Алматылықтар тұмшаға тұншығып жатқанын айтып, дабыл қақты: Қай ауданның тұрғындары қауіпті аймақта орналасқан
Алматылықтар шаһардағы ауа сапасына шағымданып, оның адам өміріне қауіпті екенін айтып, дабыл қағып жатыр. Әсіресе, қазан айының соңында қаладағы тұмша үдеп, ауа сапасы қатты нашарлаған. Мамандар Stan.kz редакциясына берген жауабында Алматы ауасының қазіргі жағдайы мен экологиялық ахуалы туралы баяндады.
Соңғы күндері әлеуметтік желілерде Алматыдағы ауа сапасына қатысты шағымдар көбейді. Қала тұрғындары датчиктер ауаның ластану деңгейі жоғары екенін көрсететін қосымшалардың скриншоттарын жариялап жатыр.

“Алматы, біз күн сайын не үшін жұмыс істеп, ақша тауып, болашаққа жоспар құрамыз? Біздің ауамен тыныстауымыздың өзі өзімізге және балаларымызға зиян. Датчиктердің деректеріне сүйенсек, өткен аптада тұмшаның салдарынан әрқайсымыз, баладан бастап қарттарға дейін шамамен бір қорап темекі шеккендей зиянды зат жұтқанбыз. Өмірінде қолына темекі ұстап көрмеген адамдар да лас ауамен тыныстауға мәжбүр. Біз мәселе өз басымызға түспейінше үнсіз отырамыз. Алайда ауа сапасы – барлығына ортақ мәселе. Ол сенің балаларыңа да, ата-анаңа да, өзіңе де тікелей әсер етеді. Almaty Air Initiative ұйымының ресми дашбордындағы қала орталығында орналасқан датчиктердің соңғы жеті күндегі көрсеткіштері алаңдатып отыр. Онда ауа ластануының темекі түтінімен салыстырғандағы шартты көрсеткіші 16,8 темекіге тең деп көрсетілген. Яғни, біз күніне шамамен 2-3 темекі шеккендей зиянды заттарды еріксіз жұтып жүрміз”, – деп жазды желі қолданушысы.

“Енді ресми түрде бүкіл қала үшін тұмша маусымы басталды. Наурыз айының ортасына дейін, пеште көмір жағуды тоқтағанша, түтін ешқайда кетпейді. Сондықтан өз денсаулығымызды қорғауды үйренуіміз керек. Taza Air қосымшасын жүктеп алыңыз. Онда ауа сапасы туралы ең өзекті мәліметтер жарияланады. Деректер әр 15 минут сайын жаңартылып отырады. KN95 немесе FFP2 респираторларын алдын ала сатып алыңыз. Ауданыңыздағы ауадағы зиянды бөлшектердің концентрациясы 55 мкг/м³-тан асқан кезде көшеде, тіпті қажет болған жағдайда ғимарат ішінде де тағыңыз”, – деп өзімізге күтім жасауға кеңес берді желі қолданушысы.

“Алматы әкімдігі, Алматыдағы ЖЭО-ны жаңғырту мәселесі не болды? Көшеге шықсаң, түтіннен көз ашылмады, мұрынға бірден күйіктің иісі келеді. Халықты осылайша тағы қанша уақыт улы ауамен тыныстауға мәжбүрлейсіздер”, – деп наразылығын жеткізді желі қолданушысы.

"Мохнатка" тауының 2280 метр биіктігінен қала көрінісі. Қала тұмшаға тұншығып тұр. Қараңыздаршы, ауаның ластануы қандай деңгейде! Біз немен тыныстап жүрміз? Оның үстіне, қыс әлі басталған жоқ”, – деп жазды Сая Манарбекова.

“Алмалы ауданында тұмша қатты сезіледі. Алматыда смог бұрыннан бар, бірақ жағдайдың дәл осылай нашарлағанын көрмеппін. Жыл өткен сайын шынымен қорқынышты болып барады”.
