Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тентіреп кете жаздадым": Айгүл Иманбаева бір жылдан бері сиқырмен күресіп жүр

Айгүл Иманбаева
Фото: Instagram.com/aigul_imanbayeva/

Белгілі әнші әрі актриса Айгүл Иманбаева өзіне жасалған сиқырдан қалай емделіп жүргенін айтып берді. Өнер иесінің сөзінше, кейінгі бір жылда басынан талай қиындық өтіп, үйін сатып, 100 миллион теңгеге жуық қарызға батқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әнші әлеуметтік желідегі парақшасында өміріндегі ауыр кезеңді еске алып, сиқыр мен дуа тақырыбына біржола нүкте қоюды шешкенін айтты.

“Үйді де саттым, 100 миллион теңгелеп қарызға да баттым. Тентіреп кете жаздадым. Осылай абыроймен жүрген күннің өзінде тығырыққа бір-ақ тірелдім”, – деді Айгүл Иманбаева.

Өнер иесінің айтуынша, ол бір жылдан бері ем қабылдап, қалыпты өміріне оралуға тырысып жүр. Қазір жағдайы бұрынғыдан жақсарғанымен, қиындықтар толық артта қалмағанын жасырмады.

“Бір жыл болды алысып келе жатқаныма, әлі де алысып жатырмын. Бірақ былтырғыдай емес, шүкір. Не таппадық? Қуыршақ та, сурет те, жіп те, қан, топырақ – бәрі табылды. Бұрын мұндайға қарқылдап күлетін едім. XXI ғасырда ондай нәрсе жоқ деп ойлайтынмын. Көздерің ашық па, қай ғасырда өмір сүріп жатырсыңдар деп айтатындардың қатарында едім. Асқақ, артық сөйлеген екенмін”, – деді әнші.

Айгүл Иманбаеваның сөзінше, өзінің дәмханасы мен мектебінен, сондай-ақ жиі болатын басқа да орындардан сиқыр жасауға пайдаланылған заттар табылған.

Әнші ем іздеп барған адамдардың өзіне сиқырдың адам өміріне қалай әсер ететінін түсіндіргенін жеткізді.

“Маған мұның бес кезеңнен тұратынын айтты. Біріншіден, адамның ештеңеге зауқы соқпайды. Екіншіден, ақшадан қағылады. Үшіншіден, жанжал көбейеді. Төртіншіден, адамның бойынан жағымсыз иіс шыға бастайды. Ал соңғы кезеңде адам өзіне қол жұмсау туралы ойлай бастайды екен”, – деді актриса.

Айгүл Иманбаева өзіне кімнің сиқыр жасағанын білетінін де мәлімдеді. Алайда ол адамның есімін жарияламады.

Өнер иесі басынан өткен жағдайларға қарамастан, ешкімге кек сақтамайтынын жеткізді.

“Ең бастысы, өз бойыңды, ойыңды таза ұстап, жақсы ниетте болу. Мұны жасаған адаммен алыспаңыз. Жаратқан сізді жақсы көргендіктен осындай сынақ жібереді. Мен мұны осылай қабылдадым. Еш ренішім жоқ, оны істеген адамды кешірдім, жібердім. Бірақ мұны кім жасағанын білемін”, – деді әнші.

Ол бұл жағдайды өміріндегі үлкен сынақ ретінде қабылдағанын айтып, келер уақытта сиқыр мен дуа туралы әңгімеге қайта оралғысы келмейтінін мәлімдеді.

Еске салайық, биыл мамырда Айгүл Иманбаева журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында өзіне және ұлдарына қатысты күмәнді заттар табылғанын айтқан еді.

Әншінің сөзінше, алғашқы заттар өзіне тиесілі дәмхананың әйелдер дәретханасындағы жабық қуыстан шыққан. Қызметкерлердің бірі ол жерден қағазға оралған суреттерді тауып алған.

“Ашып қарасақ, менің және ұлдарымның суреті тұр. Жүрек, асқазан, қуық тұсына ине қадалған. Артында доллардың суреті бар. Кейін айнаның артынан, кәріз құбырының маңынан да іздедік. Барлығы 300-ге жуық сурет, ине, түйреуіш, топырақ, қан мен шаш таптық”, – деген еді өнер иесі.

Сол сұхбатында Айгүл Иманбаева кәсібі тоқырап, қаржылық қиындықтарға тап болғанын, тіпті өмірден түңілген кездері болғанын жасырмады. Кейін әнші Шымкентте тұратын, Ауғанстаннан көшіп келген дін қызметкеріне барып, дем салдырғанын да айтты.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 05 Қараша, 2026 20:00