Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматының лас ауасынан балалардың IQ деңгейі төмендеген: Зерттеушілер мектеп пен балабақшалар маңын тексерді

Алматы оқушылары, лас ауа
Фото: Фото chatGPT көмегімен жасалды

Алматы балаларының басым бөлігі оқу жылы бойы ДДСҰ нормасынан шамамен 9 есе лас ауамен тыныс алады. Almaty Air Initiative қорының бағалауынша, PM2.5-тің мұндай деңгейінің жинақталған әсері баланың IQ деңгейінен 7-8 балл жоғалту ықтималдығына тең. Ал қаланың солтүстік аудандарындағы мектепте өткен бір оқу жылы өкпеге түсетін салмағы жағынан жүздеген шегілген темекіге пара-пар. Бұл Балаларды қорғау күніне орай оқу орындары маңындағы ауа сапасын зерттеу қорытындысында айтылды. Мұны Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Зерттеу 352 мектеп пен 1 008 балабақша маңында жүргізілген. Негізгі көрсеткіштерге сай, Түрксіб ауданындағы мектепте немесе балабақшада өткен бір жыл бала денсаулығына түсетін зияны жағынан шамамен 423 шартты темекіге пара-пар. Алматы мектептері мен балабақшалары маңында оқу күндерінің 48,4%-ында (157 оқу күнінің 76-сы) PM2.5 концентрациясы Қазақстандағы орташа тәуліктік ШРК-дан (35 мкг/м³) асқан.

Ал Түрксіб ауданында ауа сапасы оқу күндерінің 91%-ында ДДСҰ ұсыныстарынан асып кеткен мәнде тіркелді. Балабақшалар маңындағы орташа деңгей — 44,8 мкг/м³, мектептер маңында — 43,0 мкг/м³ (ДДСҰ ұсынған орташа жылдық 5 мкг/м³ көрсеткішінен шамамен 9 есе жоғары). Ең таза және ең лас мекемелердің арасындағы алшақтық 3,5 есеге жетті.

Ең ауыр жағдай – солтүстік аудандарда

Түрксіб және Алатау аудандары маусым бойындағы барлық шектен тыс ластанған сағаттардың жиыны бойынша шамамен 66%-ын құрады. Сонымен қатар тіпті ең қолайлы аудандардың өзінде концентрация уақыттың көп бөлігінде балаларға арналған халықаралық ұсыныстарға сәйкес келмеді.

"Алматыдағы тұмша жай ғана экологиялық мәселе емес, бұл — балаларымыздың денсаулығы мен болашағына, олардың зияткерлік әлеуетіне төнген қатер. Оқу жылының 80%-дан астам күнінде балалар лас ауамен тыныс алып, тыныс алу мүшелерінің ауруларына ғана емес, ми қызметінің бұзылу қаупіне де ұшырады. Біздің балаларымыздың сау өсуге және ауасы таза қалалардағы балалармен бірдей бастапқы мүмкіндіктерге ие болуға құқығы бар", – деп пікір білдірді Almaty Air Initiative қорының директоры Жұлдыз Сәулебекова.

Алматы мектептерінің маңындағы ауасы ең лас локациялардың тізімі:

Алатау ауданы № 156 Мектеп Орташа PM2.5 – 71,3 мкг/м³
Түрксіб ауданы № 84 Мектеп Орташа PM2.5 – 67,1 мкг/м³
Алмалы ауданы № 147 Мектеп-гимназия Орташа PM2.5 – 64,6 мкг/м³
Наурызбай ауданы QSI International School Орташа PM2.5 – 62,8 мкг/м³
Жетісу ауданы № 137 Мектеп Орташа PM2.5 – 59,0 мкг/м³

Ластанудың негізгі көздері мекемелердің бақылауынан тыс орналасқан. № 156 мектептің маңында PM2.5 деңгейі ДДСҰ жылғы нормасынан 16 есе жоғары болды. Салыстырмалы түрде таза Алмалы ауданындағы № 147 мектеп-гимназияның жағдайы — айқын мысал. Оның жанындағы ауа Алматы-2 вокзалымен (дизельді локомотивтер, вагондарды көмірмен жылыту) көршілес болғандықтан "қызыл аймаққа" түсті.

