Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

15 жастағы қызбен жыныстық қатынасқа түскені үшін сотталған қазақстандықтың колониядан денесі табылды

қызбен жныстық қатынасқа түскені үшін сотталған жігіт
Фото: HALYQSTAN

Павлодарда колонияда 15 жастағы қызбен жыныстық қатынасқа түскені үшін 12 жылға сотталған 20 жастағы жігіттің денесі табылды. Алдын ала мәлімет бойынша, ол өз-өзіне қол жұмсаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

HALYQSTAN Telegram арнасының дерегінше, қазір жігіттің өліміне қатысты тергеу жүріп жатыр.

“Оқиға 2025 жылы басталған. Сол кезде 19 жастағы жігіт 15 жастағы мектеп оқушысымен танысқан. Екеуі Instagram желісінде хат жазысып, кейін қыздың үйінде кездескен. Сол жерде олардың арасында жыныстық қатынас болған. Қыздың анасы бұл жағдайдан хабардар болып, полицияға арызданған. Қарым-қатынас екі жақтың келісімімен болғанына қарамастан, заң бойынша 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынасқа түсуге тыйым салынған. 2026 жылғы сәуірде сот жігітті 12 жылға бас бостандығынан айырған”, – делінген хабарламада.

Павлодар облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті сотталушының өз-өзіне қол жұмсағанын мәлімдеді. Осы дерекке байланысты қылмыстық іс қозғалған. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Еске салсақ, бұған дейін Павлодарда екі жасөспірім қызды зорлаған сотталушы іш киімін шешпегені үшін қайта сотталған еді. Ол түрмеде белгіленген тәртіпке бағынбай, қызметкерлердің талабын орындаудан бас тартқан. 

Гүлсезім Мұхатай
Жұма, 06 Қараша, 2026 15:06