Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Таразда жүкті әйелді жаяу жүргіншілер өткелінде көлік қағып кеткен: Ол тергеу жүргізілмегеніне шағымданды

Жүкті әйел жол апаты
Фото: Жасанды интеллект көмегімен

Қазақстандық желіде Таразда жаяу жүргіншілер өткелінде көлік қағып кеткен жүкті әйелдің жанайқайы тарады. Оның айтуынша, жол апатынан кейін денсаулығына зақым келіп, жүктілігіне байланысты асқынулар туындаған. Алайда екі апта өтсе де, сот-медициналық сараптама жүргізілмеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Тараз тұрғыны желіде басшылықтан көмек сұрады. Айтуынша оқиға 14 қыркүйекте Төле би көшесінде болған.

“Тараз тұрғындары мен Жамбыл облысының құзырлы органдарынан назар аударуды сұраймын. 14 қыркүйек күні дәл жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқанымда, қара түсті көлік мені қағып кетті. Өзім жүкті едім. Жол-көлік оқиғасынан кейін денсаулығыма байланысты бірқатар мәселе туындады. Дәрігерлер ми шайқалғанын анықтады. Сонымен қатар жүктілігіме байланысты асқынулар пайда болды. Мұндай жағдайдан кейін ең бірінші кезекте болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, дене жарақаттарын тиісті түрде тіркеп, қажетті сараптамалардың барлығын жүргізу керек деп ойлаймын. Алайда арада уақыт өткен сайын мен мүлде басқа мәселеге тап болдым”, – деді ол. 

Әйелдің айтуынша, оқиғадан соң онымен ешкім тиісті деңгейде байланысқа шықпаған. Сот-медициналық сараптама да жүргізілмепті.

“Істің қазір қай кезеңде тұрғанын, қандай шаралар атқарылып жатқанын да білмеймін. Істің неге тиісті деңгейде жылжымай тұрғаны түсініксіз. Мен жүкті әйелмін. Осы оқиғадан кейін күн сайын өз денсаулығым үшін ғана емес, құрсағымдағы баламның денсаулығы үшін де алаңдап жүрмін. Бұл мен үшін жай ғана формальды мәселе емес. Жол-көлік оқиғасының салдары жүктілігіме және баламның денсаулығына әсер етуі мүмкін. Мен ешкімді дәлелсіз кінәлауды сұрап отырған жоқпын. Менің талап етіп отырғаным оқиғаға толық әрі объективті тексеру жүргізу, жол-көлік оқиғасының барлық мән-жайын анықтау және алған жарақаттарымның барлығын заң аясында тіркеу”, – деп қосты ол.

Тұрғын арада екі апта өткендіктен кейбір жарақаттарды бастапқы күйінде дәлелдеу қиындай түскенін алға тартты. Айтуынша, оны қаққан қыз бала болған. Ол қазір мәселенің уақытылы қаралуын талап етіп отыр. 

“Неліктен менімен ешкім байланысқа шықпады? Неліктен сот-медициналық сараптама әлі жүргізілген жоқ? Көлік жүргізген қыздың жас екенін түсінемін. Менің мақсатым біреуді жазалау немесе кінәлі ету емес. Мен үшін ең маңыздысы болған жағдайдың әділ әрі объективті түрде қаралуы және заң аясында тиісті шаралардың қабылдануы. Бұл жерде мәселе бір адамның тағдырында ғана емес. Мен қазір анамын және өзімнің де, болашақ баламның да қауіпсіздігі мен денсаулығы үшін алаңдаймын. Өтінішім назардан тыс қалмаса екен”, – деп қорытты ол.

Әйел осыған байланысты Жамбыл облысының және Тараз қаласының департаментінен, прокуратурадан және басқа да құзыретті органдардан аталған жағдайға назар аударып, тиісті тексеру жүргізуді сұрады.

Stan.kz редакциясы оқиғаға байланысты Жамбыл облысының полиция департаментінен пікір сұрады. 

“Аталған жол-көлік оқиғасына байланысты Volkswagen Golf маркалы автокөліктің жүргізушісі анықталды. Жүргізушіге қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 610-бабы 2-тармағы (жәбірленушінің денсаулығына жеңіл зиян келтіру) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Қазіргі уақытта іс бойынша сот-медициналық сараптамасы тағайындалды. Қорытындысына сәйкес тиісті процестік шешім қабылданатын болады”, – деді ведомство.

Бұл бап бойынша қолданыстағы 2026 жылғы редакция бойынша 40 АЕК (173 000 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады немесе 9 айға дейін көлік басқару құқығынан айыру жазасы қарастырылған.

Гүлсезім Мұхатай
Дүйсенбі, 28 Қыркүйек, 2026 17:58