Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мен қатты қателестім": Нұртас Адамбай бұрынғы радикалды пікірлерін еске алып, көзіне жас алды

Нұртас Адамбай
Фото: Видеодан скриншот

Актер әрі режиссер Нұртас Адамбай фотограф әрі режиссер Қанат Бейсекеевке берген сұхбатында кезінде дінге қатысты айтқан кей пікірлеріне өкінетінін жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Нұртас Адамбай сұхбат барысында өз көзқарасын өзгеге күштеп таңудың дұрыс емес екенін де айтты. Оның сөзінше, мұндай әрекет керісінше адамды діннен алыстатуы мүмкін.

Ол кезінде футболға қатысты айтқан сөздерін мысалға келтірді. Оның сөзінше, ол футболды “харам” деп атамаған, алайда футбол ойнамау және көрмеу керек деген пікір айтқанын мойындады.

“Футболмен айналыспау керек, оны көрмеу керек дегенімде мен қателестім. Бұл – таза ақымақтық болды. Ол кезде біреуге не істеу, не істемеу керегін айтуға құқым бар деп ойлайтындай дәрежеде ақымақ болғанмын”, – деді ол.

Сонымен бірге режиссер өзінің сөздері арқылы кей адамдардың исламға деген көзқарасына кері әсер еткен болуы мүмкін деген ойдың өзін алаңдататынын жасырмады.

“Біреу менің кесірімнен жалпы дін туралы теріс ойлап қалуы мүмкін. Осы ойдың өзі мені қазір қорқытады. Менің кесірімнен бір адамның дінге деген көзқарасы бұзылғанын мүлде қаламас едім”, – деді Нұртас Адамбай.

Осы сәтте ол эмоциясын жасыра алмай, көзіне жас алды.

Адамбай адамның өз көзқарасын өзгеге күштеп таңуы дұрыс емес екенін де айтты. Ол мұндай әрекет қарсы тарапқа “сен өзің дұрыс шешім қабылдай алмайсың, мен сен үшін шешемін” дегендей әсер қалдыруы мүмкін деп есептейді.

“Біреуге бір нәрсені күштеп таңған кезде, сен оған: “Сен ақымақсың, мен ақылдымын, саған не керек екенін мен білемін” дегендей боласың. Мұндай нәрсе ешкімге ұнамайды. Керісінше, соның кесірінен адамды діннен алыстатып алуың мүмкін”, – деді ол.

Режиссер қазір өзін исламды өзгелерге түсіндіруге немесе діни үкім айтуға құзыретті адам санамайтынын атап өтті.

“Мен ислам маманы емеспін. Мен – өз жолын іздеп жүрген адаммын. Өзім үшін бір нәрсе таптым, соған сенгім келеді. Сондықтан бүгін айтқан сөздерімнің бәрі – тек менің жеке пікірім. Мен қателесуім мүмкін. Ешкімді дінге қатысты еш нәрсеге шақырғым келмейді”, – деді Адамбай.

Оның айтуынша, бұған дейін өзінен “өте мықты мұсылман, өте мықты сенуші” болуды талап етіп келген. Кейін шынайы сенімге бірден емес, уақыт өте келе жететінін түсінген.

Сондай-ақ Нұртас Адамбай өміріндегі қиын кезеңдерде намаздың өзіне тірек болатынын жеткізді.

“Қандай жағдайда болсам да, арқа сүйейтін нәрсем бар екенін білемін. Ол – намаз. Адамның сүйенетін ештеңесі болмаса, өте қиын”, – деді ол.

Сұхбат соңында режиссер өзінің бұрын жіберген қателіктерін діннің өзімен байланыстыру дұрыс емес екенін айтты. Ол мұны оқу үлгерімі нашар студенттің мысалымен түсіндірді.

“Егер бір студент нашар оқыса, ол университеттің жаман екенін білдірмейді. Сол секілді мен де кезінде қателестім, біреуге бір нәрсені таңуға, үйретуге тырыстым. Бірақ адамның қателесуі – діннің қателігі емес”, – деді Нұртас Адамбай.

Еске салйық, бұған дейін желіде қазақстандықтар Нұртас Адамбайдың “Барби” фильміне қарсы шығып, “Базз Лайтер” мультфильмін сынағанын және дәстүрлі құндылықтарды жиі сөз еткенін еске салып, кейін АҚШ-қа қоныс аударуын сынға алған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 08 Қыркүйек, 2026 15:15