Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан Израильге 500 мың тоннаға дейін бидай экспорттамақ

Астық экспорт Израиль
Фото: magnific.com

Қазақстан Израильге 200 мыңнан 500 мың тоннаға дейін азық-түлікке арналған бидай жеткізу мәселесін талқылауға дайын. Бұл туралы Иерусалимде өткен келіссөздер кезінде "Азық-түлік келісімшарт корпорациясы" басқарма төрағасының орынбасары Самат Тенбаев мәлімдеді. Алайда әзірге тараптар арасында нақты келісімшарт жасалған жоқ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Қазақстан тарапы Израильге бидай жеткізу бойынша ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасу мүмкіндігін қарастыруға дайын. Ұсынылып отырған астық көлемінің жыл сайын жеткізілетіні немесе бірнеше жылға есептелгені әзірге нақтыланбаған.

Израиль жыл сайын шетелден 2 миллион тоннадан астам бидай сатып алады. Бұдан бөлек, ел арпа, жүгері және майлы дақылдарды да импорттайды. Осыған байланысты Қазақстан тарапы басқа ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу мүмкіндігін де қарастыруға дайын екенін жеткізді.

Бидайды Израильге қалай жеткізеді?

Келіссөздер барысында Самат Тенбаев Қазақстан мен Израиль арасындағы қашықтық астық тасымалдауды қиындатуы мүмкін екенін атап өтті. Осыған байланысты қазақстандық астықты жеткізудің бірнеше бағыты ұсынылған.

Бірінші бағыт бойынша астық Әзербайжан мен Грузия арқылы тасымалдануы мүмкін. Екінші нұсқа – Балтық теңізіндегі порттарды пайдалану.

Корпорация бұған дейін Ресей, Әзербайжан және Грузия арқылы Арменияға астықтың сынақ партиясын жөнелткен. Бұл бағыттың мүмкіндіктері де қарастырылып отыр.

Айта кетейік, "Азық-түлік келісімшарт корпорациясы" қазақстандық фермерлерден астық сатып алып, оны сақтаумен және экспорттаумен айналысады. 2024-2025 ауыл шаруашылығы маусымында компания Марокко, Алжир, Мысыр және Вьетнамға астық жеткізген.

Қазақстанда соңғы 15 жылдағы ірі астық өнімдерінің бірі жиналды

Самат Тенбаевтың айтуынша, 2026 жылғы мол өнім Қазақстанға астық экспортын арттыруға мүмкіндік береді. Әсіресе құрамында ақуызы мен глютені жоғары бидайды шетелге жеткізуге басымдық берілмек.

Биыл Қазақстанда 24,3 миллион тонна астық жиналған. Бұл – соңғы 15 жылдағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, Қазақстан бүгінде ауыл шаруашылығы өнімдерін әлемнің 80-нен астам еліне экспорттайды.

2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында теміржол арқылы 8,4 миллион тонна астық шетелге жөнелтілген. Оның 5,5 миллион тоннасы Орталық Азия елдеріне, негізінен Өзбекстан мен Тәжікстанға жеткізілген.

Ал Ауғанстанға теміржол арқылы астық тасымалдау көлемі 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда төрт еседен астам артқан.

Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алатын ірі нарықтардың бірі – Қытай. Бұл елге астық, мал азығы, өсімдік майы және майлы дақылдар экспортталады. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қазақстанның Қытайға ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу көлемі 1,1 миллиард долларға жеткен. Бұл былтырғы осы кезеңдегі көрсеткіштен екі есеге жуық көп.

Қазақстан Израильдің су үнемдеу технологияларына қызығушылық танытты

Келіссөздерде тараптар тек астық саудасын ғана емес, ауыл шаруашылығы саласындағы технологиялық ынтымақтастықты да талқылаған.

Қазақстан тарапы Израильдің фермерлерге суды үнемдеуге көмектесетін технологияларына қызығушылық білдірді. Атап айтқанда, суды үнемдеп суару жүйелері мен тазартылған сарқынды суды қайта пайдалану тәжірибесін енгізу мүмкіндігі қарастырылған.

Бұған дейін Қазақстан енді Қытайға шошқа етін экспорттайтыны туралы жазған едік. Хаттама бойынша тек мұздатылған және салқындатылған ет емес, сонымен қатар субөнімдер мен термиялық өңделген өнімдер де қамтылады. Құжатқа қол қою екіжақты сауда қатынастарын дамытудың жаңа белесін ашып, Қазақстанның шошқа шаруашылығы мен қайта өңдеу өнеркәсібін нығайтуға ықпал етпек.

Айым Болатқызы
Жұма, 06 Қараша, 2026 08:53