлеміндегі өзгерістер туралы сөз болғанда, тұрғындар жиі атап жүрген құстардың бірі – майна (ауған қараторғайы). Иван Фроловтың айтуынша, майна тарихи тұрғыдан Алматының жергілікті орнитофаунасына жатпаған және өз тіршілік ету аймағының кеңеюі нәтижесінде қалаға таралған. Осы тұрғыдан алғанда, оны инвазиялық, яғни сырттан келген түр ретінде қарастыруға болады.

"Майна  (ауған қараторғайы) – экологиялық тұрғыдан бейімделгіш түр. Ол қоректің алуан түрін пайдалана алады, әртүрлі жерге ұя салады және адамның қасында өмір сүруге жақсы бейімделген. Мысалы, қала ғасырлар бойы ауылдық ортаға бейімделіп келген көптеген құс түрлері үшін барған сайын қолайсыз бола түсті. Қалалар өте жылдам өсіп, биік ғимараттар мен зәулім үйлер көбейді. Мұндай ортада құстарға бағдарлау да, ұшу да қиындайды, су мен қорек көздері де аз. Майна мұндай өзгерістерге бейімделе алады, ал үй торғайы, шамасы, оған соншалықты жақсы бейімделе алмайды", – деп түсіндірді орнитолог.

майна құстары
Фото: yujanka.kz

Сонымен қатар халықаралық зерттеулер майнаның басқа қуысқа ұя салатын құстармен ұялайтын орындар үшін бәсекеге түсе алатынын көрсетеді. Алайда бұл деректердің өзі Алматыдағы торғайлардың азаюына нақты майна себеп болып отыр деген қорытынды жасауға жеткіліксіз.

"Майна келді, торғайлар сол себептен жоғалды деген қарапайым схемаға сенуден аулақ болуымыз керек. Майнаның Алматыдағы құстар популяциясына нақты әсерін анықтау үшін бірнеше жыл бойы ұялайтын орындардың пайдаланылуын, көбею нәтижесін және әртүрлі құс түрлерінің саны қалай өзгеретінін салыстырып зерттеу қажет", – деді Иван Фролов.

Айта кетейік, ғимараттарды қайта жөндеу кезінде де осындай жағдай туындайды. Бұл ретте институт мамандары үй торғайына зерттеу жүргізіп, дәл осы құс түрінің колониялық сипатта ұялайтынын анықтаған. Яғни олардың ұялары бір-біріне өте жақын орналасады. Ұялардың шамамен 70%-ы көршілес ұядан 20 метрден аспайтын қашықтықта орналасқан.

Сондықтан ғимаратты жөндеу кезінде шатыр астындағы торғайлар ұялайтын бірнеше орын бірден жойылса, бір ғана ұя салатын орынды емес, тұтас жергілікті колонияның бір бөлігін жоғалтуымыз мүмкін дейді зоолог.

Иван Фроловтың айтуынша, үй торғайлары үшін ескі, аз және орта қабатты ғимараттар орналасқан, айналасында ағаштар мен бұталар бар аумақтар қолайлы. Маманның пікірінше, сол себепті қаланы абаттандыру мен көгалдандыру кезінде тұрғындардың ғана емес, қалада бірге тіршілік ететін құстардың да қажеттіліктерін ескеру маңызды.

Не істеу керек?

Маманның пікірінше, Алматыдағы биоалуантүрлілікті сақтау үшін тек жасыл желектің көлемін емес, оның сапасы мен әртүрлілігін де ескеру қажет. Ескі ағаштар, бұталар, шөптесін аумақтар, су көздері және бір-бірімен байланысқан жасыл аймақтар құстар мен жәндіктер үшін маңызды.

Ғалым қалада тұрақты мониторинг жүйесін енгізудің қажеттігін де атап өтті. Қазір зерттеушілерде ғылыми жұмыстар, мамандардың бақылауы және тұрғындардың деректері бар, бірақ олар әртүрлі әдіспен жиналған. Сондықтан бірнеше жылға созылатын бірыңғай бағдарлама қажет.

