Қазақстанда ғылым саласынан 51 миллиард теңгеге жуық қаржылық заңбұзушылық анықталды
Қазақстанда ғылым саласына жүргізілген мемлекеттік аудит барысында 50,9 миллиард теңгенің қаржылық заңбұзушылығы анықталды. Бұдан бөлек, 47 миллиард теңгеге жуық қаражат тиімсіз жұмсалған немесе дұрыс жоспарланбаған. Құрылтайдың жалпы отырысында Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов осындай мәліметтерді жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жоғары аудиторлық палата ғылымды дамытуға бөлінген мемлекеттік қаржы мен активтердің пайдаланылуын, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың ғылыми зерттеулерге міндетті түрде аударатын қаражатының қалай жұмсалғанын тексерген. Аудит тоғыз мемлекеттік орган мен ұйымның қызметін қамтыған. Оның ішінде Ғылым және жоғары білім министрлігі, Ғылым комитеті, Ғылым қоры, Ұлттық ғылым академиясы және басқа да ұйымдар бар. Жалпы тексеріс аясында 241,9 миллиард теңгенің бюджет қаражаты қаралған.
Тексеру нәтижесінде 50,9 миллиард теңгенің қаржылық заңбұзушылығы анықталды. Сонымен қатар 41,5 миллиард теңге тиімсіз пайдаланылып, тағы 5,5 миллиард теңге тиімсіз жоспарланған. Аудиторлар 230 рәсімдік заңбұзушылық пен 69 жүйелі кемшілікті де тіркеген.
67 миллиард теңге бөлінген ғылыми тапсырмалар орындалмаған
Аудит ғылымға бөлінген қаржының нақты нәтижеге айналуында да мәселелер бар екенін көрсетті. Атап айтқанда, 2023–2025 жылдары ғылыми зерттеулерді қаржыландыруға арналған 20 конкурс аясында 393 тапсырма берілген. Алайда олардың 149-ы орындалмаған. Бұл тапсырмалардың жалпы құны шамамен 67 миллиард теңгені құраған.
Бұдан бөлек, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында 79 ғылыми жобаға 62 миллиард теңге бөлінген. Алайда олардың шығындары алдын ала егжей-тегжейлі есептелмеген. Кейбір жобалардың қорытынды есебі қабылданбай тұрып, орындаушыларға қаражаттың 96–98%-ы төленіп қойған. Яғни ғылыми жұмыстың түпкілікті нәтижесі тексеріліп, бағаланғанға дейін қаржының басым бөлігі аударылған.
"16 млрд теңгені құрайтын 176 жоба бойынша түпкілікті нәтижеге қол жеткізілмеген. Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығының мониторингі жобалардағы кемшіліктерді анықтағанымен, тиісті шешімдер қабылдауға негіз болмаған. 2025 жылы мониторинг 2 мыңнан астам ғылыми жоба мен коммерцияландыру жобасын қамтып, 3 млрд теңгеден астам сомаға бұзушылық анықталған. Алайда ұлттық ғылыми кеңестер бұл мәселелер бойынша тек ақпаратты назарға алумен шектелген", – деді Әлихан Смайылов.
Жоғары аудиторлық палата төрағасының айтуынша, ғылыми жобалардың нәтижесі көбіне жарияланған мақалалар, алынған патенттер және ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізу туралы құжаттар арқылы бағаланады. Алайда мұндай құжаттардың болуы зерттеу нәтижесінің нақты өндірісте қолданылғанын немесе экономикалық пайда әкелгенін білдірмейді. Мәселен, аудит барысында іріктеліп тексерілген 60 патенттің ешқайсысы бойынша оларды пайдалану туралы келісім жасалмаған.
22 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген жобалар күткен нәтижеге жетпеген
Ғылыми зерттеулерді нақты өнімге айналдырып, нарыққа шығару мәселесінде де кемшіліктер анықталған. Ғылым қорының есебінде ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру деңгейі 44% деп көрсетілген. Алайда аудиторлар көрсеткішті бірыңғай әдістеме бойынша қайта есептегенде оның нақты үлесі шамамен 16% болғанын анықтаған.
"Нақты нарықтық әсер де шамалы. Аяқталған 141 жобаның ішінде небәрі 38 жоба немесе 27%-ы ғана соңғы 3 жылда өнімді тұрақты түрде сата алған. Қаржы көлемі 22 млрд теңге болатын қалған 103 жоба өнім өндіру мен сату көлемі бойынша күткен нәтижелерге қол жеткізбеген", – деді Жоғары аудиторлық палата төрағасы.
Яғни ғылыми зерттеулерге қаржы бөлініп, жобалар аяқталғанымен, олардың басым бөлігі нарықта тұрақты сатылатын өнім шығаруға қол жеткізе алмаған.
