Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Намыс мені алға сүйреді": Айгүл Иманбаева өміріндегі ауыр кезеңді айтып берді

Айгүл Иманбаева
Фото: instagram.com/aigul_imanbayeva

Әнші, актриса Айгүл Иманбаева үшін өміріндегі ең үлкен сынақтардың бірі ажырасу болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялап, басын өткен қиын сәттерді бөлісті. Оның сөзінше, ол кезде небәрі 22 жаста еді.

Айгүл Иманбаева бала күнінде жоқшылық көрмей өскенін жасырмады. Анасы өмір бойы қаржы саласында еңбек еткен. Тоқсаныншы жылдардың қиын кезеңі болса да, олардың отбасы таршылықты қатты сезінбеген.

Алайда университет бітірген тұста оның өмірі күрт өзгерген. Қолында алты-жеті айлық баласы бар жас ана ажырасып, ауыр шешім қабылдауға мәжбүр болған. Баласын ауылдағы анасына қалдырып, өзі Алматыға келіп, бірнеше жерде қатар жұмыс істеген.

“Жоқтықты сол кезде көрдім. Бірақ мені намыс өлтірді. Ауылға барғанда “Гүлсімнің қызы ажырасып келіпті, баласымен келіпті” деген әңгімелер қатты батты. Соның бәрі маған сабақ болды”, – дейді Айгүл Иманбаева.

Актриса дәл сол кезеңде жауапкершіліктің не екенін шын сезінгенін айтты. Оның айтуынша, өміріндегі қиындықтар оны сындырмай, керісінше шыңдай түскен.

“Адаспаймын деп адастым. Адасып жүріп өз жолымды таптым. Қиыншылықтарды жеңдім. Бар мен жоқтың, аштық пен тоқтықтың қадірін сол кезде түсіндім”, – деді ол.

Айгүл Иманбаева бұл кезеңді өміріндегі ең ауыр, бірақ ең үлкен сабақ берген уақыт деп бағалайды. Оның сөзінше, сол сынақтар оны бүгінгі тұлға ретінде қалыптастырған.

Балнұр Рахматуллақызы
Сәрсенбі, 03 Маусым, 2026 17:20