Қазақстанда әлеуметтік желіде жеке мақсатқа ақша жинайтындар мен қайырымдылық жәшіктеріне бақылау күшеймек
Қазақстанда азаматтардың жеке қажеттіліктеріне әлеуметтік желілер мен интернет арқылы ақша жинау тәртібін заңмен реттеу ұсынылды. Жаңа талаптарға сәйкес, қаражат жинаған адамдар қайырымдылыққа түскен ақшаның қалай жұмсалғаны туралы есеп беруге міндеттелмек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мәдениет және ақпарат министрлігі тиісті заң жобасын "Ашық НҚА" порталында жариялады.
Құжат авторларының мәліметінше, қазір азаматтар әлеуметтік желілер мен интернет арқылы жеке қажеттіліктеріне қаражат жинайды. Алайда қолданыстағы заңнамада бұл қызметтің тәртібі нақты реттелмеген.
Осыған байланысты "қайырымдылық волонтері" ұғымын кеңейтіп, ақша жинауды ұйымдастыратын барлық жеке тұлғаны осы санатқа қосу ұсынылған. Оларға ресми құқықтар беріліп, жауапкершілігі белгіленеді.
Егер жиналған қаражат мақсатсыз жұмсалса, ұйымдастырушылар ел заңнамасына сәйкес әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Сондай-ақ олар бірыңғай цифрлық платформада қаражат жинау туралы ақпаратты, ақшаның жұмсалуы жөніндегі есепті және көмек алушылармен жасалған азаматтық-құқықтық шарттарды жариялауға міндеттеледі.
Қайырымдылық жәшіктеріне де талап күшейеді
Заң жобасында қайырымдылық қорларының қызметіне қатысты өзгерістер де қарастырылған. Атап айтқанда, мұндай қорлар ресми атауында өз мәртебесін көрсетуге міндеттеледі. Бұл оларды басқа үкіметтік емес ұйымдардан ажыратуға және статистикалық есеп жүргізуге мүмкіндік береді. Қорларды қайта тіркеу үшін өтпелі кезең белгілеу ұсынылған.
Қайырымдылыққа арналған жәшіктерді орнату үшін нысанның иесімен шарт жасасу қажет болады. Жәшіктің өзінде қаражатты алушы, жинаудың мақсаты мен мерзімі, сондай-ақ жиналған ақшаның қорытынды сомасы туралы ақпарат көрсетілуі керек.
Жәшіктегі ақшаны кемінде үш уәкілетті адам бірлесіп алып, арнайы акт жасауы тиіс. Онда ақшаны алу орны мен күні, сомасы және қорғаныш элементтерінің бүтіндігі тіркеледі.
Ал тасымалданатын қайырымдылық жәшіктерін тек волонтерлер немесе қайырымдылық ұйымдары ұйымдастырған іс-шараларда пайдалануға рұқсат беру көзделген. Бұл талап діни бірлестіктерге қолданылмайды.
Қайырымдылық ұйымдарының шығындары ашық көрсетіледі
Ұсынылған өзгерістерге сәйкес, қайырымдылық жасаушылармен жасалатын шарттарда әкімшілік шығындар көрсетілуі керек. Сонымен қатар ұйымдардың барлық іс-шарасы арнайы бағдарламаларда тіркеледі. Заң жобасы ерікті қайырымдылықтарға қатысты қолданыстағы ерекшелікті алып тастауды да көздейді.
Қайырымдылық көмегін алушылар қатарына төтенше жағдайлардан зардап шеккен азаматтар мен мүгедектігі бар адамдардың мамандандырылған ұйымдарын ресми түрде енгізу ұсынылған.
Құжат авторлары бұл шаралар қайырымдылық қаражатының жұмсалуын ашық етіп, азаматтардың сенімін арттыруға мүмкіндік береді деп есептейді.
Волонтерлерге арналған бірыңғай цифрлық платформа құрылады
Заң жобасында волонтерлік қызметке арналған бірыңғай цифрлық платформа құру да қарастырылған. Онда қатысушылардың цифрлық төлқұжаты жасалып, олардың қызмет бағыты, атқарған сағаттары мен нәтижелері тіркеледі.
Сондай-ақ медициналық, іздестіру, зияткерлік және "күміс" волонтерлік, донорлық пен жануарларға көмек көрсету бағыттары заңда жеке көрсетіледі.
Еріктілерді қолдау үшін уәкілетті орган жанынан үйлестіру кеңесін құру, ал жергілікті атқарушы органдар жанынан арнайы консультациялық фронт-офистер ашу ұсынылған.
Бұдан бөлек, заң жобасы мемлекеттік сектор мен азаматтық қоғамның басқа да бағыттарын қамтиды. Атап айтқанда, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің тұжырымдарын жеңілдету, мемлекеттік қорларды тарату тәртібін өзгерту, шығармашылық одақтарды қаржыландыру ережелерін түзету және үкіметтік емес секторға арналған экономикалық қызметтің бірыңғай жіктеуішін енгізу жоспарланған.
Заң жобасын қоғамдық талқылау 16 қарашаға дейін жалғасады.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап қайырымдылық ұйымдары туралы мәліметтер жинақталатын бірыңғай цифрлық жүйе іске қосылатыны туралы жазған едік. Онда ұйымдардың немен айналысатыны, қанша қаражат жинағаны және оны қайда жұмсағаны туралы ақпарат жарияланады.
Моңғолиядағы қазақ-моңғол дауы неден шықты: Баян-Өлгей аймағында не болып жатыр
