Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елімізде қандай мамандар жетіспейді: Еңбек министрлігі сұраныс жоғары кәсіптерді атады

жұмысшылар
Фото: Pexels

Қазір Қазақстанда дәрігерлерге, өндіріс пен құрылыс саласындағы жұмысшыларға және инженерлерге сұраныс жоғары екені анықталды. Әсіресе денсаулық сақтау саласында мамандар жетіспейді екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылы елде ең көп сұраныс дәрігерлерге болған. Мәселен, акушер-гинекологтарға арналған 469 бос жұмыс орнына небәрі 100 түйіндеме тіркелген. Ал педиатрларға ұсынылған 448 бос орынға 139 адам ғана жұмыс іздеп өтініш қалдырған.

Анестезиолог-реаниматологтарға да сұраныс жоғары. Бұл мамандық бойынша 300 бос орын жарияланғанымен, жұмыс іздеушілерден 75 түйіндеме түскен. Сонымен қатар салада онкологтар, жаңа туған нәрестелерді емдейтін неонатологтар мен эндокринологтар жетіспейтін көрінеді.

Дәрігерлерден бөлек, жұмысшы мамандықтарына да сұраныс сақталып отыр. Әсіресе, электрик, механик, слесарь, дәнекерлеуші, машинист, құрылысшы және жүргізушілер қажет. Кәсіпорындар түрлі жабдықтарды басқара алатын операторлар мен инженерлерді де іздеп жатыр.

"Мұндай мамандарға сұраныс өнеркәсіптің дамуына, жаңа нысандардың салынуына, кәсіпорындардың жаңартылуына, көлік және энергетика инфрақұрылымының кеңеюіне байланысты болып отыр. Қазір жұмыс берушілерге өз кәсібін жақсы білетін ғана емес, заманауи технологияларды меңгерген қызметкерлер де қажет", – деп түсіндірді министрлік.

Еңбек нарығында ақпараттық технологиялар саласының мамандары да сұранысқа ие болып жатқан көрінеді. Атап айтқанда, бағдарламалық жасақтама мен түрлі қосымшаларды әзірлейтін мамандарға қажеттілік жоғары. Өндіріс орындарында автоматтандырылған жүйелердің көбеюі мен жасанды интеллектінің енгізілуі де цифрлық технологияларды меңгерген қызметкерлерге сұранысты арттырып отыр.

"Автоматтандыру мен жасанды интеллектіні енгізу өз жұмысында цифрлық құралдарды қолдана алатын мамандарға деген қажеттілікті күшейтіп келеді", – делінген ведомство ақпаратында.

Еңбек министрлігінің болжамынша, 2035 жылға дейін Қазақстан экономикасына 2,9 миллион маман қажет болады. Олардың жартысынан астамы жұмысшы кәсіптердің үлесіне тиеді. Осыған байланысты биыл сұранысқа ие мамандықтардың тізімі кеңейтілген. Бұған дейін тізімде 51 мамандық болса, қазір олардың саны 174-ке жетті. Олардың қатарына инженерия, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, биотехнология, жасыл және атом энергетикасы саласындағы кәсіптер кірген.

 

Мамандарды даярлауға жұмыс берушілердің өздері де қатысып жатыр. Қазір еліміздегі 552 колледждің 138 мың студенті дуальды білім беру жүйесі бойынша оқиды. Яғни олар колледжде алған білімін кәсіпорындарда тәжірибе жүзінде қолданады. Бұл іске 11 мыңға жуық кәсіпорын тартылған. Бұдан бөлек, 43 мың студент жұмыс берушілердің арнайы тапсырысымен білім алып жатыр. Ал мамандығын ауыстырғысы келетін немесе жаңа кәсіп меңгеруді жоспарлаған азаматтар қысқамерзімді кәсіби оқу және қайта даярлау курстарынан өте алады.

"Еңбек нарығындағы маман тапшылығы жұмыс күшінің жалпы жетіспеуінен ғана туындап отырған жоқ. Негізгі мәселелердің бірі – жұмыс іздеп жүрген азаматтардың біліктілігі жұмыс берушілердің талабына сәйкес келмеуі. Сондықтан сұранысқа ие мамандарды даярлау, олардың тәжірибелік дағдыларын дамыту және оқу орындарының жұмыс берушілермен байланысын күшейту маңызды", – деп мәлімдеді Еңбек министрлігі.

Ведомствоның мәліметінше, алдағы жылдары қандай кәсіп иелеріне сұраныс болатынын алдын ала анықтау білім беру бағдарламаларын жаңартуға және азаматтардың мамандық таңдауына көмектеседі.

Айта кетейік, бұған дейін Ішкі істер министрлігі шетелде жоғары жалақы төленетін жұмыс ұсынамыз деген интернеттегі күмәнді хабарландырулардан сақ болуға шақырғаны туралы жазған едік. 

Қарлығаш Асқарова
Сейсенбі, 20 Қазан, 2026 14:14