Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өзбекстанда жарысқа барып уланған балалар елге оралып, ауруханада ем алып жатыр

Балалар (1)

Өзбекстанға футзалдан халықаралық жарысқа барып, астан уланған балалар Қарағандыға жеткізілді. Денсаулығы сыр берген 23 адам қалаға келе сала, жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылған. Оның 15-і бала, 8-і ересек адам. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

8-9 жастағы жас футболшылар Ташкентке жарысқа барған. Алайда спорт додасы жайына қалды. Балалардың жағдайы қонақ үйдегі таңғы астан кейін күрт нашарлаған. Қуырылған жұмыртқа жеген соң, спортшылардың қызуы көтеріліп, жүрегі айнып, іші өткен. Медициналық көмекке 23 адам жүгінген. Алғашқы талдау нәтижелері ішек және вирус инфекциясын анықтады.

Аталмыш оқиғадан кейін турнир тоқтатылып, Өзбекстанның құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғады. Жас спортшылардың бір бөлігі ересектермен бірге елге пойызбен оралса, қалғаны ұшақ билетін күткен. Қарағандыға жеткен соң, науқастар, 15 бала мен 8 ересек адам жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілді.  

“Қазір барлық науқас асқазан-ішек жолдарының зақымдануымен өтетін жедел инфекциялық жағдай диагнозымен ауруханада емделіп жатыр. Науқастардың жағдайы орташа ауыр. Диагностикалық және емдеу шаралары толық жүргізіліп жатыр”, – деді Қарағанды облыстық клиникалық ауруханасы, инфекциялық орталық жетекшісі Ержан Жүнісов.

Еске салсақ, бұған дейін Ташкентке жарысқа барған 16 бала таңғы астан уланып, ауруханаға түскені туралы жазған едік. 

Назархан Уән
Сенбі, 07 Қараша, 2026 08:38