“Алматыда ауаны тазартып, жылу электр орталықтарын газға көшіреміз деген уәделер орындалмады. ЖЭО-2-де көмір алдағы кемінде 10 жыл бойы пайдаланылмақ. Ал зиянды шығарындылар көлемі әзірге небәрі 15 пайызға ғана азаяды. Бұл айтарлықтай өзгеріс әкелмейді. Соңғы мәліметтерге сәйкес, ЖЭО-3-ті газға көшіру жұмыстары да кемінде екі жылға кейінге шегеріліп отыр”.
“Екінші күн қатарынан жүгіруге шықпай жүрмін. Тыныс алу мүмкін емес, ауа тым лас. Сайтта PM2.5 ұсақ бөлшектерінің қауіпті деңгейде екені көрсетіліп тұр. Бұл – Розыбакиев көшесіндегі MEGA сауда орталығы маңы”.
“Қалада күкіртсутектің иісі сезіледі! Лас ауа Қапшағай жақтан келіп жатқан сияқты. Таңертең ерте қаланың батыс бөлігіне қарасаңыздар, сарғыш түтіннің созылып жатқанын анық көруге болады. Кейін ол тау бөктерін жағалай қалаға қарай жылжиды”.
PM2.5 бөлшектерінің шекті рұқсат етілген концентрациясы тәуліктік деңгейден 5 есе көп
Almaty Air Initiative қорының дерегінше, Алматыдағы таза ауа мәселесі әлі де күрделі. Жылыту маусымы басталғалы бері тұмша одан сайын үдеді.
“Соңғы күндері жағдай біршама нашарлады. Біздің мониторинг желіміздің жедел деректері бойынша, 1 қарашада денсаулыққа ең қауіпті ауа ластағыштарының бірі саналатын ұсақ дисперсті PM2.5 бөлшектерінің орташа тәуліктік концентрациясы 77,5 мкг/м³-ке жетті. Бұл Қазақстанда белгіленген орташа тәуліктік шекті рұқсат етілген концентрациядан екі еседен көп, ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған тәуліктік деңгейден 5 есе көп. 4 қарашада да көрсеткіш нормадан жоғары болып, 48,8 мкг/м³ жетті. Концентрациялар қаланың солтүстік аумақтарында бірнеше сағат бойы максималды біржолғы шекті рұқсат етілген концентрациядан асып түсті”, – деп хабарлады Almaty Air Initiative.
Ұйымның мәліметінше, қолайсыз ауа райы жағдайды одан сайын ушықтырады. Қолайсыз ауа райы кезінде ластаушы заттар ауада дұрыс таралмай, қала үстінде жиналып қалады. Ал жылыту маусымында автокөліктер мен ЖЭО шығарындыларына жеке сектордағы үйлер мен моншаларда отын жағудан бөлінетін ластаушы заттар да қосылады.
“5 қараша күні күндіз ауадағы ластаушы заттардың концентрациясы салыстырмалы түрде төмен болды. Алайда бұл ауа сапасы тұрақты түрде жақсарды дегенді білдірмейді. Ауаның ластану деңгейі ауа райы жағдайлары мен шығарындылардың қарқындылығына байланысты тәулік ішінде айтарлықтай өзгеруі мүмкін”, – дейді Almaty Air Initiative қорының өкілі.
Ұзақ мерзімді көрсеткіштерге көз жүгіртсек, 2025 жылы Алматыда PM2.5 ұсақ шаң бөлшектерінің орташа жылдық мөлшері 31,2 мкг/м³ болған. Бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған 5 мкг/м³ нормадан алты еседен астам жоғары. Яғни, қала тұрғындары жыл бойы ұсақ шаң бөлшектері көп ауамен тыныстаған.
Ауа сапасының өз ауданыңызда қалай өзгеріп жатқанын Taza Air қосымшасы мен Almaty Air Initiative ашық дашборды арқылы бақылауға болады. Онда ең жақын ауа сапасын өлшейтін станциялардың көрсеткіштері нақты уақыт режимінде жаңартылып отырады.
