Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қар жауып, күн суытады: Синоптиктер 20-22 қазанға арналған ауа райы болжамын жариялады

Ауа райы
Фото: Magnific.com

20-22 қазан аралығында Қазақстанның басым бөлігінде жаңбыр мен қар жауып, күн суытады. Кей өңірлерде көктайғақ болып, түнде үсік жүреді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қазгидрометтің мәліметінше, келер күндері атмосфералық фронттардың әсерінен еліміздің басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады. 20 қазанда Павлодар облысында, ал 21–22 қазанда шығыс өңірлерде қатты жауын-шашын, жаңбыр мен қар күтіледі. Тек еліміздің оңтүстігінде жауын-шашынсыз ауа райы сақталады.

Солтүстік пен шығыс облыстарда көктайғақ болуы мүмкін. Ал оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде түнде 1–3 градусқа дейін үсік жүреді. Республика бойынша жел күшейіп, түнгі және таңғы уақытта тұман түседі.

Астана

Астанада келер үш күнде жаңбыр аралас қар жауып, қатты жел соғады.

20 қазанда түнде және таңертең жаңбыр мен қар жауады. Ауа температурасы түнде де, күндіз де +1…+3 градус болады. Желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін жетеді.

21 қазанда да жауын-шашын күтіледі. Түнде +1…+3, күндіз +6…+8 градус болады. Желдің екпіні кей уақытта секундына 23 метрге дейін күшейеді.

22 қазанда жаңбыр аралас қар жалғасады. Түнде +1…+3, күндіз +4…+6 градус күтіледі. Желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін жетеді.

Алматы

Алматыда алдағы үш күнде жауын-шашын болмайды. Алайда күн біртіндеп салқындайды.

20 қазанда күндіз +18…+20, түнде +4…+6 градус болады. Желдің жылдамдығы секундына 3–8 метрге жетеді.

21 қазанда күндіз +14…+16, түнде +3…+5 градус күтіледі.

22 қазанда күндіз +15…+17, түнде +3…+5 градус болады. Екі күнде де желдің екпіні секундына 12 метрге дейін күшеюі мүмкін.

Шымкент

Қалада да жауын-шашынсыз ауа райы сақталады.

20 қазанда күндіз +20…+22, түнде +8…+10 градус болады.

21 қазанда күндіз +17…+19, түнде +7…+9 градус күтіледі.

22 қазанда күндіз +17…+19 градус болады. Желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін жетуі мүмкін.

Қазақстан өңірлерінде ауа райы қандай болады?

Елдің батысында түнде ауа температурасы -6…+2 градусқа дейін төмендейді. Ал күндіз +15…+22 градусқа дейін жылынады.

Маңғыстау облысында түнде +2…+10 градус болады. Күндіз ауа температурасы бастапқыда +21…+26 градусқа дейін көтеріліп, кейін +18…+23 градусқа дейін төмендейді.

Ақтөбе облысында түнгі температура 0…+5 градустан -1…-6 градусқа дейін төмендейді. Ал күндіз +12…+17 градусқа дейін жылынады.

Қостанай облысы мен еліміздің солтүстігінде түнде ауа температурасы -1…-6 градустан 0…+5 градусқа дейін өзгеріп отырады. Күндіз +2…+10 градус шамасында болады.

Орталық Қазақстанда түнде ауа температурасы 0…+5 градустан -1…-6 градусқа дейін төмендейді. Күндіз бастапқыда +3…+11 градус болса, кейін +7…+13 градусқа дейін жылынады.

Елдің шығысында түнде ауа температурасы 0…+5 градусқа дейін төмендейді. Күндіз +2…+7 градус шамасында болады. Ал өңірдің шығыс бөлігінде күндіздің өзінде -1 градусқа дейін суытуы мүмкін.

Оңтүстік өңірлерде түнде 0…+5 градус болады. Күндіз ауа температурасы +18…+23 градустан +12…+17 градусқа дейін төмендейді.

Еліміздің оңтүстік-шығысында түнде ауа температурасы негізінен 0…+8 градус шамасында сақталады. Ал таулы аудандарда -3…-8 градусқа дейін аяз болады. Күндіз температура +15…+20 градустан +8…+16 градусқа дейін төмендеуі мүмкін.

Синоптиктердің болжамы бойынша, алдағы күндері еліміздің бірқатар аймағында ауа райы тұрақсыз болады. Әсіресе солтүстік пен шығыста жаңбыр аралас қар, көктайғақ және екпінді жел күтіледі.

Еске салайық, бұған дейін синоптиктер Қазақстанда алдағы қыс қандай болатынына болжам жасағаны хабарланған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 19 Қазан, 2026 16:44