"Жүрегім тарсылдап тұр": Айгүл Иманбаеваның жоспарлы отасы кейінге қалды

Танымал әнші әрі актриса Айгүл Иманбаеваның Алматыда жасалуға тиіс болған жоспарлы отасы кейінге шегерілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өнер иесі мұны әлеуметтік желідегі парақшасында айтты. Оның сөзінше, бұған медициналық талдау нәтижелерін қайта тексеру қажеттігі себеп болған.
“Мен бүгін жоспарлы отаға жатуым керек еді. Жата алмай қалдым. Себебі менің кейбір талдауларым дұрыс болмай, дәрігерлерім қайта тапсыруға жіберді”, – деді Айгүл Иманбаева.
Әнші хирург пен анестезиологтың бұл шешімін науқастың қауіпсіздігі үшін жасалған дұрыс қадам деп бағалаған. Оның айтуынша, дәрігерлер талдау нәтижелері аса қауіпті болмаса да, ота алдында толық сенімді болу маңызды екенін ескерткен.
“Анестезиологым да, хирургым да. Ол кісілердің жұмысы маған ұнады. Соншалықты нашар емес, нормада болғанның өзінде де, өздері де, мен де сенімді болуым үшін қайта тапсыртып жатыр”, – деді өнер иесі.
Айгүл Иманбаева дәрігерлердің мұқият тексерісін жауапкершіліктің белгісі деп қабылдаған. Ол денсаулық пен өмірге қатысты мәселеде асығыстық жасауға болмайтынын жеткізді.
“Жауапкершілік, денсаулық және өмір деп айтты. Содан кейін қайта тапсырдым… Жүрегім тарсылдап тұр. Бәрі жақсы болса, ота жасатамын”, – деді актриса.
Ота кейінге қалғанымен, өнер иесі жағдайға сабырмен қарап отыр. Ол уақытын жақын адамдарымен өткізіп, Алматыдағы дәмханалардың бірінде достарын күтіп отырғанын айтты.
Еске салайық, бұған дейін Айгүл Иманбаева өміріндегі ауыр кезеңді айтып бергені хабарланған еді.
Азық-түлік жеткізетін Airba Fresh сервисі жабылды: Жұмыссыз қалған қызметкерлер енді өтемақы ала алмай жүр
Оқыңыз