Жезқазғанда мектеп пен аурухана салған құрылысшылар үш айдан бері жалақыларын ала алмай жүр
Ұлытау облысында мектеп пен ауруханада құрылыс жұмыстарын жүргізген құрылысшылар өз еңбегінің ақысын ала алмай жатыр. Сөздерінше, өз ақысын ала алмай жүргендеріне 3 айдың көлеміндей болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Құрылысшылардың бірі редакциямызға сұхбат берді. Сөзінше, Жезқазған өңірінде көктем айынан бері жұмыс істеп келе жатыр. Өзі Қызылорда қаласынан Жезқазғанға келген.
“Негізінде біз Сәтбаев қаласының ауруханасында жаңарту жұмыстарын бастадық. Кейін ол жақтағы жұмысты уақытша тоқтата тұрды да, бізді Жезқазған қаласына жіберді”, – деді құрылысшы.
Құрылысшылар Жезқазған қаласындағы №13 мектептің ішкі қабырғаларын сылап, тегістеген. Оның айтуынша, 40 шақты құрылысшы болып ж9мысты бастаған. Алайда уақыт өте келе соңында тек 5 жігіт болып қалған.
"Жоғарыдан ақша аударылды дейді, алайда басшымыз "әлі қаражат түскен жоқ" дейді. Соңғы рет хабарласқанымызда, банктен несие алып, біздің айлығымызды төлеудің қамын жасап жатқанын айтты", – деді құрылысшы.
Құрылысшы бұған дейін көктем айларында айлықты уақытылы төлеп келгенін, бірақ соңғы уақыттарда ғана жалақының кешіккенін мәлімдеді. Сөзінше, 1 млн 332 мың теңге берешек болған.
“Қыркүйек айында облыс әкімі жұмысымызға келіп, тексеріп кетті. Осы мәселені көтере отырып әлеуметтік желіде ол кісіні белгіледім. Алайда әкім белгілегенімді көре тұра, ешқандай жауап жазбады”, – деді құрылысшы.

Құрылысшы қазір Қызылорда облысында жалдап тұрып жатқан үйінің ақшасын да төлей алмай, қиын жағдайда қалғанын айтты.
Оқиғаға Ұлытау облысының білім басқармасы да жауап берді. Өз жауабында "Ұлытау облысының білім басқармасы" мемлекеттік мекемесінің "Жезқазған қаласының білім бөлімі" мемлекеттік мекемесі тапсырыс беруші ретінде №13 ЖББ мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін "СК ЭкоСтрой Групп" ЖШС-мен тиісті шарт жасасқан.
“Бүгінде мердігер ұйым тарапынан ұсынылған, орындалған жұмыстар актілері мен төлем құжаттарына сәйкес тапсырыс беруші өзіне тиесілі барлық қаржылық міндеттемелерді толық көлемде және белгіленген мерзімдерде орындады. Орындалған жұмыстар бойынша мердігер ұйым алдындағы төлемдердің кешіктірілуі немесе жүргізілмеуі фактілері жоқ”, – деп жауап берді Ұлытау облыстық білім басқармасы.
Өз жауабында Облыстық білім басқармасы тапсырыс беруші тарапынан мердігер ұйымға тиісті төлемдердің толық көлемде әрі уақытылы жүргізілгенін мәлімдеді.
Баланы бұрышқа тұрғызу тәрбие ме, әлде психологиялық зорлық па