Қайырымдылыққа жиналған ақша қайда кетеді: Қазақстанда жаңа жүйе іске қосылады
Қазақстанда 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап қайырымдылық ұйымдары туралы мәліметтер жинақталатын бірыңғай цифрлық жүйе іске қосылады. Онда ұйымдардың немен айналысатыны, қанша қаражат жинағаны және оны қайда жұмсағаны туралы ақпарат жарияланады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің 2026 жылғы 9 қазандағы бұйрығына сәйкес, қайырымдылық ұйымдары жаңа жүйеге тіркеліп, өз қызметі туралы мәлімет беруге міндеттеледі. Сонымен қатар олар жыл сайын атқарған жұмысы жөнінде есеп жариялап отыруы керек.
Жаңа жүйе қайырымдылық ұйымдарының жұмысын көпшілікке ашық көрсету үшін енгізілмек. Онда ұйымдардың жүзеге асырып жатқан бағдарламалары мен жобалары, қайырымдылыққа түскен және жұмсалған қаражат көлемі туралы мәліметтер қамтылады. Яғни азаматтар белгілі бір қайырымдылық ұйымының қандай жобаларды жүзеге асыратынын, қанша қаржы жинағанын және оны қандай мақсаттарға жұмсағанын жарияланған ақпарат арқылы біле алады. Жүйеге енгізілген мәліметтер баршаға ашық әрі қолжетімді болады.
Қайырымдылық ұйымдары жаңа жүйеге қалай тіркеледі?
Ол үшін ұйым электронды түрде өтініш беріп, оған құрылтай құжаттары мен заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелгенін растайтын анықтаманы қоса ұсынуы керек. Тіркеуден өткен соң уәкілетті орган ұйымға жүйедегі жеке кабинетіне кіруге мүмкіндік береді. Қайырымдылық ұйымы бес жұмыс күні ішінде өзінің қызметі туралы алғашқы мәліметтерді орналастыруы тиіс.
Бұдан бөлек, ұйымдар жыл сайын атқарған жұмысы жөнінде есеп беруге міндетті. Жылдық есеп келесі жылдың 31 наурызына дейін қазақ және орыс тілдерінде жариялануы керек.
Осылайша, қайырымдылық ұйымдарының қызметі, жүзеге асырған жобалары мен қаржысына қатысты мәліметтер бір жерде жинақталады. Бұл қайырымдылық жасағысы келетін азаматтарға ұйымның жұмысымен алдын ала танысып, жариялаған есептерін қарап шығуға мүмкіндік береді.
Еске салсақ, бұған дейін "Қазақстан халқына" қоғамдық қоры 2026–2027 оқу жылына жоғары оқу орындарында білім алу үшін қосымша 350 грант бөлгенін жазған едік. Оған ауылдардағы, шағын және моноқалалардағы мектептерді бітірген, әлеуметтік осал топтарға жататын 25 жасқа дейінгі жастар үміткер бола алады. Грант иегерлерінің оқу ақысына жыл сайын 1 миллион теңгеге дейін қаражат бөлінеді. Сондай-ақ студенттерге ай сайын 60 мың теңге шәкіртақы төленеді.
Марқұмның бөлмесіне дән шашып, айнаны неге жабады? Қазақтың жерлеу рәсімдеріндегі ырымдардың мәні қандай
