Қазақстандағы минералды су мен емдік балшық кен орындары бизнеске беріледі
Қазақстанда сұраныстың аздығы мен инвесторлардың қызығушылығы төмен болғандықтан толық пайдаланылмай жатқан минералды су мен емдік балшық кен орындарын игеруге бизнес өкілдері тартылады. Үкімет әлеуетті инвесторларға перспективалы кен орындары туралы ақпаратты ашық жариялап, оларды игеруге рұқсат алу тәртібін жеңілдетуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Ұлттық экономика министрі әрі Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин депутаттардың сауалына берген жауабында табиғи емдік ресурстарды тиімді пайдалану мәселесіне тоқталды.

2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанда мемлекеттік есепте жерасты минералды суларының 78 кен орны бар. Олардың жалпы қоры тәулігіне 64,6 мың текше метрді құрайды. Қазіргі уақытта соның 47-сі ғана пайдаланылып жатыр.
Бұдан бөлек, емдік балшықтың сегіз кен орны игерілуде. Олардың қоры 456,3 мың текше метрге жетеді.
“Емдік балшықтың ірі кен орындарының қатарында Алматы облысындағы Тұзкөл көлі, Қарағанды облысындағы Қарасор көлі және Павлодар облысындағы Мойылды көлі бар. Олардың қоры тиісінше 243 мың, 68 мың және 56,7 мың текше метр”, – дейді ол.
Серік Жұманғариннің айтуынша, жер қойнауын пайдаланушылардың қызығушылығы төмен және минералды суға сұраныс жеткіліксіз болғандықтан, Қазақстанның табиғи емдік ресурстары толық көлемде игерілмей отыр.
Осыған байланысты Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне Денсаулық сақтау министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, минералды су мен емдік балшықтың игерілмеген, болашағы бар кен орындарының тізімін жасау тапсырылған. Бұл ақпарат әлеуетті инвесторлар үшін ашық жариялануы керек. Сонымен қатар мұндай кен орындарын игеру құқығын алу тәртібін жеңілдету жөнінде ұсыныстар әзірленеді. Сондай-ақ Абай облысындағы “Барлық-Арасан” шипажайының минералды және термалды суларын ғылыми тұрғыдан зерттеу мәселесі қарастырылып жатыр.
Жақында Шығыс Қазақстан облысындағы “Рахман қайнары” шипажайын жаңғыртуға инвестор керек болған. Жоба аясында шипажайды кезең-кезеңімен жаңартып, инфрақұрылымын халықаралық стандарттарға сәйкестендіру жоспарланған.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда Қытаймен экономикалық ынтымақтастықты кеңейту аясында бірқатар инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып жатқаны туралы жазған едік.
Моңғолиядағы қазақ-моңғол дауы неден шықты: Баян-Өлгей аймағында не болып жатыр