Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Ішім созылып, әбіржігім келмейді": Қазақстандық қыздар неге бала туудан бас тартып жатыр

қыздар бала тудан бас тарту
Фото: depositphotos.com

Әлеуметтік желіде соңғы уақытта әйелдердің бала туудан бас тартуы, ана болуды кейінге қалдыруы туралы пікірталас күшейді. Бірі мұны феминизммен байланыстырса, енді бірі әйелдердің баспана, қаржылық тұрақтылық пен бала тәрбиесіне қатысты жауапкершіліктен алаңдайтынын айтады. Осы орайда Қазақстанда туу көрсеткішінің төмендеуіне не себеп? Әйелдер шынымен ана болудан бас тартып жатыр ма, әлде қоғамдағы өмір сүру жағдайы мен құндылықтары қалай өзгеруде? Stan.kz тілшісі осы сұрақтарға жауап іздеп, мамандардың пікірін білді. 

“Ішім созылып, ісініп, әбіржігім келмейді: Ешқашан бала тууға келіспеймін”

Белсенді блогер Роза Әшірбаева да әлеуметтік желіде осы мәселені көтеріп, Қазақстанда туу көрсеткішінің азайғанына алаңдаушылық білдірді.

“Туу саны күрт азайды елімізде. Мені де біраз ер адамдарды алаңдататын мәселе. Ерлер қауымы бұл мәселеде феминизм және мен кінәлі деп есептейді. Әйелдер бала-шағасымее тірі қалудың мәселесімен айналысуда. Сіздер қалай ойлайсыздар? Неге әйелдер бала туудан бас тартып отыр?”, – деп жазды ол.

Блогердің жазбасына пікір білдірген қыз-келіншектердің арасында ана болуға дайын еместігін ашық айтқандар да бар. Бірі жүктілік пен босанудың денсаулығына әсерінен қорықса, енді бірі бала күтіміне кететін уақыт пен жауапкершілікті қаламайтынын жеткізген.

Мәселен, Аружан есімді бойжеткен болашақта балалы болғысы келетінін, бірақ жүктілік пен босанудың барлық қиындығын бастан өткеруге құлықсыз екенін жазған.

"Кеше біреу маған “күйеуге шығып, ертерек бала туып, ана бол, әйтпесе қартайып қалдың” деді. Ал мен екіқабат болып, әбіржіп жүргім келмейді. Ішім созылып, ісініп жүргім келмейді. Жауапкершілік алып, ұйықтамай, бала бағып жүргім келмейді. Бала емізгім келмейді. Өзім қалаған уақытта сыртқа шыққым келеді. Болашақта балам болғанын қалаймын, әрине. Бірақ мен әке болғым келеді", – деп жазды ол.
қыздар бала тудан бас тарту
Фото: Желі кадрларынан скрин

Мұндай пікірді қолдайтындар да аз емес. Кейбір қыздар ана болуды әйел үшін үлкен физикалық және психологиялық сынақ деп қабылдайтынын жасырмайды.

"Бала туу – ең үлкен күйзеліс. Одан кейін қалпыңа келу бар. Ешқашан бала тууға келіспеймін. Отбасылы болу тек еркектер үшін ғана пайдалы", – деп жазды тағы бір желі қолданушысы.

Ал кейбір бойжеткендер бала сүю туралы шешімді ең алдымен материалдық мүмкіндікпен байланыстырады. Олардың пікірінше, баланы дүниеге әкелумен қатар, оның жағдайын жасауға да дайын болу керек.

"Қыздарға кеңес! Болашақта, Құдай басқа салмасын, жалғыз өзің қанша бала асырай аласың, сонша ғана туу керек. Алда не күтіп тұрғанын ешкім де білмейді. “Әр баланың өз несібесі бар” деген қазіргі экономика мен соғыс заманында бос сөз", – деп жазды ол.

“Бес жылда туған балалар саны 25 пайызға азайған”

Әлеуметтік желідегі пікірталас аясында Қазақстандағы демографиялық көрсеткіштерге де назар аударуға болады. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, соңғы бес жылда елде дүниеге келген балалар саны айтарлықтай азайған.