Шаһардағы тұмша неден пайда болады
Тұмша ауаға көп мөлшерде ластаушы заттар бөлініп, олардың таралуына қолайсыз жағдай туындағанда пайда болады.
Алматыдағы тұмшаның неліктен пайда болатынын түсіну үшін ауаны ластайтын көздерді, қаланың жер бедерін және ауа райының ерекшеліктерін ескеру керек дейді Almaty Air Initiative өкілдері.
Ауаны ластайтын әр заттың өзінің шығу көзі бар. Мысалы, бір ластаушы заттың негізгі көзі көлік болса, екіншісінікі өндіріс орындары немесе жылыту жүйелері болуы мүмкін. Сондықтан ауаның ластануына әсер ететін барлық фактордың үлесін бірдей деп қарастыруға болмайды.
Автокөлік – азот оксидтері шығарындыларының және жол бойындағы ластанудың аса маңызды көзі. Бұл ретте жүк көліктерін бөлек атап өткен жөн. Жүк көліктерінің саны салыстырмалы түрде аз болғанымен, олардың ауаны ластауға қосатын үлесі айтарлықтай жоғары. Бұған қоса, автокөліктердің әсері тек қозғалтқыштан шығатын газдармен шектелмейді. Көлік жүрген сайын тежегіштер, шиналар мен жол жамылғысы тозып, ауаға ұсақ бөлшектер таралады. Сондай-ақ жол бетіне жиналған шаң қайта көтеріледі. Сондықтан көліктің ауа сапасына әсерін тексергенде осы факторлардың бәрін ескеру қажет.
Басқа ластану көздері
Ауаның ластануына өнеркәсіп орындары, жылу өндіретін нысандар, қатты отын жағатын моншалар мен кәуапханалар, құрылыс алаңдары, ашық жатқан топырақ, қоқыс жағу мен өрттер де әсер етуі мүмкін.
Ластану көздерінің ықпалы орналасқан жеріне, жыл мезгіліне және нақты жағдайға байланысты өзгеріп отырады.
Сонымен қатар ауадағы ұсақ бөлшектердің бір бөлігі тікелей шығарылмайды. Олар газ күйіндегі ластаушы заттардың атмосферада химиялық өзгеріске түсуі нәтижесінде пайда болады.
Жер бедері мен ауа райы
Алматының тау етегінде орналасуы ауа айналымын қиындатады. Жел әлсіз болғанда және температуралық инверсия кезінде ауаның тік бағытта араласуы әлсірейді. Инверсия деп жер бетіндегі суық ауа қабатының үстінде жылырақ ауа орналасатын жағдайды айтады. Соның салдарынан шығарындылар шағын ауа көлеміне жиналып қалады.
Алматыдағы ауаның ластануын азайту үшін қала мен қала маңында көмір жағуды қысқарту қажет. Ол үшін ЖЭО мен жеке тұрғын үйлерді газға көшіру, сондай-ақ ауаны ең көп ластайтын көліктердің шығарындыларын азайту маңызды.
Алматыдағы ауасы ең лас аймақ қайсы?
“Егер PM2.5 бөлшектерінің ұзақ мерзімді әсерін қарастырсақ, 2025 жылғы талдауымыз бойынша ең жоғары көрсеткіштер Түрксіб, Жетісу және Алатау аудандарында тіркелді. Бұл аудандардағы PM2.5 орташа жылдық концентрациясы тиісінше 46,8; 37,9 және 37,7 мкг/м³ болды. Салыстыру үшін, Бостандық ауданында бұл көрсеткіш 22,1 мкг/м³ болды. Алайда осы салыстырмалы түрде төмен көрсеткіштің өзі ДДҰ ұсынған жылдық деңгейден әлдеқайда жоғары”, – деп мәлімдеді Almaty Air Initiative.
Қаланың солтүстік және солтүстік-батыс бөліктерінде ауаның көбірек ластануының бірнеше себебі бар.
- Қала мен қала маңындағы жер үйлерді жылыту;
- Жылу энергетикасы нысандары;
- Көлік пен өнеркәсіп аймақтары.
Сонымен бірге ластаушы заттардың ауада қалай таралатыны да маңызды рөл атқарады.
