Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Барбиге" қарсы шыққан еді": Желіде АҚШ-қа қоныс аударған Нұртас Адамбай қызу талқыға түсті

Нұртас Адамбай
Фото: instagram.com/nurtasadambay/

Желіде “Келінка Сабина” фильмінің авторы Нұртас Адамбайға қатысты пікірталас қызды. Қазақстандықтар оның кезінде “Барби” фильміне қарсы шығып, “Базз Лайтер” мультфильмін сынағанын және дәстүрлі құндылықтарды жиі сөз еткенін еске салып, кейін АҚШ-қа қоныс аударуын сөз етіп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Актер әлеуметтік желідегі парақшасында видео жариялады. Видеода актер ағылшын мектебіне сұхбат беріп, Америка Құрама Штаттарында жарты жылға жуық, бәлкім, бір жылдай уақыттан бері тұрақты тұрып келе жатқанын айтқан.

Сондай-ақ режиссер шетелге көшу туралы шешімді саналы түрде қабылдағанын жеткізді. Ол өзінің атасы, белгілі жазушы Балтабай Адамбаев туралы айтып, атасының жолын жалғап, кітап жазуға кіріскенін бөлісті.

Фильмдеріме сценарий жаза бастағанда, атамнан дарыған белгілі бір қабілетім бар екенін сездім. Шамамен он жыл бұрын алғаш рет жазушы болу туралы ойладым”, – дейді ол.

Нұртас Адамбай жаңа кітабының “Тимми Дженнер” деп аталатынын айтты. Шығарма тоғыз жастағы мейірімді, ақылды әрі дарынды бала туралы жазылған.

Актер кітап оқу тіл үйренуге көмектесетініне сенетінін жеткізді. Сонымен қатар ағылшын тілін меңгеріп, болашақта жазушы болғысы келетін жастарға қорықпай әрекет етуге кеңес берді.

 

“Жаңа нәрсе бастаудан қорықпау керек. Алға қойған мақсатыңа жете алатыныңа сен. Өзіңе тым қатал болма, өзіңді жақсы көріп, құрметте және арманыңның соңынан ер”, – деді Нұртас Адамбай.

Алайда желі қолданушылары режиссердің шығармашылық жоспарына емес, оның АҚШ-қа қоныс аударуына көбірек назар аударды. Көпшілік Нұртас Адамбайдың кейінгі жылдары Батыс киноларындағы кейбір құндылықтарды сынға алып, бірқатар туындының Қазақстанда көрсетілуіне қарсы болғанын еске салды.

Кезінде “Барби” фильміне қарсы шығып, “Базз Лайтер” мультфильмін сынаған және дәстүрлі құндылықтарды қорғау мәселесін жиі көтеріп жүрген Нұртас Адамбай бұл күресті жаңа деңгейге шығаруға бел буғанға ұқсайды. Ашық дереккөздердегі мәліметке қарағанда, ол АҚШ-қа қоныс аударған. Батыстың ықпалымен күрессең, оның дәл ортасында жүріп күрескен дұрыс дегені шығар. Мәселені, айтпақшы, түп-тамырымен шешу үшін. Енді оқиға орнынан жаңа бастамалар күтеміз”, – деп жазды Әлішер есімді қолданушы.

Кейбір қолданушылар режиссердің “Базз Лайтер” мультфильмін жай ғана сынап қоймай, оның Қазақстан кинотеатрларында көрсетілмеуіне ықпал еткенін еске алды.

“Оның Америкада жүргенін естігенде мен де күлдім. Ол “Базз Лайтерді” сынап қана қойған жоқ, соның кесірінен мультфильмді біздің кинотеатрларда көрсетуге тыйым салынды”, – деп жазды пікір иелерінің бірі.

Тағы бір қолданушы режиссердің ислам кеңінен таралған елдердің бірін емес, АҚШ-ты таңдағанына таңғалған.

“Неге ислам құндылықтары берік елге көшпеді? АҚШ-та өзі қарсы болған дүниелер ашық көрініс табады ғой. Ол жақта қалай өмір сүріп жүр екен?” – деп жазды ол.

Дегенмен Нұртас Адамбайдың шешімінен ешқандай қайшылық көрмейтіндер де бар. Олардың пікірінше, АҚШ тек “Барби” немесе ЛГБТ тақырыбымен шектелмейді, ал адамның белгілі бір фильмге қатысты сыни көзқарасы оның сол елде тұруына кедергі болмауы керек.

“Оның “Барби” туралы пікірі мен АҚШ-қа көшуінің арасында байланыс жоқ деп ойлаймын. Америкада одан басқа да мүмкіндік көп. Бұл – адамды әжуалап, жаппай сынау үшін ойдан шығарылған әңгіме. Ол фильм туралы өз пікірін айтты, оның да өзге пікірлер сияқты өмір сүруге құқығы бар”, – деді қолданушылардың бірі.

Енді біреулер режиссердің кейінгі жылдардағы өмірлік таңдауларын өзін іздеу кезеңімен байланыстырды.

“Меніңше, ол орта жас дағдарысын бастан өткеріп жүрген болуы мүмкін. Бірде дінге бет бұрса, енді Америкаға барды. Бәлкім, сол жақтан өзін тауып, жаңа фильм түсірер”, – деп жазды пікір иесі.

Нұртас Адамбайға хейт
Фото: Скриншот

“Базз Лайтер”, “Тор” және “Барби” неге сынға іліккен еді?

2022 жылы Нұртас Адамбай Disney және Pixar студиялары түсірген “Базз Лайтер” мультфильміне қарсы пікір білдірді. Ол туындыдағы бірнеше секундтық көріністі ЛГБТ тақырыбын насихаттау деп бағалап, мультфильмді Қазақстан кинотеатрларында көрсетпеуге шақырған.

Кейін режиссер “Тор” және “Барби” секілді танымал фильмдерге де қатысты сыни ойын айтты. Ол мұндай туындылар дәстүрлі құндылықтарға кері әсер етуі мүмкін деп санайтынын жасырмады.

Осыған байланысты кейбір желі қолданушылары америкалық мәдени өнімдерді сынаған режиссердің кейін АҚШ-ты тұрғылықты мекен ретінде таңдағанын қайшылық деп қабылдады.

Еске салайық, бұған дейін актер Нұртас Адамбайға желіде Құраннан үзінді жариялағаны үшін айыппұл салынғаны хабарланған еді. 2024 жылғы тамызда Астана қаласының Дін істері басқармасы Нұртас Адамбайды Instagram парақшасында Құран аяттарының аудармасын жариялағаны үшін сотқа берген.

Актер діни материалдарды тарату тәртібін бұзды деп танылып, 184 600 теңге айыппұл төледі. Ол сотқа Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваны немесе оның орынбасарын шақыруды сұрағанымен, өтініші қанағаттандырылмады.

Балнұр Рахматуллақызы
Сәрсенбі, 10 Маусым, 2026 15:45