Мәселен, 2021 жылы Қазақстанда 445,9 мың сәби дүниеге келсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 335 мыңға дейін түскен. Яғни бес жыл ішінде туған балалар саны 110,8 мыңға немесе шамамен 25 пайызға қысқарған.

Ал 2025 жылдың өзінде алдыңғы жылмен салыстырғанда 30,9 мың балаға аз туған. Бұл – бір жылда шамамен 8,5 пайыз төмендеу. Туу көрсеткішінің азаюы 1000 адамға шаққандағы коэффициенттен де байқалады. Егер 2021 жылы бұл көрсеткіш 23,47 болса, 2025 жылы 16,43-ке дейін төмендеген.

қыздар бала тудан бас тарту
Фото: Stan.kz

Статистикада аналардың жасы да назар аудартады. 2025 жылы Қазақстанда:

  • ана атанған әйелдердің орташа жасы – 29,9;
  • алғашқы баласын дүниеге әкелген аналардың орташа жасы – 25,3;
  • туған балалардың 27 пайызы 25–29 жастағы әйелдерге тиесілі болса;
  • 30–34 жастағы аналардың үлесі – 26,1 пайызды құраған.

Ал 20 жасқа толмаған қыздардың босануы да азайып келеді. 2025 жылы бұл жастағы қыздар 10,4 мың баланы дүниеге әкелген. 2024 жылы олардың саны 11,9 мың болған.

2026 жылдың алғашқы тоғыз айында Қазақстанда 226 990 сәби дүниеге келген. Бұл қаңтардан қыркүйекке дейінгі кезеңнің көрсеткіші. Жыл қорытындысы әлі шықпағандықтан, оны өткен жылдың толық көрсеткішімен тікелей салыстыруға болмайды.

 

 “Қыздардың құндылықтары мен көзқарастары өзгеріп жатыр”

Психолог Жұлдыз Мақатаева мұндай құндылықтардың қоғамда бұрыннан бар екенін алға тартты. Айтуынша, қазір қыздар еркіндік пен өз қалауларына көбірек назар аударып, оны желілерде ашық айта бастаған. 

“Бұл мәселе қоғамдағы құндылықтар мен көзқарастардың өзгеруінің бір көрінісі. Бұрын әйелдің басты міндеті тұрмысқа шығып, бала тәрбиелеу деген түсінік басым болса, қазір әйелдер өз қалауы мен мүмкіндігін көбірек ескере бастады. Психологиялық тұрғыдан бұл адамның өз өміріне саналы түрде жауапкершілікпен қарауға ұмтылысы. Сонымен қатар, бұл мүлде жаңа құбылыс емес, тек қазір әлеуметтік желілер арқылы ашық айтыла бастады”, – деді маман. 

Психологтың пікірінше, қазір жастар отбасын құруда да ерекше жауапкершілікпен ойланады. 

“Бұрын жастар белгілі бір жасқа келгенде отбасын құруды қалыпты міндет деп қабылдаса, қазіргі буын оған психологиялық, эмоциялық және қаржылық дайындықты маңызды санайды. Олар тек үйленуді емес, бақытты әрі тұрақты отбасы құруды қалайды. Бұған әлеуметтік желілер, ажырасу жағдайлары, отбасындағы қарым-қатынас үлгілері және экономикалық тұрақсыздық әсер етеді. Сол себепті отбасы мен балаға қатысты жауапкершілік өзгерді. Менің ойымша, мұнда бір ғана себеп жоқ. Экономикалық қиындықтар мен баспана мәселесі маңызды болғанымен, психологиялық дайындық та үлкен рөл атқарады”, – деп қосты ол. 

Жұлдыз Мақатаева бала туу көрсеткіші ұзақ уақыт төмендей берсе, болашақта халықтың қартаюы, еңбекке қабілетті адамдар үлесінің азаюы сияқты әлеуметтік мәселелер туындайтынын жасырмады. Дегенмен маман осы тұста әйелдерге бала тууды міндетей бермей, олардың жағдайына назар аудару керек екенін алға тартты. 