"Үш жылдық бағдарлама – қажетті алғашқы қадам. Ал мұндай мониторингті бес, он, он бес жылға алдын ала жоспарлау керек. Бір жылдағы нәтиже кездейсоқ жағдайларға байланысты болуы мүмкін. Көктемнің суық болуы, жазғы құрғақшылық немесе жәндіктердің жаппай көбеюі. Ал қатарынан бірнеше жыл жүргізілген бақылау кездейсоқ өзгерістерді тұрақты үрдістерден ажыратуға мүмкіндік береді", – деп түсіндірді Иван Фролов.
торғайдың ұясы
Фото: crimea24tv.ru

Иван Фролов қала тұрғындарының да бұл іске үлес қоса алатынын айтады. Мысалы, құстардың жаппай қырылған жағдайларын хабарлау, аулалардағы бұталар мен гүлді өсімдіктерді сақтау, қажетсіз жағдайда инсектицидтерді қолданбау және iNaturalist сияқты азаматтық ғылым жобаларына қатысу маңызды.

Орнитолог Иван Фролов
Фото: Фото: Зоология институтының орнитология және герпетология зертханасының ғылыми қызметкері Иван Фролов

Оның айтуынша, биоалуантүрлілік мәселесіне түр мүлдем жоғалып бара жатқан кезде ғана емес, өзгеріс енді басталған сәттен бастап назар аудару керек. Үй торғайларының мәселесі соның бір мысалы. Бұрын қала өмірінің ажырамас бөлігі болған мұндай құстардың азаюын тұрғындар енді анық байқап отыр. Сондықтан мониторингтің мақсаты құстар азайып кеткеннен кейін себеп іздеу ғана емес, өзгерісті ертерек байқап, алдын алу шараларын қабылдау дейді орнитолог Иван Фролов.

Шетелде құстарды қорғау үшін үйлерге арнайы ұя салатын орындар орнатылады

Шотландияда қалалардағы құстардың азаюына байланысты олар үшін қолайлы орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Соның бірі – жаңа ғимараттарда құстарға арналған арнайы ұя салатын орындарды қарастыру.

Бірнеше жыл бұрын жануарларды қорғаушылардың бастамасымен Шотландияда жаңа ғимараттардың жобасына құстарға арналған арнайы элементтерді енгізу туралы талап қабылданған. Құрылысшылар жаңа үйлерге құстар, соның ішінде торғайлар, сарышымшықтар және стриждер мекендей алатын арнайы орындар орнатуға тиіс. Мұндай шешім құстардың қала жағдайында ұя салуына мүмкіндік береді.

Құстар үшін тек ұялайтын орынның болуы жеткіліксіз. Оларға қорек те қажет. Сондықтан мамандар қалаларда гүлдейтін өсімдіктер мен табиғи шөптесін аумақтарды көбірек сақтауға шақырады. Әсіресе әртүрлі жабайы өсімдіктер жәндіктерді тартады. Ал жәндіктер көптеген ұсақ құстардың негізгі қорегінің бірі саналады.

Құстарға жаз мезгілінде су да қажет. Осыған байланысты тұрғындарға аулаларға, балкондарға немесе терезе алдына арнайы құс суаттарын қою ұсынылады. Қарапайым ыдысқа су құюдың өзі құстар үшін маңызды көмек болуы мүмкін.

Сонымен қатар құстарға арналған арнайы ұяларды да орнатуға болады. Мысалы, құс үйшігінің кіреберісіндегі тесіктің өлшемі шамамен 32-35 миллиметр болуы ұсынылады. Мұндай өлшем ұсақ құстарға қолайлы, ал тым үлкен тесік басқа, ірілеу құстардың ұяны иеленуіне мүмкіндік беруі мүмкін.

Шотландия тәжірибесінде тағы бір маңызды мәселе ғимараттарды жобалау кезінде құстардың табиғи мекендеу ерекшеліктерін ескеруі. Қазіргі жаңа үйлерде бұрын болған шатыр астындағы саңылаулар мен карниздер азайғандықтан, құстардың ұя салатын орындары да қысқарып келеді. Сондықтан арнайы кірпіштер, ұя қуыстары немесе басқа да қауіпсіз орындар жасау олардың қалада тұрақтап қалуына мүмкіндік береді.

Дәл осындай тәжірибе Алматы үшін де өзекті болуы мүмкін. Яғни құстарды қорғау тек жемсауыт іліп қоюмен шектелмейді. Оларға ұялайтын орын, қорек, су, бұталар, ескі ағаштар және жәндіктер мекендейтін табиғи аумақтар қажет. Шотландия тәжірибесі қаланы дамыту мен құстарға қолайлы ортаны қатар қалыптастыруға болатынын көрсетеді.

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 28 Қыркүйек, 2026 17:02