Жаңа автокешен мен зауыттар салынады: Қазақстан Қытай компанияларымен 10 инвестициялық келісім жасасты
Алматыда өткен "Қазақстан – Қытай" инвестициялық форумында қазақстандық және қытайлық компаниялар арасында 10 келісім жасалды. Екі жақ құжаттармен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен алмасты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Келісімдер аясында бірнеше өңірде жаңа өндіріс орындарын ашу, жел электр станцияларын салу, автомобиль өндірісін дамыту және инвестициялық жобаларды қаржыландыру көзделген.
- Абай облысында электролиттік алюминий өндіретін зауыт пен жел электр станциясын салу жөнінде облыс әкімдігі Xinjiang Sanbao Industrial Group және Inner Mongolia Wanjiang Investment компанияларымен келісім жасасты.
- Семейде ағаш жаңқасынан тақта өндіретін зауыт салынады. Жобаны Абай облысының әкімдігі аталған қытайлық компаниялар консорциумымен бірлесіп іске асырмақ.
- "Самұрық-Энерго", China Energy Overseas Investment және SANY Renewable Energy бірлескен жобаны әзірлеу туралы келісімге келді.
- АХҚО базасында Қазақстандағы перспективалы жобаларды қаржыландыратын арнайы инвестициялық қор құру көзделіп отыр. Келісімге Kazakh Invest пен Silk Road Finance Corporation қол қойған.
- Ақмола облысында жалпы қуаты 450 МВт болатын жел электр станцияларын салу жоспарланған. Жоба SUNGROW Renewable Development компаниясымен жүзеге асырылады.
- Шығыс Қазақстан облысында жеңіл және арнайы автомобильдер шығаратын жоғары технологиялық кешен құру жөнінде келісім жасалды.
- Түркістан облысында карбамид тыңайтқыштарын өндіретін зауыт салу жоспарланып отыр.
- Алматы әкімдігі Гонконг қор биржасында dim sum форматындағы облигациялар шығаруға қатысты Guotai Junan Securities компаниясымен ынтымақтастық орнатпақ.
- Алматыда халықаралық бренд қонақүйі мен бизнес-орталығы бар көпфункционалды кешен салу жөнінде қала әкімдігі, Everest Development және SunnyWorld Group келісімге келді.
- Қазақстанның Даму банкі мен China Construction Bank Corporation Astana Branch инвестициялық жобаларды қаржыландыруға қатысты алдын ала шарттарды бекітті.
Форум басталар алдында қатысушылар Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілерді бір минут үнсіздікпен еске алды.

Тоқаев форумда Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестіктің тату көршілік пен өзара сенім негізінде дамып келе жатқанын айтты. Форумға 600-ден астам делегат қатысатыны бұған дейін хабарланған.