Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мұғалімдер мен дәрігерлерге арналған арнайы ипотека": Қазақстандықтарға желіде тараған жарнамаларға қатысты ескерту жасалды

Ипотека
Фото: istockphoto.com

Қазақстандықтарға желіде тараған мұғалімдер мен дәрігерлерге арналған жаңа ипотекалық бағдарламалар туралы ақпаратқа қатысты ескерту жасалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Орталық коммуникациялар қызметінің Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы әлеуметтік желіде мұғалімдерге, медицина қызметкерлеріне, мемлекеттік қызметкерлерге және басқа да сала мамандарына арналған ипотекалық бағдарламалар туралы жалған хабарландырулар тарап жатқанын мәлімдеді.

"Сыртынан қарағанда, әр мамандық бойынша арнайы мемлекеттік бағдарламалар пайда болғандай әсер қалдыруы мүмкін. Алайда, мұндай жазбалардың артында көбіне жаңа тұрғын үй бастамасы емес, ипотекалық несие рәсімдеуге кеңес беретін компаниялардың кезекті маркетингтік тәсілі жатады", – делінген хабарламада. 

Орталық компаниялардың әлеуметтік топтардың сұранысын зерттеп, әр салаға арнайы жарнамалық жазбалар дайындайтынын мәлімдеді.

Мәселен, мұғалімдерге – "Педагогтарға арналған ипотека", дәрігерлерге – "Дәрігерлерге арналған баспана", ал мемлекеттік қызметкерлерге – "Мемлекеттік қызметшілерге арналған арнайы бағдарлама" деген тақырыптар қойылады.

"Азаматтар жарнама тақырыбынан өзінің мамандығын көргенде, бұл бағдарлама арнайы өзі үшін әзірленген деп қабылдауы мүмкін. Іс жүзінде әртүрлі мамандық өкілдеріне сәйкес келетін стандартты ипотекалық бағдарламалар туралы айтылып отыр. Жазбадағы мамандықтар бойынша бөлу жеке мемлекеттік бағдарламаның барын білдірмейді, бұл ең алдымен коммерциялық қызметтерді насихаттау үшін қолданылады", – делінген хабарламада.

Орталық егер жарнамалық жарияланымда ресми шарттарға сілтеме жасалмаса, ақпарат төлем жасағаннан кейін берілсе немесе несиеге мақұлдау кепілдендірілсе, онда ақпараттың шынайылығын қосымша тексерген дұрыс екенін ескертті.

Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы азаматтарды ипотекалық бағдарламалар туралы ақпаратты тек ресми дереккөздерден тексеруге шақырды.

Еске салсақ, бұған дейін Бектенов Қазақстанда ипотеканың бастапқы жарнасын төмендетуді тапсырған еді. 

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 21 Қазан, 2026 20:58