“Бірақ әйелдердің жеке таңдауын демографиялық мәселенің жалғыз себебі ретінде қарастыруға болмайды. Бұл мәселені тек мансап қуумен немесе өзімшілдікпен байланыстыру дұрыс емес.Кейбір әйелдер ана болудан емес, баланы тәрбиелеудегі жауапкершілікті жалғыз көтеруден, еркіндігін жоғалтудан немесе қолдаусыз қалудан қорқады. Меніңше, қоғам әйелдерді бала тууға міндеттеуден гөрі, олардың ана болуға деген сенімін арттыратын жағдай жасауы керек. Өйткені ана болуға дайындық қорқыныш пен қоғамдық қысымнан емес, саналы таңдау мен қауіпсіздік сезімінен басталғаны дұрыс деп ойлаймын”, – деп қорытты маман. 

“Қазақстанда 2040–2050 жылдары демографиялық қиындықтар бола ма?”

Демограф Шынар Пазылбекқызы статистикада 2021 жылды біз бэби-бум кезеңін ерекше атап өтіп, демография бойынша еліміздегі жағдай алаңдатарлық емес екенін жеткізді. Дегенмен бұл кезеңді басқа уақытпен салыстырмау қажет.

“Бірақ туу көрсеткіші төмендеген кезде балалардың отбасында нешінші болып дүниеге келгеніне қатысты статистикаға да назар аудару керек. Бұл жерде бірінші және екінші балалардың отбасындағы үлесі азайған. Үшінші баланың үлесі де сәл азайған. Ал төртінші, бесінші, алтыншы және одан кейінгі болып дүниеге келген балалардың үлес салмағы азаймаған, керісінше, көбейген. Яғни, көпбалалы отбасылар бала сүюді әрі қарай жалғастырып жатыр”, – деп түсіндірді маман. 

Демографтың айтуынша, бірінші және екінші болып туылған балалардың азаюы қазіргі белсенді репродуктивті жастағы жастардың, яғни 90-жылдары дүниеге келген ұрпақтың аздығымен байланысты.

“ 90-жылдардан бастап, тәуелсіздік жылдарынан бері туу көрсеткіші біртіндеп төмендеді. Мысалы, 1999 жылы Қазақстанда туу көрсеткіші ең төменгі деңгейге жетті. Ол кезде бір әйелге шаққандағы бала саны 1,8 болды. Яғни екі балаға да жетпейтін көрсеткішті құрады. Сол жылы небәрі 217 мың бала дүниеге келді. Демек, сол кезеңде ең аз дүниеге келген ұрпақ – 90-жылдардың ұрпағы. Әсіресе 90-жылдардың соңы мен 2005 жылға дейінгі кезеңде дүниеге келген ұрпақ саны аз болды. Қазір сол ұрпақ белсенді репродуктивті жасқа келді. Ал олардың аздығы жалпы туу көрсеткішіне де кері әсерін тигізіп отыр. Сондықтан мәселені осы тұрғыдан да қарастыруымыз керек”, – деп қосты ол. 

Шынар Пазылбекқызы еліміздің оңтүстігі мен батыс өңірлерінде туу көрсеткішінде көш бастап тұрғанын алға тартты. Әсіресе оңтүстіктегі Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы облыстары, одан кейін батыстағы Атырау мен Маңғыстау облыстары көпбалалы отбасылардың саны және туу көрсеткішінің жоғарылығымен ерекшеленеді.

“Қай өңірде туу көрсеткіші көбірек төмендеді деп нақты айта алмаймыз. Себебі соңғы жылдары Қазақстанның барлық аймағында бала туу азайған. Жалпы, оңтүстік пен батыс өңірлерде бала туу дәстүрлі түрде жоғары болса, солтүстік пен шығыста төмен. Бэби-бум кезінде барлық өңірде туу көрсеткіші күрт өскен еді. Ал 2022–2025 жылдары бүкіл ел бойынша біртіндеп төмендеді. Яғни, туу көрсеткішінің өзгеруі жағынан айтарлықтай ерекшеленген өңір жоқ. Енді қазрі бала тууды кейінге қалдыруға қандай факторлар әсер етіп отыр десек, біріншіден, бұл – әлемдік үрдіс. Өйткені мұндай жағдай Қазақстанға ғана тән емес. Басқа дамыған елдерде, Еуропа елдерінде, Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерінде, атап айтқанда, Қытай, Корея, Жапонияда да туу көрсеткіші қатты төмендеген. Қазақстан да қазір әлемдік үрдіспен келе жатқан елдердің қатарында”, – деп түсіндірді маман. 

