Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодарда екі жасөспірім қызды зорлаған сотталушы іш киімін шешпегені үшін қайта сотталды

түрме
Фото: Pexels

Екі апалы-сіңлілі қызды зорлағаны үшін сегіз жылға сотталған жігіттің жазасына тағы бір жарым жыл қосылды. Ол түрмеде белгіленген тәртіпке бағынбай, қызметкерлердің талабын орындаудан бас тартқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Irbistv.kz-ге сілтеме жасап  хабарлайды.

2023 жылдың қыркүйегінде 20 жастағы жігіт Екібастұзда 8 және 13 жастағы екі қызды зорлағаны үшін кінәлі деп танылған. Қылмыс жасаған кезде оның өзі де кәмелетке толмаған екен. Сот оны сегіз жылға бас бостандығынан айырған.

Жазасын №46 мекемеде өтеп жүрген жігіттің түрме тәртібін бірнеше рет бұзғаны анықталды. Сот үкімінде оның сақал-мұртын алудан бас тартқаны, кезекшілік кезінде міндетті баяндама жасамағаны айтылған. Ал 2026 жылдың наурызында түрме қызметкерлері тыйым салынған заттарды анықтау үшін тексеріс жүргізген. Сол кезде де сотталушы қызметкерлердің заңды талабына бағынбаған.

"2026 жылдың наурызында таңертеңгі тексерістен кейін әріптестеріммен бірге жазасын өтеудің қатаң жағдайлары белгіленген жасаққа тінту жүргізуге бардық. Алдымен бөлмелерді толық тексеріп, кейін сотталғандарды жеке-жеке тексердік. Олар ішкиіміне дейін шешінуі керек еді. Алайда сотталушы К. шешінуден бас тартып, заңды талаптарды орындамады және агрессия көрсетті", – делінген №46 мекеме жедел бөлім бастығының орынбасары Каировтың соттағы жауабында.

Осы оқиғадан кейін сотталушыға қатысты қылмыстық іс қозғалған. Сот іс материалдарын, сотталушыға берілген мінездемелерді және куәгерлердің жауаптарын зерттеп, оның кінәсі дәлелденді деген қорытындыға келген.

Нәтижесінде жігітке қосымша бір жыл алты ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Енді ол жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары колонияда өтейді.

Еске салсақ, бұған дейін қайырымдылыққа жиналған қаржыны жымқырғаны үшін 10 жылға сотталған Перизат Қайраттың түрмеде еден жуушы болып жұмыс істеп жүргенін жазған едік. Ал жеті жылға бас бостандығынан айырылған анасы Ғайни Алашбаева әзірге жұмысқа орналастырылмаған. Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Перизат Қайраттың жалақысы мен жұмыс кестесі туралы мәлімет берген жоқ.

Қарлығаш Асқарова
Жұма, 06 Қараша, 2026 11:33