Гарвард пен тоғыз тіл: Желі қолданушылары қазақстандық оқушының жетістіктеріне күмән келтірді

Қазақстандық БАҚ беттерінде Айханым Оқасова есімді оқушы қыздың Гарвард университетіне оқуға шақырту алғаны туралы ақпарат тарады. Сонымен қатар оның шетелдегі басқа да университеттерге қабылданғаны, тоғыз тіл білетіні және FLEX бағдарламасына қатысқаны айтылды. Десе де оның жетістіктеріне қатысты күмән туындады. Даниял Сүлеймен есімді желі қолданушысы білім алушының құжаттарын тексеріп, Гарвард пен Миннесота университетіне ресми сауал жолдаған. Нәтижесінде екі оқу орны да қабылдау туралы хаттардың түпнұсқа емес екенін мәлімдеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бәрі неден басталды?
Айханым Оқасова туралы ақпарат алғашында Digital Business басылымында жарияланған. Басылым Павлодардағы №47 мектептің 11-сынып оқушысы Гарвард университетіне оқуға қабылданғанын хабарлады.
Олардың дерегінше, 17 жастағы оқушыға Гарвард университетінің Harvard Extension School бөліміндегі Bachelor of Liberal Arts (ALB) бағдарламасы бойынша білім алу ұсынылған. Басылым оның оқу ақысын толық өтейтін грант иеленгенін де жазды. Айханымның айтуынша, қабылданғаны туралы хат оған 30 қазанда келген. Ал оқуын 2027 жылдың күзінде бастауды жоспарлаған.
Оған қоса оқушы тоғыз тіл меңгергенін, TOEFL емтиханынан 110 балл жинағанын айтқан. Сонымен қатар қытай тілінен HSK 5 сертификатын алғанын және корей тілі бойынша біліктілік сынағынан өткенін жазған.һСонымен қатар Айханым тіл үйрету саласында тәжірибесі барын, осы уақытқа дейін 700-ден астам оқушыға сабақ бергенін мәлімдеген. Оған қоса, Ailingo атты тіл үйренуге арналған білім беру платформасын дамытып жатқанын жеткізген.
Айханым Гарвардтың аталған бағдарламасына 2025 жылы, 10-сыныпта оқып жүрген кезінде қызығушылық танытқан. Болашақта педагогика, шет тілдері және білім беру технологиялары бағытында білімін жетілдіріп, алған тәжірибесін Қазақстандағы білім саласын дамытуға пайдалануды көздейтінін айтқан.
Алайда көп ұзамай оқушының жетістіктеріне қатысты күмән туындады.
Шетелдік екі университеттен шақырту алғаны рас па?
Даниял Сүлеймен есімді желі қолданушысы Айханымның Гарвард университетіне оқуға қабылданғаны туралы мәлімдемесін тексеріп көрген. Ол әуелі оқушының Гарвардқа түскен уақытын тексеріп, тікелей университеттің өзіне сауал жолдаған.
“Айханым Гарвардқа қазан айында қабылданғанын мәлімдеген. Алайда Гарвардқа ерте өтініш беру тәртібі (Early Decision) бойынша тапсырған талапкерлердің қабылдау нәтижелері, әдетте, желтоқсан айында жарияланады. Оған қоса, оқушының түскенін айтқан Bachelor of Liberal Arts бағдарламасына қатысты да сұрақтар бар. Бұл бағдарламаға қабылдану үшін үміткердің мектепті бітіргеніне кемі 5 жыл болуы керек. Ал Айханым қазір 11-сыныпта оқиды”, – деп жазды ол.
Бұдан бөлек желі қолданушысы оқушы иеленген International Student Scholarship грантын тексеріп көрген. Оның айтуынша, Harvard Extension School-да мұндай атаумен грант қарастырылмаған.
“Осы күмәнді жайттарды анықтау үшін Айханымның әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланған қабылдау туралы хатты тікелей Гарвард университетіне жолдап көрдім. Университет өкілдері жауап хатында бұл құжаттың жалған екенін мәлімдеді”, – деп жазды ол.
Ол оқушының Гарвардқа қабылданғаны туралы жаңалықты естіген сәті түсірілген видеосына назар аударған. Оның пікірінше, роликте университеттің оқуға ресми қабылдағаны экранда көрсетілмейді.
Миннесота университеті де құжатты растамаған
Күмән тудырған құжаттардың бірі – University of Minnesota Twin Cities университетінен келгені айтылған хат.
“Айханым әлеуметтік желідегі стористерінің бірінде осы оқу орнына қабылданғаны туралы құжат жариялаған. Оны да университет өкілдеріне жіберіп, түпнұсқа екенін тексеруді сұрадым. Десе де университет өкілдері бұл құжаттың да шынайы емес екенін жеткізді. Тіпті хат жасанды интеллект көмегімен жасалған болуы мүмкін екенін де айтқан”, – деп жазды ол.

