Депозиттерге 5%-дық салық салынады деген ақпарат жалған болып шықты
Әлеуметтік желіде банк депозиттерінен түсетін сыйақыға салық енгізілетіні туралы ақпарат тарады. Осыған байланысты Дезинформацияға қарсы күрес орталығы түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Интернетте билік депозиттерге 5%-дық салық енгізуді жоспарлап отырғаны туралы ақпарат пайда болды. Кейін бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтыны белгілі болды. Ұлттық экономика министрлігі қауесетті жоққа шығарғанынан қарамастан, жалған ақпарат желіде таралуын тоқтатпады. Осыдан кейін дезинформацияға қарсы күрес орталығының мамандары да жалған мәліметті теріске шығаруға кірісті.
“Көрінеу жалған ақпаратты қасақана тарату заңда көзделген белгілер болған жағдайда белгіленген тәртіппен құқықтық баға беруге негіз болуы мүмкін”, – деп мәлімдеді Дезинформацияға қарсы күрес орталығы.
Орталық азаматтарды ақпарат тарату кезінде жауапкершілікпен қарауға шақырады. Әсіресе, негізсіз алаңдаушылық пен қоғамда шиеленіс тудыруы мүмкін әлеуметтік-экономикалық мәселелерге қатысты мәліметтерді жариялағанда мұқият болу қажет деп ескертті орталық өкілдері.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында ірі байлық иелеріне жоғары салық мөлшерлемесін енгізу мәселесін талқылауды ұсынған еді.
Президент заңды жолмен жиналған активтерді шектеу туралы сөз болып отырмағанын атап өтті. Оның айтуынша, әр азамат елдің дамуына мүмкіндігіне сай әділ үлес қосуы керек. Енді Үкімет пен Құрылтай осы мәселені зерделеп, тиісті ұсыныстар әзірлейді.
"10 мың теңге үшін түн ортасына дейін жұмыс істеуге мәжбүрміз": Қазақстандық сынып жетекшілер жанайқайын жеткізді