Қазақстанда университетте 4 жыл оқу міндетті болмай ма? Үкімет түсініктеме берді
Қазақстанда университетте бакалавриаттың үш жылдық оқу форматын дамыту мәселесі қарастырылып жатыр. Үкімет 2027 жылы жоғары оқу орындарындағы осы тәжірибеге талдау жүргізіп, түлектердің жұмысқа орналасуы, табысы және жұмыс берушілердің мамандарға көңілі толу деңгейін бағалауды жоспарлап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қандай мамандықтар бойынша үш жыл оқуға болады?
Қазақстан заңнамасына сәйкес, жоғары оқу орындары білім беру бағдарламаларын өздері әзірлей алады. Олар мемлекеттік білім беру стандарттарын, кәсіптік біліктілік талаптарын және жұмыс берушілердің сұранысын ескеруі керек.
Үкіметтің депутаттарға берген жауабында түсіндіргендей, үш және төрт жылдық бакалавриат бағдарламаларының негізгі айырмашылығы оқу ұзақтығында. Студенттер белгіленген академиялық кредиттерді меңгеріп, қажетті оқу нәтижелеріне қол жеткізуге тиіс.
Көптеген бакалавриат бағдарламасы бойынша оқу көлемі – 240 кредит. Кейбір бағыттарда кемінде 300 кредит талап етіледі.
Үш жылдық оқу форматын енгізу кезінде мамандықтың ерекшелігі ескеріледі. Әсіресе, медицина, ветеринария, өнер, педагогика, жаратылыстану, инженерлік-техникалық және гуманитарлық бағыттар бойынша оқу бағдарламаларын жеке қарау қажет. Өйткені бұл салаларда теориялық біліммен қатар ұзақ мерзімді практикалық даярлық та маңызды.
Қазірдің өзінде 16 мыңнан астам студент осы форматта оқиды
Үкіметтің мәліметінше, қазір бірқатар жоғары оқу орнында триместрлік жүйе қолданылады. Бұл форматта компьютерлік ғылымдар, киберқауіпсіздік, үлкен деректерді талдау, бағдарламалық инженерия, жасанды интеллект, цифрлық құқықтану, бизнес-талдау және маркетинг сияқты бағыттар бойынша 16 мыңнан астам студент білім алып жатыр.
Мұндай жүйе қолданылатын оқу орындарының қатарында:
- Astana IT University;
- Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ;
- Алматы Менеджмент Университеті;
- Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ бар.
Алайда оқу мерзімін қысқарту университет шығындарын немесе білім алу ақысын автоматты түрде азайтпайды.
“Оқу ақысы студент меңгерген академиялық кредиттер көлеміне қарай есептеледі. Ал триместрлік жүйеге көшу оқу жүктемесін қысқа уақытқа шоғырландырады”, – деп мәлімдеді Үкімет.

Ғылым және жоғары білім министрлігі 2027 жылы жоғары оқу орындарындағы үш жылдық оқыту тәжірибесіне талдау жүргізуді жоспарлап отыр. Бұл жұмысқа Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы және салалық бизнес өкілдері қатысады.
Талдау нәтижесі бойынша мамандар даярлау жүйесін жетілдіруге қатысты қосымша шаралар қабылдануы мүмкін.
Сонымен қатар білім беру бағдарламаларының тиімділігін бағалау үшін бірнеше көрсеткіш қарастырылады. Атап айтқанда:
- Түлектердің өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасуы;
- Жұмыс берушілердің мамандарды даярлау сапасына қанағаттануы;
- Түлектердің табысы;
- Кәсіптік сертификаттау нәтижелері;
- Мамандарды даярлауға жұмсалатын нақты шығындар бар.
Үкіметтің мәліметінше, бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр және тұрақты бақылауда болады.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда білікті кадрлардың жетіспеуіне байланысты Құрылтай депутаты Махамбет Хасенов "үш жылдық бакалавр" жүйесін жиі қолдануды ұсынып, елге тезірек қажет мамандықтардың тізімін атаған еді.
IT мамандығын бітіріп, аяқкиім тазалаумен айналысады: 23 жастағы қазақстандық айына миллиондарды қалай тауып жүр