Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда жекеменшік мектептер мен балабақшаларға жаңа салық енгізілді: Қызмет бағасы қымбаттай ма

Пайыз
Фото: istockphoto.com

Қазақстанда 2026 жылдан бастап әлеуметтік салада жұмыс істейтін коммерциялық ұйымдар корпоративтік табыс салығын (КТС) төлей бастады. Енді жекеменшік мектептер, балабақшалар мен медициналық орталықтар тапқан пайдасының бір бөлігін мемлекетке аударуға міндетті. Биыл салық мөлшерлемесі 5 пайыз болса, 2027 жылы 10%-ға дейін көтеріледі. Бұл өзгеріс кәсіпкерлердің жұмысына және білім беру мен медицина қызметтерінің бағасына қалай әсер етеді? Stan.kz тілшісі салық заңгерімен сөйлесіп, жаңа Салық кодексіндегі өзгерістердің мәнін анықтады.

 

"Жекеменшік балабақшалар мен мектептер корпоративтік табыс салығын төлейді. Биылдан бастап әлеуметтік бизнес корпоративтік табыс салығын төлеуге көшті. Әзірге мөлшерлеме 5%-ды құрайды, бірақ 2027 жылы ол 10%-ға дейін көтеріледі. Жекеменшік клиникалар мен білім беру орталықтарының иелері қызметтердің бағасын қайта қарайтын кез келді", – деп жазды заңгер Азамат Қопобаев.

Stan.kz тілшісі заңгерден салық реформасының мақсаты мен оның кәсіпкерлерге ықтимал әсерін сұрады. Маманның айтуынша, өзгерістің негізгі мақсаты – салық жүйесін әділ әрі ашық ету, жеңілдіктер санын қысқартып, бюджет кірісін арттыру.

"Реформаның мақсаты – бизнесті тұншықтыру емес. Заң шығарушының логикасы – сараланған тәсілді қолдану. Яғни салық жүктемесі саланың табыстылығы мен әлеуметтік маңыздылығына қарай бөлінеді. Сондықтан әлеуметтік сала үшін негізгі 20 пайыздық КТС мөлшерлемесінің орнына жеңілдетілген, өтпелі шарттар енгізіліп отыр", – дейді заңгер.

Маманның түсіндіруінше, бұған дейін білім беру, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет салаларында жұмыс істейтін коммерциялық ұйымдар есептелген корпоративтік табыс салығын 100%-ға азайта алатын. Бұл жеңілдік жеке инвестицияларды әлеуметтік секторға тарту және мемлекеттік бюджетке түсетін жүктемені азайту мақсатында берілген.

Кәсіпкерлер үнемделген қаражатты ұйымдарын дамытуға, мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысын көтеруге, құрал-жабдық сатып алуға және инфрақұрылымды кеңейтуге жұмсайды деп күтілген.

"Жалпы алғанда, бұл шара өз міндетін орындады. Жекеменшік балабақшалар, мектептер мен медициналық орталықтардың қарқынды өскенін көрдік. Жаңа кодекс бұл тәсілді өзгертеді: 100 пайыздық жеңілдік коммерциялық емес ұйымдар үшін ғана сақталып, әлеуметтік саладағы коммерциялық сектор біртіндеп жалпы салық тәртібіне көшеді", – деп түсіндірді салық заңгері.

5 пайыздық салық кәсіпкерлерге қалай әсер етеді?

Заңгердің пікірінше, 2026 жылы енгізілген 5%-дық мөлшерлеме бизнес үшін бейімделу кезеңі саналады. Қаржылық жағдайы тұрақты ұйымдар бұл өзгерісті аса ауыр сезінбеуі мүмкін. Дегенмен салық кәсіпорындардың ішкі қаржы айналымына әсер етеді.

"Егер бұрын таза пайда толығымен ұйымның өзінде қалып, оны дамытуға жұмсалса, енді оның бір бөлігін бюджетке аударуға тура келеді. Мысалы, клиенттері аз балабақшалар сияқты табыстылығы төмен ұйымдар өз кірістілігін сақтап қалу үшін әкімшілік шығындарын оңтайландыруға мәжбүр болады", – дейді маман.

Бұл жерде корпоративтік табыс салығы ұйымның жалпы айналымынан емес, салық салынатын табысынан есептелетінін ескеру керек. Яғни кәсіпорынның кірісінен құжатпен расталған шығындары шегерілгеннен кейін қалған пайдаға салық салынады.

Білім беру мен медицина саласындағы негізгі шығындарға қызметкерлердің жалақысы, ғимаратты жалдау ақысы, тамақтану және коммуналдық төлемдер жатады. Бұл шығындар заң талаптарына сәйкес шегерімге жатқызылған жағдайда, салық салынатын табыс көлемі жалпы айналымнан әлдеқайда аз болады.