Осылайша, екі университет те Айханымның оқуға қабылданғанын растамады. Бұл оның өзге де жетістіктеріне қатысты күмән туғызды.
FLEX бағдарламасына қатысқаны рас па?
Айханым FLEX 2025–2026 халықаралық алмасу бағдарламасына қатысқанын да мәлімдеген. Алайда желі қолданушысы оның бұл жетістігін растайтын құжатты да тексеріп шығыпты. Айтуынша, оқушы жариялаған суретте тек “Өтініш жібергеніңіз үшін рақмет” деген мазмұндағы хабарлама бар.
“Ал FLEX бағдарламасына өтініш беру мен оның қатысушысы атану – екі бөлек нәрсе. FLEX (Future Leaders Exchange) – мектеп оқушыларына АҚШ-та бір оқу жылын өткізуге мүмкіндік беретін халықаралық алмасу бағдарламасы. Оған қатысу үшін үміткерлер бірнеше кезеңнен тұратын іріктеуден өтуі керек. Демек, өтініштің қабылданғаны туралы хабарлама оқушының бағдарламаның жеңімпазы атанғанын немесе АҚШ-қа оқуға барғанын білдірмейді”, – деп жазды желі қолданушысы.

Желі қолданушысы Айханымның АҚШ-та болғанын растайтын фото да көрмегенін айтады.
Тоғыз тіл білемін дегеніне де күмән келтірді
Айханым туралы тараған ақпараттағы тағы бір ерекше дерек – оның тоғыз тіл меңгергені.
Алайда желі қолданушысы бұл мәлімдемеге де күмән келтірген. Оның айтуынша, корей тілін білетін достары оқушының осы тілде жариялаған жазбаларын қарап шығып, тілдік деңгейіне қатысты бірқатар сұрақ қойған.
Олар мәтіндегі грамматикалық және құрылымдық қателерге назар аударған. Ол қыздың 9 тіл меңгергені туралы мәлімдемені нақты құжаттармен немесе тіл деңгейін растайтын нәтижелермен дәлелдеу керегін айтты.