“Алматының ауасына тек қала ішіндегі емес, қала маңындағы шығарындылар да әсер етеді. Өйткені ауа ағыны әкімшілік шекарамен шектелмейді. Қаланың оңтүстігіндегі тау етегіне жақын аудандарда жағдай орта есеппен біршама қолайлы. Дегенмен бұл аумақтарда да ластану деңгейі кей күндері жоғары болуы мүмкін. Сонымен қатар дәл қазіргі жағдай жылдық көрсеткіштерден өзгеше болуы мүмкін. Мысалы, станцияларымыздың деректері бойынша 5 қарашада сағат 13:30-да ең жоғары орташа көрсеткіштер Наурызбай ауданында (30,7 мкг/м³) және Алатау ауданында (30,5 мкг/м³) тіркелді. Алайда бұл тек сол уақыттағы жағдайды көрсетеді. Оны аудандардың ұзақ мерзімді ластану деңгейі бойынша жаңа рейтингі деп қабылдауға болмайды”, – делінген Almaty Air Initiative қорының жауабында.
Олардың айтуынша, белгілі бір үйдің, мектептің немесе күнделікті жүретін жолдың маңындағы ауа сапасын бағалау үшін ең жақын станцияның көрсеткіштерін бірнеше күн бойы бақылаған дұрыс. Өйткені бір ауданның өзінде ауаның ластану деңгейі ірі жолдарға немесе басқа ластану көздеріне жақындығына қарай айтарлықтай ерекшеленуі мүмкін.
Алматыда PM2.5 бөлшектерімен ластану деңгейі әдетте күздің соңында және қыста жоғарылайды. Жылыту маусымында көмір көп жағылады, көліктерден шығатын зиянды заттар да ауаға таралады. Ал суық мезгілдегі ауа райы олардың таралуына жиі қолайсыз жағдай туғызады.
Ұсақ бөлшектердің концентрациясы әдетте көктемде жылыту маусымы аяқталғаннан кейін және жазда төмендейді. Себебі үйлерді жылытуға отын аз жұмсалады, ал күн сәулесі жер бетін қыздырған сайын ауа жоғары көтеріліп, жақсырақ араласады. Бұл ластаушы заттардың таралуына көмектеседі.
“Дегенмен әр маусымда жағдай өзгеріп тұруы мүмкін. Мысалы, қыста жел күшейгенде немесе ауа массасы ауысқанда ластану деңгейі уақытша төмендеуі мүмкін. Жауын-шашын да ластаушы заттардың бір бөлігін ауадан шайып түсіреді. Ал жел қайта басылып, температуралық инверсия қалыптасса, ластану деңгейі тағы да көтерілуі мүмкін. Жазда да ауаның ластану мәселесі толық жойылмайды. Көлік шығарындылары мен шаң ауаны ластай береді. Сонымен қатар күн сәулесінің әсерінен газ тәрізді бастапқы ластаушы заттардан жерге жақын ауа қабатында озон түзілуі мүмкін. Сондықтан көзге көрінетін смогтың болмауы ауаның таза екенін білдірмейді”, – деп мәлімдеді Almaty Air Initiative.
Яғни, ауаның ластану деңгейі жыл мезгіліне қарай өзгеріп отырады. Алайда серуендеуге, спортпен айналысуға немесе үйді желдетуге қолайлы уақытты таңдағанда ауа сапасының нақты көрсеткіштеріне назар аударған жөн.
“Қазгидрометтің” мәліметінше, 2026 жылғы қыркүйек айында Алматы қаласындағы атмосфералық ауа сапасына жүргізілген мониторинг нәтижесі бойынша ластану деңгейі жоғары деп бағаланды. Бұл көрсеткіш СИ = 3,4 (жоғарылау деңгей) және НП = 20% (жоғары деңгей) мәндерімен анықталды. Атмосфералық ауаның құрамындағы негізгі зиянды заттар:
PM2.5 қалқыма бөлшектері – шекті рұқсат етілген концентрациядан асу 29 рет тіркелген;
- Азот оксиді – 89 рет;
- Азот диоксиді – 30 рет;
- Күкірт диоксиді – 19 рет;
- PM10 қалқыма бөлшектері – 7 рет;
- Көміртек оксиді – 19 рет.
