Қостанайда "Тобыл" футбол клубының ойыншысына пышақпен шабуыл жасалды
Қостанайда “Тобыл” футбол клубының легионері Папе Альюн Ндиайеге шабуыл жасалды. Футболшының айтуынша, оқиға өзі жалдап тұрған пәтердің кіреберісінде болған. Сол күні ол еліне қайтуды жоспарлаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Франциялық, африкалық текті футболшы желідегі парақшасында жанжал кезінде қарсы тараптың қолында суық қару болғанын жазды. Оның жанына дер кезінде клуб қызметкері келіп, құтқарып қалған.

“Жағдайым жақсы. Қарсы тараптың қолында суық қару болды. Десе де Дәуреннің дер кезінде көмек беруінің арқасында ешқандай жарақат алған жоқпын. Сонымен қатар жағдайды бақылауға алған Қостанай полициясына алғысымды білдіремін”, – деп жазды футболшы.
Қостанай полициясы оқиғаға қатысты түсініктеме берді.
Ведомство мәліметінше, көршілес пәтер тұрғындары арасында жанжал болған. Оқиға салдарынан ешкім зардап шекпеген. Жанжалдың басталуына себепкер болған адамға қатысты ұсақ бұзақылық дерегі бойынша әкімшілік іс қозғалып, материалдар сотқа жолданған.
“Тобол” футбол клубы да оқиғаға қатысты ресми мәлімдеме жасады. Клубтың хабарлауынша, жанжал бейбіт жолмен толық реттелген. Тараптар ортақ мәмілеге келіп, бір-біріне ешқандай шағымы жоқ екенін жеткізген.
“Оқиғаның мән-жайы құқық қорғау органдарының бақылауында. Футболшы мен оның отбасы қауіпсіз жерде. Олардың өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. “Тобыл” футбол клубы өз ойыншысы мен оның отбасына қолдау білдіреді. БАҚ өкілдері мен көпшіліктен шындыққа жанаспайтын ақпарат таратпауды сұраймыз”, – делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін “Тобыл” Қазақстан Суперкубогінің төртінші мәрте жеңімпазы атанғаны туралы жазған едік.
"10 мың теңге үшін түн ортасына дейін жұмыс істеуге мәжбүрміз": Қазақстандық сынып жетекшілер жанайқайын жеткізді