Сонымен қатар оқушының парақшасында Пекин университетінің логотипі бар Chinese for HSK 5 сертификаты жарияланған.
Алайда желі қолданушысының сөзінше, бұл – Coursera платформасында ұсынылатын онлайн курстың атауы. Ол қытай тілін меңгеру деңгейін бағалайтын HSK 5 халықаралық емтиханының сертификатымен бірдей емес.
Сондықтан аталған курсты аяқтағаны туралы құжат оқушының HSK 5 емтиханын тапсырғанын растамайды.
Оған қоса, жарияланған суретте мөрлері бар құжаттың толық нұсқасы емес, тек бір бөлігі ғана көрінеді. Осыған байланысты оның түпнұсқалығына қатысты да сұрақтар туындаған.
Оқушының білім беру орталығы да назарға ілікті
Бұл оқиғадағы тағы бір маңызды жайт – Айханым желіде өз жетістіктерін жариялаумен ғана шектелмейді. Ол ailingo.global атты білім беру орталығын жүргізіп, балаларға тіл үйретеді.
Даниял Сүлейменнің пікірінше, оқушының жетістіктеріне қатысты күмән туындаса, бұл жағдайға орталықта білім алып жүрген балалардың ата-аналары да назар аударуы керек. Өйткені олар балаларының білімі үшін қаражат төлеп, орталыққа сенім артады.
Даниял Сүлеймен бұл жағдайға Павлодар қаласының тұрғыны ретінде ерекше қынжылатынын жеткізген. Себебі Айханымның жетістіктері туралы ақпаратта Павлодар қаласы жиі аталады.
Оның сөзінше, өңірде жылдар бойы еңбектеніп, халықаралық олимпиадаларда, ғылыми байқауларда және түрлі білім сайыстарында жоғары нәтиже көрсетіп жүрген оқушылар бар. Алайда олардың еңбегі көпшілікке дәл осындай деңгейде таныла бермейді.
Желі қолданушысы бұл оқиғаны көпшілікке таратып, желідегі ақпараттың бәріне бірдей сене бермеуді сұрады.
Оқушының анасы үндеу жасады
Айханымның анасы Әсия Оқасова қызына екі университеттен келген шақыртулардың мән-жайын анықтайтынын мәлімдеді.
“Менің ойымша, баламның электрондық поштасын біреу бұзып кіріп, оны мазақ еткен. Қазір ана ретінде баламды қорғағым келеді. Қызымды жақсы білемін. Оның ешнәрсені ойдан шығармайтынына сенімдімін. Әлемге танылуды көздеп отырған жоқпыз, мұның бәрі ақымақтық екенін түсініңіздер. Біреу оның поштасын бұзып, келеке еткен болуы мүмкін. Бұл құжаттар 30 қазанда жіберілген. Қызыма жаман сөз жазып, оны желіде мазақ етпеулеріңізді сұраймын. Бұл мәселені міндетті түрде анықтаймыз”, – деді Әсия Оқасова.
“Жеті тілді жетік меңгерген”
Әсия Оқасова қызының полиглот екенін де растады. Оның айтуынша, Айханым жеті тілді жетік меңгерген, тағы екі тілде сөйлесе алады. Сонымен қатар ол қызының аудармашы болып жұмыс істейтінін және шетелдік қонақтармен кездесулерде әріптестеріне көмектесетінін жеткізді.
Бұдан бөлек, Айханымның репетиторлықпен айналысатынын айтты.
“Қызым мектептен кейін оқушыларға сабақ береді. Кейде кешкі сағат 22:00-ге дейін жұмыс істейді. Оның шәкірттері әртүрлі елден”, – деді оқушының анасы.
Анасы қызының өз еңбегімен пәтер сатып алғанын айтты. Оның сөзінше, Айханым бірінші сыныпқа барған кезде оған “Жилстройбанктен” есепшот ашылған. Ал қызы 18 жасқа толғанда баспана сатып алу үшін ақша жинауды ұсынған екен.
Содан бері қызы алған сыйлықтары мен өзі тапқан қаражатын жинап келген. Тіпті даяшы болып жұмыс істеп, аудармашылық қызмет көрсеткен.
“Пәтердің алғашқы жарнасын өзі төледі. Қазір ипотекасын да ай сайын өзі өтеп жүр. Алайда қызым кәмелетке толмағандықтан, баспана әпкесінің атына рәсімделген”, – деді Әсия Оқасова.
Мәскеу мемлекеттік университетінен де шақырту алған
Әсия Оқасова қызының Мәскеу мемлекеттік университетіне (ММУ) оқуға шақырту алғанын айтты. Оның сөзінше, университет Айханымға оқу ақысына 50% жеңілдік ұсынған.
Бұдан бөлек, оқушыға осы университет жанындағы ғылыми жобаға қатысу туралы ұсыныс түскен.
“Оған арнайы мүмкіндік беріліп, жобаға қатысу туралы ұсыныс түсті. Бұл ақпаратты тиісті құжаттармен растауға дайынмын. Ал Гарвард пен басқа да шетелдік университеттерден келген шақыртуларға қатысты жағдайды әлі де анықтаймыз”, – деді әйел.
“Киберполицияға жүгінемін”
Ол сөзін дәлелдеу үшін шетелдік университеттерден келген шақырту хаттарын көрсетті. Сонымен қатар ол киберполицияға барып, ресми арыз түсіретінін айтты.
“Бұған дейін де киберполицияға жүгінген едім. Себебі екі-үш апта бұрын қызыма біреулер оның “Алтын белгіге” лайық емес екенін жазған. Кейін басқа парақшадан: "Сен туралы не жазылып жатқанын көрдің бе? Өліп қалсаңшы" деген хабарлама келген. Біреудің қызыма өшігіп жүргенін түсініп отырмын. Мұның бәрі балалар арасындағы қызғаныштан басталған болуы мүмкін. Сондықтан ана ретінде бұл жағдайды соңына дейін анықтаймын. Қызымды желіде келеке етпеулеріңізді сұраймын”, – деді Әсия Оқасова.
Айханым Охасованың өзі не дейді?
Айханым Оқасова өзіне тағылған айыптарға түсініктеме берді. Ол әңгіме Гарвард колледжіне емес, Harvard Extension School-ге қатысты екенін айтты. Оның айтуынша, бұл – университеттің талабы мен оқуға қабылдау мерзімдері әртүрлі екенін жеткізді.
“Құжаттарды 2025 жылы тапсырдым. Ал жауабын 2026 жылдың қазан айында алдым. Мен құрған Ailingo білім беру платформасы Гарвард өкілдерімен ынтымақтастық орнатқан. Ал қазір университет профессорының бірімен бірлесіп ғылыми зерттеу жүргізіп жатырмын”, – деді оқушы.
Оқушы құжаттар мен шақырту хаттарындағы қолтаңбаларға қатысты түсініктеме алу үшін Гарвард университетініе хабарласқанын айтты.

Білім басқармасы не дейді?
Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Павлодар облыстық білім басқармасынан мән-жайды сұрады. Басқарма қазір аталған жағдайдың барлық мән-жайы жан-жақты анықталып жатқанын мәлімдеді. Нақты ақпарат белгілі болған соң ресми түсініктеме беретінін айтты.
Айта кетейік, бұған дейін 2027 жылы қазақстандық оқушылар шетелдік университеттер де қабылдайтын жаңа тест тапсыратыны туралы жазған едік.
Гарвард пен тоғыз тіл: Желі қолданушылары қазақстандық оқушының жетістіктеріне күмән келтірді