Ғылымға бөлінетін қаржы екі еседен астам артқан
Аудит қорытындысы ғылым саласына бөлінетін қаржының соңғы жылдары айтарлықтай өскенін де көрсетті. Әлихан Смайыловтың айтуынша, 2022–2025 жылдар аралығында ғылымды қаржыландыру көлемі 122 миллиард теңгеден 262 миллиард теңгеге дейін артқан. Осы кезеңде Ұлттық ғылым академиясы құрылып, жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жаңарту, жас ғалымдарды қолдау жұмыстары жүргізілген. Алайда қаржыландыру көлемі ұлғайғанымен, ғылыми зерттеулерге жұмсалатын шығын жалпы ішкі өнімнің небәрі 0,16%-ын құрайды. Ал белгіленген мақсатты көрсеткіш – 1%-ды құрап отыр. Ғылым саласын қаржыландыруда мемлекеттің үлесі де айтарлықтай өскен.
"Ғылымды қаржыландыруда мемлекеттің үлесі 55%-дан 82%-ға дейін артқан. Бұл бизнестің ғылыми әзірлемелерге сұранысы мен зерттеулерді қаржыландыруға қатысуы әлі де төмен екенін көрсетеді. Аудит барысында ғылым саласын басқаруда да жүйелі кемшіліктер анықталды. 2021–2025 жылдары саланы дамытуға арналған төрт бағдарламалық құжат қабылданғанымен, оның үшеуінің күші мерзімінен бұрын жойылды", – деді Смайылов.
Сонымен қатар ғылым саласын дамытуға арналған бірқатар жоспарлы көрсеткіш төмендетілген.
Атап айтқанда, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалатын шығындардың нысаналы көрсеткіші ЖІӨ-нің 2%-ынан 0,5%-ына дейін қысқартылған. Зерттеушілер санын арттыру көрсеткіші 50%-дан 7%-ға, ал жеке сектордың ғылыми жобаларды бірлесіп қаржыландыру үлесі 50%-дан 32%-ға дейін төмендеген.

Жер қойнауын пайдаланушылардың қаржысы депозиттерге салынған
Аудиторлар жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың ғылыми зерттеулерге міндетті түрде бөлетін қаражатының жұмсалуын да тексерген. Заң бойынша жер қойнауын пайдаланушылар табысының белгілі бір бөлігін ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға бағыттауға міндетті. Алайда аудит нәтижесінде осы қаражатты басқаратын ұйымдардың қаржының едәуір бөлігін бірден ғылыми жобаларға жұмсамай, банктердегі депозиттер мен бағалы қағаздарға орналастырғаны анықталған.
Мәселен, Astana Hub 22,9 миллиард теңгені, ал "Самғау" қоры 10,2 миллиард теңгені осындай қаржы құралдарына салған. Нәтижесінде бұл ұйымдар тиісінше 12,8 миллиард және 1,6 миллиард теңге пайыздық табыс алған. Сонымен қатар ғылыми жобаларды қаржыландыру кезінде қаражатты аудару мерзімдері де бұзылған. Astana Hub-та кешігу 215 күнге дейін жетсе, "Самғау" қорында кейбір төлемдер екі жарым жылдан астам уақытқа созылған.
Аудит барысында жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми зерттеулерге бөлінуі тиіс қаражат бойынша 10,2 миллиард теңге қарызы бары анықталған. Оның 3,2 миллиард теңгесіне қатысты сот арқылы өндіріп алу мерзімі өтіп кеткен.
Тексеру нәтижесінде 36 материал жауапты органдарға жолданды
Жоғары аудиторлық палатаның мәліметінше, аудит барысында анықталған заңбұзушылықтардың бір бөлігі бойынша қаржыны қалпына келтіру және мемлекетке қайтару шаралары қабылданған. Атап айтқанда, 37,8 миллиард теңге қалпына келтіріліп, тағы 19,1 миллион теңге өтелген. Сонымен қатар тексеру нәтижесінде 36 материал әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесін қарау үшін уәкілетті органдарға жолданған. Бұдан бөлек, Геология комитеті есептілікті уақытында тапсырмаған 13 жер қойнауын пайдаланушыны әкімшілік жауапкершілікке тартқан.
Аудиторлар ғылыми жобаларды қаржыландыру тәртібін қайта қарауды, зерттеу нәтижелерінің іс жүзінде қолданылуын бақылауды күшейтуді және ғылыми жобаларға баға беретін сарапшылардың жауапкершілігін арттыруды ұсынып отыр.
Еске салсақ, бұған дейін Түркістан облысының Сарыағаш ауданындағы №12 колледж LEGO құрастырғыштары мен парталарды сатып алуға 27 миллион теңгеден астам қаржы жұмсағаны хабарланған еді. Оның ішінде 14 миллион теңгеден астам қаражат балаларға арналған LEGO жиынтықтарына бөлінген. Сатып алынған құралдардың арасында 4–6 жастағы балаларға арналған ойыншықтар да болған.
"16 жасымда күштеп ұзатты": Зікірші Исматулланың қарындасы балалық шағындағы қорлықты айтты