Зиянды заттардың ең жоғары бір реттік концентрациясы:
- Қалқыма бөлшектер (шаң) – шекті рұқсат етілген концентрациядан 1,2 есе;
- PM2.5 қалқыма бөлшектері – 2,1 есе;
- PM10 қалқыма бөлшектері – 1,3 есе;
- Күкірт диоксиді – 1,1 есе;
- Көміртек оксиді – 1,9 есе;
- Азот диоксиді – 3,4 есе;
- Азот оксиді – 1,6 есе.
Қалған ластаушы заттардың концентрациясы белгіленген нормадан аспаған.
Орташа концентрация көрсеткіші бойынша қалқыма бөлшектердің, яғни шаңның мөлшері орташа тәуліктік шекті рұқсат етілген концентрациядан 1,5 есе жоғары болған. Қалған зиянды заттардың орташа концентрациясы белгіленген нормадан аспаған.
2026 жылдың қыркүйек айының қорытындысы бойынша Алматы қаласындағы атмосфералық ауаның ластану деңгейі жоғары күйінде қалып отыр (СИ = 8,3; НП = 6%).
2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (СИ = 6,4; НП = 38%) ластану деңгейі жоғары санатта сақталған.

Ірі өндіріс орындары мен зауыттары жоқ Алматыда не себепті ауа сапасы нашар?
2025 жылдың қорытындысы бойынша Алматы қаласындағы атмосфералық ауаның ластану деңгейі жоғары деп бағаланды. Мамандардың мәліметінше, №5 бекет маңында азот оксидінің ең жоғары көрсеткіші нормадан 9,6 есе, ал №2 бекет маңында азот диоксидінің шекті мөлшерден асу жиілігі 28%-ға жетті. Жалпы, ауаның ластану индексі 4-ке тең болып, "жоғарылау" деңгейінде бағаланған.
Атмосфералық ауаның ластануына негізгі үлес қосқан зиянды заттар (шекті рұқсат етілген концентрациядан асу саны бойынша):
- Азот диоксиді – 12 309 жағдай;
- Азот оксиді – 2 749 жағдай;
- PM2.5 қалқыма бөлшектері – 2 131 жағдай;
- Күкірт диоксиді – 1 704 жағдай;
- Көміртек оксиді – 898 жағдай;
- PM10 қалқыма бөлшектері – 772 жағдай;
- Озон – 77 жағдай;
- Қалқыма бөлшектер (шаң) – 28 жағдай;
- Бенз(а)пирен – 1 жағдай.
Ең жоғары бір реттік концентрацияның шекті рұқсат етілген мөлшерден 5 есеге және одан да көп асу жағдайлары азот оксиді бойынша 23 рет, азот диоксиді бойынша 6 рет, озон бойынша 3 рет тіркелді.
Орташа тәуліктік концентрация нормативтерінен азот диоксиді мен азот оксиді бойынша асып кету жағдайлары байқалды. Мұндай жағдайлар азот оксиді бойынша жиірек тіркелген.
Ластану көрсеткішінің ең жоғары қайталану жиілігінің артуына негізінен қалқыма бөлшектер (шаң), PM2.5, PM10, күкірт диоксиді, көміртек оксиді, азот диоксиді, азот оксиді және озон әсер еткен. Бұл атмосфералық ауаның ластануына автокөлік пен метеорологиялық жағдайлардың ықпал ететінін көрсетеді.
Қала билігі тұмшамен қалай күресіп жатыр?
Алматы әкімдігі қалада атмосфералық ауаның ластану деңгейін төмендету үшін кешенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Негізгі шаралар көліктерден, жеке сектор мен кәсіпорындардан ауаға тарайтын зиянды заттардың көлемін азайтуға бағытталып отыр.