 

Демограф бала туу көрсеткішінің төмендеуін урбандалумен байланыстырды. Айтуынша, қазір Қазақстанда қалаларға, әсіресе үлкен қалаларға көшу белең алуда.  

“Қалаға көшіп келетіндердің арасында жастар көп. Олардың көбі әлі отбасын құрмаған, оқуға немесе жұмыс істеуге келіп, осында қалып жатыр. Ал қалада баспана, ақша, мансап мәселелері бар. Негізі, үлкен қалалар көп мүмкіндік береді. Бірақ қалалық өмірдің өзіндік қиындықтары да бар. Осы мүмкіндіктер мен қала өмірінің қиындығы жастардың бала сүюді және отбасын құруды кейінге қалдыруына әсер етіп отыр. Сондықтан бұл мәселелер, жоғарыда айтқанымдай, урбандалу және әлемдік демографиялық үрдістермен байланысты”, – деп қосты ол.

Маман осыған қарамастан алдағы еліміз 2040–2050 жылдары демографиялық қиындықтарды әлі сезіне қоймайтынын алға тартты. Айтуынша қазіргі ұрпақ жеткілікті деңгейде дүниеге келген.

“Туу көрсеткіші азайғанымен, ол соншалықты күрт төмендеп жатқан жоқ. Бізде әлі де туудың өсіп-өну коэффициенті жоғары. Яғни әрбір әйелге шаққанда 1 немесе 2 баладан келеді. Бұл – халықтың өсіп-өну коэффициенті. Бұл көрсеткіш бізде әлі де жоғары. Туу азайған күннің өзінде қазір дүниеге келген ұрпақ өсіп-жетіледі. 20–30 жылдан кейін олар еңбек жасына келеді. Керісінше, сол кезде демографиялық дивиденд қалыптастыратын жасқа жетеді. Яғни еңбекке қабілетті жастардың саны көбейеді. Қазірдің өзінде көбейіп жатыр, әрі қарай да өсе береді. Сондықтан туу көрсеткіші белгілі бір деңгейге дейін төмендеген жағдайда ғана алаңдауға болады. Ал қазір, менің ойымша, қатты қорқуға немесе демографиялық қиындық болады деп алаңдауға негіз жоқ”, – деп қорытты Шынар Пазылбекқызы. 

Осылайша, Қазақстанда туу көрсеткішінің төмендеуін әйелдердің ана болудан жаппай бас тартуымен ғана түсіндіру дұрыс емес. Бұған демографиялық құрылымның өзгеруі, урбандалу, экономикалық жағдай, жастардың отбасын құруды кейінге қалдыруы және құндылықтардың өзгеруі әсер етеді. Мамандардың пікірінше, бұл мәселеге бір ғана себеп тұрғысынан қарамай, демографиялық, әлеуметтік және экономикалық факторларды қатар ескеру қажет.

Еске салсақ, бұған дейін БҰҰ жаңартылған демографиялық болжам жасаған еді. Онда 2100 жылға қарай Орталық Азия халқының тең жартысын өзбекстандықтар құрайтыны айтылған. Сарапшылардың есептеуінше, Қазақстан халқы да алдағы онжылдықтарда тұрақты өседі. Алайда өсім қарқыны өңірдегі кейбір көрші мемлекеттерге қарағанда баяуырақ болады. 2100 жылға қарай Қазақстан халқы 33,7 миллион адамға жетуі мүмкін. 

Гүлсезім Мұхатай
Жұма, 06 Қараша, 2026 10:30