"Фильмге жақсы жарнама болды": Динара Сәтжан жолдасы Жұмабек Жанықұлдың әрекетін түсіндірді
Қазақстандық тележүргізуші Динара Сәтжан жолдасы Жұмабек Жанықұлдың фильмнің жабық көрсетілімінде жүргізушінің құлағынан шертіп, ескерту жасаған әрекетіне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, бұл жағдайды дауға айналдырудың қажеті жоқ. Себебі кәсіпкердің әрекеті әзіл болған. Сонымен қатар ол оқиғаны Серік Ибрагимовтің “Заманбек 2” фильміне жасалған сәтті жарнама деп санайтынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұған дейін “Заманбек 2” фильмінің жабық көрсетілімі өтіп, оған кәсіпкер Жұмабек Жанықұл мен тележүргізуші Динара Жанықұл да қатысқан еді. Қонақтарды таныстырған жүргізуші Динараның есімін “Динара Сәтжан” деп атаған. Бұл кәсіпкерге ұнамай, ол жүргізушіні жанына шақырып, құлағынан шертіп, дұрысы “Динара Жанықұл” екенін айтқан. Кейін жүргізуші хабарландыруын түзетіп, жиналғандарға мұндай қателікке жол бермеуді әзілмен ескерткен.
Осы көрініс әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Желі қолданушыларының бір бөлігі кәсіпкердің әрекетін дөрекілік деп бағалап, оны сынады.
Ал Динара Сәтжан бұл жағдайға басқаша қарайтынын айтты. Оның сөзінше, Жұмабек Жанықұл үнемі осылай әзілдейді. Ал өнер адамдары оны жақсы біледі әрі құрметтейді, дейді.
“Меніңше, Жұмабек Серік Ибрагимовтің “Заманбек 2” фильміне керемет жарнама жасап берді. Нұрбаның құлағынан саусағымен шертіп қалғанының өзі жеткілікті болды. Нұрба да жарады! Шығып, мұның жай ғана қалжың екенін түсіндірді”, – деді ол.
Динара Сәтжанның айтуынша, ол Нұрбаны да, Серікті де көп жылдан бері таниды. Үшеуі де бір шоу-бизнес ортасында жүргендіктен, олардың бір-бірімен қарым-қатынасын жақсы біледі. Оның үстіне, жігіттер бұған дейін де Динараның бағдарламасына қонақ болып келген.
“Жігіттер Жұмабекке үлкен құрметпен қарайды. Оны білетіндердің бәрі оның адамдарға қаншалықты көмектесетінін жақсы біледі. Жұмабек үнемі осылай қалжыңдайды. Ол бұл жігіттерге өз бауырындай қарайды. Сондықтан жоқ жерден дау іздеудің қажеті жоқ. Мұны “Заманбек” фильміне жасалған жарнама деп қабылдаған дұрыс”, – деді тележүргізуші.
Динара Сәтжан жабық көрсетілімдерге, киноға жиі бара бермейтінін айтты. Алайда фильмнің актерлері бұған дейін оның бағдарламасына қатысқандықтан, картинаны көргісі келген. Көргеніне өкінбегенін де жеткізді.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандық киноның жабық көрсетіліміне шақырылған кәсіпкер Жұмабек Жанықұл жұбайын “Динара Сәтжан” деп хабарлаған жүргізушіге көптің көзінше ескерту жасап, құлағынан шертіп қалғаны туралы жазған едік.
"Әнін тыңдамаймын, тауарын алмаймын": Қазақстандықтар қай танымал жұлдыздар мен брендтерден бас тартты