“Автокөліктерден шығатын зиянды газдарды азайту үшін Алматыда қоғамдық көліктер жаңартылып жатыр. Қала бағыттарына газбен жүретін және электр автобустары кезең-кезеңімен қосылып жатыр. Сонымен қатар автобустарға арналған арнайы жолақтар көбейтіліп, шығарындылары аз аймақты (LEZ) енгізу бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Қалада ауаны ластайтын кәсіпорындар мен басқа да нысандарға қойылатын экологиялық талаптар да күшейтілді. Атап айтқанда, оларға газ тазарту құрылғыларын орнату және зертханалық тексерулерден өту міндеті жүктеледі. Газ құбыры тартылған аудандарда қатты және сұйық отынды пайдалануға шектеу енгізу қарастырылған. Бұл талаптар шағын және орта бизнеске де қатысты. Оның ішінде моншалар, қоғамдық тамақтану орындары мен шағын өндіріс орындары бар”, – деп тұмшамен күрес жұмыстарымен таныстырды.
Сонымен қатар атмосфералық ауаның сапасын бақылау және мониторингтеу жүйесін жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Бұл кешенді шаралар зиянды шығарындылар көлемін кезең-кезеңімен қысқартуға және Алматы қаласындағы атмосфералық ауаның сапасын жақсартуға бағытталған.
Almaty Air Initiative 27 қазан күні Алматының әлемдегі ең ластанған қалалар рейтингінде 4-орынға көтерілгені туралы жазды. Олардың дерегінше, жағдай өте жылдам өзгеріп жатыр. Қор өкілдері көшеде жүрген немесе үйге қайтуды жоспарлап отырған қала тұрғындарына бірқатар кеңес берді:
-
FFP2/KN95 респираторларын қолданыңыз. Қарапайым медициналық маскалар PM2.5 ұсақ бөлшектерінен толық қорғай алмайды;
-
Кешкі жүгіру мен ұзақ серуенді кейінге қалдырыңыз;
-
Үйге келген соң терезелерді бірден жауып, ауа тазартқыш құрылғыны қосыңыз.
Тұмшадан қалай қорғану керек?
Almaty Air Initiative мамандары алматылықтарға ауа сапасын өлшейтін датчиктердің көрсеткіштерін бақылап, ауа қатты ластанған күндері далада жүру уақытын барынша қысқартуға кеңес береді.
Әсіресе, балалар, жүкті әйелдер, қарт адамдар, сондай-ақ жүрек және өкпе ауруларымен ауыратын азаматтар сақ болғаны жөн.
Мамандар үйдегі ауаны тазарту үшін мамандар HEPA сүзгісі бар ауа тазартқыштарды пайдалануды ұсынады. Ал далада ұзақ жүруге тура келсе, бетке тығыз жабысатын N95 немесе FFP2 санатындағы респиратор таққан дұрыс.
Бұған дейін Алматыда көлік көп жүретін көшелерде серуендегендердің қанынан ластаушы заттар табылғаны туралы жазған едік. Эксперимент үшін Almaty Air Initiative қозғалысының белсенділері бес адамды таңдаған. Таңертең олар зертханаға барып, қан тапсырды. Зерттеу басталған кезде барлық талдау нәтижелері қалыпты болған. Кейін белсенділер серуенге шығып, Алматының көлік көп жүретін көшелерімен жүрген. Белгілі бір бағытты жүріп өткен соң, экспериментке қатысушылар қайтадан қан тапсырды.
Ғалымдар қанның қызыл жасушаларын (эритроциттерді) микроскоппен зерттеу кезінде олардың бетіне смог бөлшектері жабысып қалғанын анықтаған.
Сонымен қатар зерттеу тобы ауаның ластануының адам өліміне әсерін де зерделеген. Нәтижесінде Алматыда ауаның ластануынан қайтыс болғандар саны жол-көлік оқиғаларынан көз жұмғандардан 10 еседен астам көп екені анықталған.
Алматылықтар тұмшаға тұншығып жатқанын айтып, дабыл қақты: Қай ауданның тұрғындары қауіпті аймақта орналасқан