"Халқымыз үшін маңызы зор": Президент қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтады
Республика күні қарсаңында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен мемлекеттік наградаларды тапсыру рәсімі өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Салтанатты жиында мемлекет басшысы бұл мерекенің халқымыз үшін айрықша маңызға ие екенін айтты.
“1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл күн еліміздің тарихында жаңа дәуірге жол ашып, дербес ел ретінде дамуымызға негіз болды. Тарихи әділдік орнап, қасиетті жерімізде тәуелсіздіктің берік іргетасы қаланды. Сондықтан бұл күн Ұлы даладағы мемлекеттілік дәстүрінің қайта жаңғыруына жол ашты деп нық сеніммен айтуға болады”, – деді президент.
Президенттің айтуынша, биыл Қазақстан ұлттық мерекені тәуелсіздіктің 35 жылдығы қарсаңында атап өтіп отыр.
“Осы тарихи белеске Қазақстан әлемдік қауымдастық құрметтейтін, қарқынды дамып келе жатқан мемлекет ретінде қадам басып отыр. Егемендік жылдары елеулі жетістіктерге қол жеткіздік. Ұлттық болмысымыздың ажырамас нышандары – мемлекеттік рәміздеріміз бекітілді. Көк байрағымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтері алдында желбіреп тұр”, – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстанда ұлттық қаржы жүйесі қалыптасып, мемлекеттік шекараларымыз түпкілікті бекітілгенін де айтты.
“Қасиетті Сарыарқаның төрінде, ескі қаланың орнында жаңа астанамыз – бүкіл әлем сүйсіне қарайтын Астананың іргетасы қаланды. Бірлігімізді нығайтып, әлемге бейбітшілік пен келісімнің мекені екенімізді таныттық”, – деді президент.
25 қазан – Республика күні
Республика күні – Қазақстанның ұлттық мерекесі. 1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл құжат еліміздің тәуелсіздікке қарай жасаған маңызды қадамдарының бірі болды. Ал 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан тәуелсіздігін жариялады.
Республика күні 1995 жылдан бастап аталып өтіп, кейін ұлттық мерекелер қатарынан алып тасталды. 2022 жылы оған ұлттық мереке мәртебесі қайта берілді. Бүгінде бұл күн Қазақстанның мемлекеттілігі мен егемендігінің маңызын айқындайтын мереке ретінде атап өтіледі.
Айта кетейік, 23 қазанда Республика күні қарсаңында бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды. Марапат иелерінің қатарында еңбек адамдары, ғалымдар, дәрігерлер, ұстаздар, өнер қайраткерлері, кәсіпкерлер мен әскери қызметкерлер бар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті жарлыққа қол қойды. Құжатқа сәйкес, азаматтар елдің дамуына қосқан елеулі үлесі, белсенді қоғамдық қызметі, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға сіңірген еңбегі үшін марапатталды.
IT мамандығын бітіріп, аяқкиім тазалаумен айналысады: 23 жастағы қазақстандық айына миллиондарды қалай тауып жүр