Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық жаттырушы матч кезінде жасөспірім қызды ұрып жіберген: Ол спорттан шеттетілді (видео)

шымкенттік жаттықтырушы
Фото: Видеодан скрин

Павлодар қаласында өтіп жатқан волейболдан жеке клубтар арасындағы Қазақстан біріншілігінде Шымкент волейбол академиясының жаттықтырушысы өз шәкіртін басынан ұрған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оқиғадан кейін маман екі жылға жарыстардан шеттетілді.

Әлеуметтік желіде тараған видеоға қарағанда, оқиға 2026 жылғы 26 қазанда болған. Кадрларда жаттықтырушы өз командасының №9 нөмірлі либеросын алаң шетіне шақырып, кейін оның басынан ұрғаны көрінеді.

Айта кетейік, турнирге 2012-2013 жылдары туған қыздар қатысып жатыр.

Қазақстанның ұлттық волейбол федерациясы оқиғаны растап, жаттықтырушы Хамит Мырзабековке қатысты тәртіптік шара қолданылғанын мәлімдеді.

Федерацияның тәртіптік комитеті мынадай шешім қабылдаған:

  • Хамит Мырзабеков екі жылға дисквалификацияланды. Осы мерзімде ол жаттықтырушылық және педагогикалық қызметпен айналыса алмайды, сондай-ақ федерацияның қамқорлығымен өтетін жарыстарға ешқандай рөлде қатыса алмайды.
  • Біріншілікті ұйымдастырушыға жарыс тәртібін тиісті деңгейде бақыламағаны үшін сөгіс жарияланып, айыппұл салынды.
  • Шымкент волейбол академиясына сөгіс берілді.

Сонымен қатар федерация зардап шеккен спортшы мен оның отбасына қолдау көрсетіп жатқанын хабарлады. Алдағы уақытта жаттықтырушылар мен өңірлік федерация өкілдеріне спорттық этика және спортшылардың құқықтарын қорғау тақырыбында міндетті семинарлар өткізілмек. Федерация спорттағы зорлық-зомбылықтың кез келген түріне төзбеушілік танытатынын мәлімдеді.

Оқиғаға не себеп болғаны және одан кейін не болғаны видеода көрсетілмеген.

Еске салайық, бұған дейін Ақтаудағы "Victory-a" оңалту орталығында ерекше білім беру қажеттілігі бар балаға күш көрсетілген. Баланың анасы оның денесінен көгерген іздерді байқап, бейнебақылау камераларының жазбаларын тексерген. Оның айтуынша, видеода орталық қызметкерлерінің баланы ұрып-соғып, мазақ еткені көрінген. Оқиғадан кейін орталықтың жұмысы уақытша тоқтатылған. Полиция аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған. Тергеу деректеріне сәйкес, бейімделген дене шынықтыру жаттықтырушысы кәмелетке толмаған балаға күш қолданған.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 27 Қазан, 2026 16:09