Заңгер мұны қарапайым мысалмен түсіндірді. Егер жекеменшік мектептің жылдық айналымы 100 миллион теңге, ал құжатпен расталған шығындары 85 миллион теңге болса, салық салынатын пайда 15 миллион теңгені құрайды. Осы сомадан 5%-дық корпоративтік табыс салығы есептелгенде, мектеп бюджетке 750 мың теңге төлейді. Бұл жалпы айналымның 0,75%-ына тең.

2027 жылы салық 10 пайызға көтерілсе, не өзгереді?

Ал 2027 жылы мөлшерлеменің 10%-ға дейін өсуі кәсіпкерлер үшін қосымша сынақ болмақ. Заңгердің пікірінше, салықтың артуы ұйымдардың ұзақ мерзімді даму жоспарларына әсер етуі мүмкін.

"Бұл ең алдымен күрделі шығындарға әсер етеді. Бизнеске қызмет аясын кеңейтуге, жаңа филиалдар ашуға немесе қымбат жабдықтарды жаңартуға қаражат жинау қиындай түседі. 2027 жылға қарай ұйымдарға операциялық тиімділікті арттыруға немесе кіріс көлемін көбейту жолдарын іздеуге тура келеді", – дейді ол.

Жаңа салық қызмет бағасын қымбаттата ма?

Салық өзгерісіне қатысты ата-аналар мен медициналық қызмет тұтынушыларын алаңдататын басты мәселенің бірі – қызмет бағасының өсуі. Кәсіпкерлер қосымша шығындарды өтеу үшін оқу ақысы, балабақша төлемі немесе медициналық қызмет құнын көтеруі мүмкін.

Салық заңгері мұны нарықтағы қалыпты экономикалық реакция деп санайды. Оның айтуынша, инфляция мен жалақының өсуі де кәсіпкерлердің шығынын арттырып отыр.

"Алайда салық жүктемесін ата-аналар мен пациенттердің мойнына толығымен аудару барлық ұйымның қолынан келе бермейді. Әлеуметтік саладағы нарық бағаға өте сезімтал. Егер ұйым оқу ақысын немесе дәрігер қабылдауының құнын күрт көтерсе, тұтынушылар бәсекелестерге немесе мемлекеттік мекемелерге кетуі мүмкін", – дейді заңгер.

Маманның болжамынша, қызмет бағасы бірден емес, біртіндеп өсуі ықтимал. Кейбір ұйымдар тұтынушыларға түсетін салмақты азайту үшін бағаны 5-10 пайыз аралығында көтеруі мүмкін. Алайда бұл – барлық ұйымға қатысты нақты болжам емес, нарықтағы ықтимал өзгерістердің бірі.

Шағын балабақшаларға салық ауыр болуы мүмкін

Заңгер жаңа салықтың барлық ұйымға бірдей әсер етпейтінін айтады. Оның пікірінше, ірі жекеменшік мектептер мен білім беру орталықтары қаржылық мүмкіндігі мен клиенттер санының көптігіне байланысты өзгерістерге бейімделе алады. Ал шағын балабақшалардың жағдайы күрделірек болуы мүмкін.

"Шағын жекеменшік балабақшалар, әсіресе мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жұмыс істейтіндері, осал жағдайда қалады. Олардың мемлекеттік жан басына шаққандағы қаржыландыру тарифі бекітілген, ал табыстылық деңгейі төмен. Азық-түлік пен коммуналдық қызмет бағасы қатар өсіп жатқанда, салық жүктемесінің аз ғана артуы олардың табыстылығына қауіп төндіруі мүмкін", – деп түсіндірді сарапшы.

Оның сөзінше, мұндай ұйымдардың жұмысын жалғастыруы үшін мемлекеттік субсидиялардың сақталуы және өңірлік деңгейде атаулы қолдау шаралары маңызды. Жаңа Салық кодексінің нәтижесі мемлекет бюджет кірісін арттыра отырып, әлеуметтік саладағы жеке кәсіпкерліктің дамуына қаншалықты мүмкіндік беретініне байланысты болмақ.

"Әзірге ешқандай әсері жоқ"

Жекеменшік балабақша директоры Әсел Сабырханқызының айтуынша, әзірге 5%-дық корпоративтік табыс салығы олардың жұмысына әсер ете қойған жоқ. Себебі балабақша бұл салықты әлі төлеген жоқ. Төлемді келесі жылдың сәуір айында жасауды жоспарлап отыр.

"Әзірге бұл салықтың әсерін сезінген жоқпыз, өйткені оны әлі төлеген жоқпыз. Келесі жылдың сәуір айында төлеуді жоспарлап отырмыз. Қазірден бастап ай сайын депозитке шамамен 250 мың теңгеден жинап жатырмыз. Бухгалтеріміздің алдын ала есебінше, бір жылда төлеуге тиіс салық көлемі шамамен 1,5 миллион теңге болады", – деді ол.

