Қазақстанның шығысында қалың қар жауып, тұрғындарды әбігерге салды (видео)
Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында екінші күн қатарынан қар жауып, көшелерді қар басты. Әлеуметтік желіде жергілікті тұрғындар қарлы боранның суреттері мен бейнежазбаларын жариялауда. Ал Күршім ауданында қар құрсауында қалған жеті адамды құтқарушылар эвакуациялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Риддер тұрғындарының айтуынша, қар 21 қазанда жауа бастаған. 22 қазанда жауын-шашын күшейіп, қала көшелері қалың қарға оранған.
Әлеуметтік желі қолданушылары қардың мол түскенін талқылап, жүргізушілерге көліктеріне қысқы дөңгелек салатын уақыт келгенін жарыса жазды.
Облыстағы қолайсыз ауа райы өңірдегі жол қозғалысына да әсер етті. Күршім ауданының Құйған ауылдық округінде электр желілерінде жұмыс істеп жүрген жеті қызметкер екі көлікпен қар құрсауында қалып қойған.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, оқиға Татарка учаскесінде болған. Көмекке жоғары өтімді техникамен құтқарушылар жіберілген. Олар қар құрсауында қалған жеті адамды жақын маңдағы елді мекенге эвакуациялады. Зардап шеккендер медициналық көмекке мұқтаж болмаған.
Министрлік қазақстандықтарды жолға шығар алдында ауа райын ескеруге, дауылды ескертулерді бақылауға және қысқы кезеңде сапарға дайындалу кезінде құтқарушылардың ұсынымдарын сақтауға шақырды.
Айта кетейік, Шығыс Қазақстан облысында бірнеше күннен бері қар жауып, боран соғып жатыр. Таулы аудандарда кей уақытта қар қалың түсуде.
"Қазгидромет" болжамына сәйкес, 23 қазанда да өңірде жауын-шашын, негізінен қар жауып, көктайғақ болады. Облыстың солтүстігінде, шығысында және таулы аудандарында қалың қар түседі деп болжанады. Батысында, солтүстігінде, шығысында және таулы аймақтарында боран соғуы мүмкін.
Еске салсақ, бұған дейін 20-22 қазан аралығында Қазақстанның басым бөлігінде жаңбыр мен қар жауып, күн суытатыны туралы жазған едік.
Моңғолиядағы қазақ-моңғол дауы неден шықты: Тіл мәселесі неге көтерілді
