Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жаңа iPhone-ды төмен бағамен алмақ болған жүздеген қазақстандық cан соғып қалды

Айфон
Фото: apple.com

Астанадағы бринфингте прокурор көмекшісі Аслан Мәди WYP.KZ пирамидасына 200 адам алданғанын мәлімдеді. Ал шығын 216 млн-ды құрайды. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.

Оның айтуынша, WYP.KZ схемасы iPhone смартфондары мен басқа да техниканы нарықтағы бағадан төмен сатуға негізделген. Алайда ұйымдастырушылар тауарларды нарықтағы нақты бағасымен сатып алған.

“Яғни жаңа сатып алушылардан түскен ақшаны алғашқы клиенттер алдындағы міндеттемелерді орындауға пайдаланған. Алайда тапсырыстар санының артуы мен айналым қаражатының жетіспеуі салдарынан кейінгі сатып алушылар алдында қарыз қалыптасты”, – деді Аслан Мәди.

Сонымен қатар интернет-дүкен басшылары салымшылар санын көбейту үшін клиент тарту жүйесін ұйымдастырған. Бұл жүйе бойынша олардың промокоды арқылы келген әрбір сатып алушы үшін сыйақы берілген.

Қазіргі уақытта іс бойынша 200-ден астам азамат зардап шеккен деп танылған. Оларға келтірілген жалпы шығын көлемі 216 миллион теңге. Жалпы, жыл басынан бері Астана аумағында алты қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылған. Олар – WYP.KZ, Sinsera Systems, Life is Good, Sirius Energy, World Business Consulting және Buyers Union.

Спикер қаржы пирамидасын құрғаны, оған басшылық еткені немесе оның құрылымдық бөлімшесін басқарғаны үшін заңнамада мүлкін тәркілей отырып, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын еске салды.

Еске сала кетейік, Қостанай облысында лицензиясыз микроқаржылық қызмет көрсетіп, 1 600-ден астам азаматтан ақша алған екі тұрғын сотталды. Сот екеуін де мүлкін тәркілей отырып, 2 жылға бас бостандығынан айырды.

Ислам Әден
Бейсенбі, 22 Қазан, 2026 17:12