Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтауда жеке мектепте әйел еден жуушының шелегін теуіп жіберген: Оқиға бойынша тергеп-тексеру басталды

Ақтау
Фото: кадрдан скриншот

Ақтаудағы Tulpar School жеке лицейінде болған оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарап жатыр. Кадрлардан әйелдің еден жуып жүрген қызметкердің су толы шелегін теуіп жібергенін көруге болады. Бұл туралы Lada.kz басылымына сілтеме жасап Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сәйкес, видеодағы әйел мектеп директорының жұбайы деген мәлімет бар. Сондай-ақ болған оқиғаға байланысты полицияға арыз түскені де айтылып жатыр. Маңғыстау облысының білім басқармасы жағдайға қатысты түсініктеме беріп, оқиғаның мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия құрылғанын мәлімдеді.

Комиссия тексеріс барысында екі тараптың да түсініктемесін тыңдап, болған жағдайға құқықтық және ұйымдастырушылық тұрғыдан баға береді. Тексеру қорытындысы бойынша заң аясында тиісті шаралар қабылданатыны хабарланды. 

Ал Маңғыстау облысының полиция департаменті әзірге оқиғаға қатысты түсініктеме берген жоқ.

Еске салсақ, бұған дейін Павлодарда өткен волейбол жарысында шымкенттік жаттықтырушының жасөспірім қызды басынан ұрып жібергенін жазған едік. Оқиға әлеуметтік желіде тараған видеодан кейін белгілі болды. Қазақстанның ұлттық волейбол федерациясы жаттықтырушы Хамит Мырзабековті екі жылға спорттан шеттетті. 

 

Қарлығаш Асқарова
Жұма, 06 Қараша, 2026 09:25