Жылдың ең лас күні — 7 желтоқсан

7 желтоқсан күні мектептің жанында орташа тәуліктік 207,5 мкг/м³, ал ең жоғары мәнінде 774 мкг/м³ тіркелді. Бұл – ДДСҰ нормасынан 52 есе және ҚР-дағы ең жоғары бір реттік ШРК-дан 4,8 есе жоғары.

Ауасы ең лас 20 балабақшаның 12-сі Алатау ауданында орналасқан, ал нормативтер бойынша балалар күн сайын далада 2–3 сағатқа дейін болуға тиіс.

Әр айда қалада қандай өзгерістер болды?

Қарашада 54,4 мкг/м³ Түрксіб ауданында ластану 82% артты. Желтоқсанда 62,4 мкг/м³ Маусым шыңы: 8 ауданның 6-ында ауа сапасы ағзаға зиян деңгейге жетті.

Қаңтарда 57,7 мкг/м³ Балалар демалыстан оралды, бірақ концентрация тұрақты түрде жоғары болды. Ақпанда 40,2 мкг/м³ Ластану 30%-ға азайды, бірақ солтүстік әлі де ШРК-дан асып тұр.

Наурызда 35,4 мкг/м³ Оңтүстік аудандарда ауа сапасы алғаш рет орташа тәуліктік ШРК-дан төмен болды. Сәуір – 16,0 мкг/м³ жыл ішіндегі салыстырмалы түрде қауіпсіз жалғыз ай.

Ауа қай кезде аса қауіпті?

Ластану қысқа қарай күшейген (желтоқсандағы шыңы — қала бойынша 62,4 мкг/м³) және сәуірге қарай ғана төмендеген (16,0 мкг/м³). Зерттеу апталық циклді де анықтады: жексенбі — ең лас күн (56,4 мкг/м³), ал дүйсенбіде балалар мектепке жиналған смогтың "соңымен" келеді (сәрсенбідегі 36,6 мкг/м³-ге қарағанда 49,0 мкг/м³). Тәуліктің ең қауіпті уақыты — кеш: сағат 17:00-ден кейін солтүстік аудандарда концентрация 80–90 мкг/м³-ге дейін көтеріледі. Дәл сол кезде балалар мектептен, үйірмелерден және серуеннен үйге қайтады.

Қор бұл нәтижелердің балаларға несімен қауіпті екенін түсіндірді.

“2024 жылғы халықаралық мета-талдауға сай, PM2.5-тің әрбір қосымша 1 мкг/м³-і баланың IQ деңгейінің шамамен 0,27 балға төмендеуімен өзара байланысты: Алматыдағы орташа жылдық деңгейде бұл ықтимал 7–8 балл жоғалтуға әкеледі. Бұдан бөлек, ауаның ластануы демікпе қаупін арттырады, тыныс алу жүйесінің созылмалы ауруларын, өкпе қызметінің төмендеуін, зейін қою мен оқу қабілетінің нашарлауына ықпал етеді”, – делінген қор хабарламасында.

Арнайы ұсыныстар:

  • Мектептер мен балабақшалардан 1 км радиуста көмір жағуға тыйым салу. Бұл – солтүстіктегі PM2.5 деңгейін төмендетудің ең жылдам жолы.
  • Ашық мониторинг: әрбір мекеменің маңында ата-аналар үшін жария онлайн қолжетімділігі бар сенсорлар орнату.
  • Ластану жоғары күндердегі мектеп хаттамалары: PM2.5 50 мкг/м³-ден асқанда серуен мен ашық ауадағы дене шынықтыру сабақтарын болдырмау.
  • Жаңа құрылысқа арналған нормалар: ластану жоғары аудандардағы сыныптарда сырттан келетін ауаны (желдету жүйесін) міндетті түрде тазарту.
  • Мектептердің айналасындағы "таза аймақтар": қозғалтқышты қыздыруға және қозғалтқышы жұмыс істеп тұрған күйде ұзақ тұраққа тыйым салу.
  • Медициналық тізілім: демікпе мен бронхит ауруларын мектептер бойынша ауа сапасымен байланыстыра тіркеу.
  • Ата-аналарға арналған ақпараттық науқан ұйымдастыру. Осы арқылы олар баланың далада болу уақытын қай сағаттар мен күндері қысқартқан дұрыс екенін біледі.
  • Ластанған аудандардағы мекемелерді HEPA сүзгілері бар желдету жүйесімен жарақтандыру.
Еңлік Сақтан
Жұма, 29 Мамыр, 2026 15:44