Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда жұмыс берушілер жас мамандарға тәлімгер тағайындауға міндеттелмек

Тәлімгер
Фото: istockphoto.com

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев еңбек заңнамасында жас мамандарды жұмысқа орналастыру кезінде қорғауға бағытталған қандай өзгерістер дайындалып жатқанын және жұмыс берушілер үшін қандай өзгерістер болатынын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Журналистер министрге жас мамандарды жұмысқа орналастыру мәселесіне қатысты сұрақ қойып, жұмыс берушілер жас үміткерлерге жиі шамадан тыс талаптар қоятынын атап өтті.

Министрдің айтуынша, енді еңбек шарттарында жұмыс берушінің ең төменгі міндеттері бекітілмек. Оған сәйкес жұмыс беруші жас қызметкерді жұмысқа ресми түрде қабылдап, оған бейімделуге және тәжірибе жинауға көмектесетін тәлімгер тағайындауға міндеттеледі.

"Заңнамада бұл – жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы қатынастар екені көрсетілген. Дегенмен біз еңбек шарттарына өз түзетулерімізді енгізіп отырмыз. Яғни еңбек шарттарында біз жастарға, еңбек жолын енді бастағандарға қатысты жұмыс берушінің міндеттерінің ең төменгі талаптары бекітілуін талап ететін боламыз. Азамат ресми түрде жұмысқа орналасуы тиіс, оған кәсіби тәжірибесін үйретіп, бөлісе алатын тәлімгер тағайындалуы қажет. Ал ол кәсіби маман болғаннан кейін, осы ұйымға пайда әкеле алады", – деді министр.

Министр мұндай мәселелердің шынымен бар екенін және оларды шешу бағытындағы жұмыс жалғаса беретінін атап өтті.

“Мұндай шаралар барлық жерде бірдей қолданылмауы тиіс, кейбір салаларда, керісінше, олардан бас тарту қажет. Бұл жұмыс жалғасады, онымен тұрақты түрде айналысамыз. Тәлімгерлік жүйесі бізде қазір де бар: 1,5 жыл бұрын тиісті ережелер қабылданған, алайда әзірге олар жұмыс істеп тұрған жоқ", – деді Асқарбек Ертаев.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда жұмыс берушілер әріптестері үшін жұмыс істеген қызметкерлерге қосымша ақы төлеуге міндеттелетіні туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Жұма, 26 Маусым, 2026 23:04