Нұртас Адамбайдың әйелі күйеуінің психологтың ықпалындағы "сектаға" кіріп кеткенін айтты
Қазақстандық режиссер әрі актер Нұртас Адамбайдың жұбайы Ғалия Адамбай күйеуінің психолог Төребек Бекбаевтың ықпалына түсіп, оның көзқарастарын ұстанатынын мәлімдеді. Әйелдің айтуынша, бұл жағдай отбасында үлкен жанжалдарға себеп болып, балалардың тәрбиесіне де кері әсерін тигізіп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ғалия Адамбай Instagram желісіндегі стористерінде Төребек Бекбаевтың қызметін сынға алып, оның көзқарасын ұстанушыларды "секта", ал таратып жүрген идеяларын "төребекщина" деп атаған.

Оның сөзінше, бұл идеяны қолдайтындар ата-ана баланы өз еркінен тыс ештеңеге мәжбүрлемеуі керек деп есептейді. Тіпті мәселе баланың денсаулығы мен қауіпсіздігіне қатысты болса да, оның таңдауына араласпау керек деген ұстанымда.
Ғалияның айтуынша, мұндай көзқарастар балаларды тазалыққа, дұрыс тамақтануға үйретуге және қажет кезінде дәрігерге қаратуға кедергі келтіреді.
"Күн сайын таңертең үш жастағы баланың тісін тазалату үшін күресуге тура келетін үйде өмір сүру – нағыз азап. Себебі әкесі қызының өз еркінен тыс ештеңе істегенін қаламайды. Балаларға құнарлы, пайдалы, дұрыс тамақ беру үшін де күн сайын күресуге тура келеді", – деп жазды ол.

Сондай-ақ Ғалияның сөзінше, Нұртас Адамбай өзі денсаулығына мұқият қарайды, дұрыс тамақтанады, қажетті дәрі-дәрмектерін қабылдайды және гаджеттерді қолдануды шектейді.
Әйел мұндай көзқарастардың салдарымен бес жылдан бері күресіп келе жатқанын айтады.
"Секта осылай жұмыс істейді. Оның зардабын балалар мен әйелдер тартады. Мен барлық құжаттар мен мамандардың қорытындысын жариялаймын. Оның уақыты келеді. Әзірге мен үшін балаларымның жағдайы бірінші орында", – деді Ғалия.
Ғалия Адамбай құжаттарды жариялауға уәде берді
Ғалия Адамбай бастапқыда отбасындағы жанжалды көпшілік алдында талқылауды тоқтатуды жоспарлағанын жеткізді. Алайда оның айтуынша, күйеуінің әрекеттері бұл тақырыпты қайта көтеруге мәжбүр еткен.
"Күйеуім менің "төребекщина сектасы" туралы үндемей қалуыма мүмкіндік бермей отыр. Өзінің қорқытуы мен ақылға қонымсыз әрекеттері арқылы мені әрі қарай сөйлеуге мәжбүрлейді", – деп жазды ол.
Сондай-ақ әйел аталған идеялардың отбасына кері әсерін тигізгенін дәлелдейді деп санайтын деректер мен құжаттарды жариялауға ниетті екенін мәлімдеді.

Еске салайық, бұған дейін актер әрі режиссер Нұртас Адамбай кезінде дінге қатысты айтқан кей пікірлеріне өкінетінін айтқан еді. Нұртас Адамбай сұхбат барысында өз көзқарасын өзгеге күштеп таңудың дұрыс емес екенін де айтты. Оның сөзінше, мұндай әрекет керісінше адамды діннен алыстатуы мүмкін.
Ол кезінде футболға қатысты айтқан сөздерін мысалға келтірді. Оның сөзінше, ол футболды “харам” деп атамаған, алайда футбол ойнамау және көрмеу керек деген пікір айтқанын мойындады.
