Есірткі ақшасын да криптовалютаға айналдырған: Қызылордада Binance арқылы миллиардтаған теңге айналымға түскен
Қызылорда облысында бір топ адам Binance арқылы 1 миллиард теңгеден астам криптовалюта сатып, заңсыз табыс тапқан. Олар криптовалюта саудасынан түскен ақшамен қатар, есірткі сатудан түскен қаражатты да криптовалютаға айналдырып, заңдастырған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, олар криптовалютаны арнайы рұқсатсыз сатқан. Ол үшін Binance платформасындағы P2P қызметін пайдаланған. Алайда мұндай сауданы "Астана" халықаралық қаржы орталығының сауда алаңдарынан тыс жерде жүргізген.
“Осылайша олар 1 миллиард теңгеден астам сомаға цифрлық активтер сатқан. Криптовалютаны заңсыз айырбастаудан түскен табыс 178 миллион теңгеге жеткен. Сонымен қатар сотталғандардың бірі есірткі сатудан түскен ақшаны заңдастырумен айналысқан. Ақшаны қабылдау және басқа шоттарға аудару үшін өздерінің банк шоттарын пайдалануға берген адамдарды (дропперлерді) тартқан. Осы шоттар арқылы 600 миллион теңгеден астам ақша аударылған”, – делінген хабарламада.
Түскен ақша криптовалютаға айырбасталып, есірткі саудагерлерінің криптоәмияндарына жіберілген. Тергеу анықтаған мұндай аударымдардың жалпы көлемі 277 мың USDT-ге жеткен.

“Сотталғандар қылмыстық жолмен тапқан ақшасына жүк көліктері мен тіркемелер сатып алып, оларды жақын туыстарының атына тіркеген. Кейін бұл көліктерді кәсіпкерлік мақсатта пайдаланып, заңды тұлғаларға жалға берген. Сот үкімімен олардың біріне үш жыл, екіншісіне екі жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сондай-ақ төрт арнайы техника мен қылмыстық жолмен алынған 1 миллиард теңгеден астам табыс мемлекет пайдасына тәркіленді”, – деді ведомство.
Үкім заңды күшіне енген.
Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбеде қылмыстық топ есірткі сататын интернет-дүкен үшін тәулік бойы төлем қабылдағаны туралы жазған едік. Мұнда топ мүшелері міндеттерді өзара бөлісіп, күндізгі және түнгі ауысыммен жұмыс істеген.
“Ішім созылып, әбіржігім келмейді": Қазақстандық қыздар неге бала туудан бас тартып жатыр
Қазақстанда бес жылда туған балалар саны 25 пайызға азайған
Қазақстанда жекеменшік мектептер мен балабақшаларға жаңа салық енгізілді: Қызмет бағасы қымбаттай ма
Заңгердің пікірінше, 2026 жылы енгізілген 5%-дық мөлшерлеме бизнес үшін бейімделу кезеңі саналады