Директордың сөзінше, көптеген жекеменшік балабақша салық төлеуге алдын ала дайындалмаған. Сондықтан келесі жылдың сәуірінде кәсіпкерлерге қаржылық салмақ түсуі мүмкін.

"Әріптестерімнің 90 пайыздан астамы әзірге бұл салыққа ақша жинап жатқан жоқ деп ойлаймын. Сәуір айында оларға оңай болмайды. Бірден 1,5-2 миллион теңге тауып, төлеу жекеменшік балабақшаларға ауыр соғуы мүмкін", – деп атап өтті ол.

Әсел Сабырханқызының пікірінше, КТС мөлшерлемесі 10 пайызға дейін көтерілсе, кәсіпкерлер ең алдымен шығындарын қысқартуға мәжбүр болады. Бұл білім беру сапасына, педагогтердің жалақысы мен біліктілігін арттыруға кері әсер етуі мүмкін.

"Кәсіпкер шығынды азайтудың жолын іздейді. Ең алдымен, қызмет сапасына, педагогтерге, мамандарды оқытуға және жаңа бастамаларға бөлінетін қаражат қысқаруы мүмкін. Алматыда мектепке дейінгі білім беру саласында бәсеке жоғары. Сондықтан қосымша шығынды ата-аналарға жүктеу де оңай емес. Алайда 10%-дық салықты төлеу үшін балабақшалар басқа шығындарын қысқартуға мәжбүр болады. Ал балабақша – ең алдымен балалардың өмірі мен денсаулығына жауапты әлеуметтік сала. Мұнда сапаны төмендетуге болмайды", – деді ол.

Директор мектепке дейінгі білім беру саласына корпоративтік табыс салығын мүлде алып тастаған дұрыс деп санайды. Ол 2026 жылды жаңа салық жүйесінің пилоттық кезеңі ретінде қарастырып, нақты көрсеткіштер негізінде саланың ерекшелігі ескеріледі деп үміттенеді.

Балабақша ақысы қымбаттай ма?

Әсел Сабырханқызының сөзінше, салықтың өсуі балабақша ақысына да әсер етуі мүмкін. Кәсіпкерлердің алдында үш жол бар: қызмет құнын көтеру, шығындарды қысқарту немесе балабақшаның одан әрі дамуын тоқтату.

"Бұл – түптің түбінде ата-аналар мен балаларға әсер ететін жағдай. Балабақшалар бағаны әдетте оқу жылының ортасында емес, жазда, жаңа оқу жылына дайындық кезінде қайта қарайды. Сондықтан салық жүктемесі артса, келесі жазда қызмет құнының өсуі әбден мүмкін. Қазірдің өзінде шығындарымызды ай сайын есептеп отырамыз. Балалар саны көбейіп, жақсы команда жинағанымызбен, инфляция мен басқа да шығындардың әсерінен кәсіптен қалатын табыс көңіл көншітпейді", – деді Сабырханқызы.

Балабақшада мемлекеттік тапсырыспен тәрбиеленетін балалар да бар. Алайда директордың пікірінше, мемлекеттік тапсырыс мекеменің барлық шығынын жабуға жеткіліксіз. Сонымен қатар мемлекет қызмет сапасын арттыруды талап еткенімен, оған қажетті қаржылық мүмкіндік шектеулі.

"Қазір балабақшалар 2027 жылдың қаңтарынан басталатын лицензиялауға дайындалып жатыр. Педагогтерімізді оқытудамыз, команда буллинг пен инклюзия бағытындағы курстардан өтті. Тексерулер мен мониторингтер де тұрақты жүргізіледі. Бізден қызмет сапасын арттыруды талап етеді, бірақ сонымен қатар оған инвестиция салу қиындап барады. Мемлекеттік тапсырыс та нақты шығындарды толық өтемейді. Салық төлегеннен гөрі, сол қаражатты жыл сайын білім сапасын жақсартуға жұмсаған дұрыс болар еді", – деді ол.

Директор салық төлеуге қарсы емес екенін, алайда әлеуметтік маңызы бар білім беру мен медицина салаларына ерекше көзқарас қажет екенін атап өтті.

"Мен жалпы салық төлеуді, бизнестің мемлекет алдында жауапты болып, есеп беруін қолдаймын. Бірақ мектепке дейінгі білім беру сияқты әлеуметтік маңызы бар салаларға ерекше көзқарас қажет. Мемлекет тек қанша салық түсетінін емес, ертең қандай ұрпақ тәрбиелейтінімізді де ойлауы керек", – деп түйіндеді Әсел Сабырханқызы.

Еске сала кетейік, Қазақстанда жеке тұлғалардың кәсіпкерлік табысын анықтауға арналған шекті сома 360 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін ұлғайды. Қазіргі мөлшермен есептегенде, бұл – 1 миллион 557 мың теңге. Ал мобильді аударымдарды тексеруге негіз болатын өзге талаптар өзгеріссіз қалды.

Ислам Әден
Жұма, 06 Қараша, 2026 10:00