"Қазпошта" тоғыз айда 10 миллиард теңгеден астам шығынға батты
“Қазпошта” ұлттық пошта операторы 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында 10,06 миллиард теңге таза шығынға ұшырады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 10 есе көп. Компания осы уақытта қызметкерлердің жалақысы мен іссапар шығындарына 30,66 миллиард теңге жұмсаған. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Компанияның қаржылық есебіне сәйкес, 2026 жылғы қаңтар-қыркүйек аралығында “Қазпоштаның” қызмет көрсетуден түскен кірісі 28,9 миллиард теңгені құрады. Бұл былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда небәрі 1,2%-ға артық. Ал көрсетілген қызметтердің өзіндік құны 59,99 миллиард теңгеге жеткен. 2025 жылдың алғашқы тоғыз айында бұл шығын 58,82 миллиард теңге болған.

Осылайша, компанияның қызмет көрсетуге жұмсаған шығыны кірісінен екі еседен астам жоғары. Негізгі қызметінен шеккен жалпы шығыны 31,09 миллиард теңгені құрады. Былтырғы жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 30,26 миллиард теңге болған.
Шығындардың басым бөлігі қызметкерлердің еңбекақысы мен іссапарларға тиесілі. Бұл мақсаттарға компания тоғыз айда 30,66 миллиард теңге жұмсаған.
Қаржылық кіріс азайған
Бұған дейін “Қазпошта” пошта қызметінен түскен шығынның бір бөлігін қаржылық және банктік қызметтен түсетін кіріс арқылы өтеп келген. Оған пайыздық кірістер, эквайринг және ақша аударымдары секілді қызметтерден түсетін қаражат кіреді. Алайда 2026 жылы бұл кіріс едәуір азайған.
2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында компанияның сыйақы түріндегі қаржылық кірісі 38%-ға төмендеп, 45,56 миллиард теңгеден 28,23 миллиард теңгеге дейін қысқарған. Соның салдарынан компанияның жиынтық кірісі былтырғы 39,94 миллиард теңгеден биыл 17,44 миллиард теңгеге дейін азайған.
Сонымен қатар қаржылық шығындар да қысқарған. Былтырғы жылдың алғашқы тоғыз айында бұл көрсеткіш 34,91 миллиард теңге болса, биыл 20,54 миллиард теңгені құрады. Алайда шығындардың азаюы компанияның қаржылық жағдайын жақсартуға жеткіліксіз болған.
2026 жылдың үшінші тоқсанында “Қазпошта” 1,21 миллиард теңге таза шығын шеккен. Ал 2025 жылдың шілде-қыркүйек айларында компания 3,02 миллиард теңге таза пайда тапқан еді.
Компанияның меншікті капиталы азайған
Қаржылық шығындар “Қазпоштаның” балансына да әсер еткен. 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында компанияның өтелмеген жинақталған шығыны 20,31 млрд теңгеден 30,37 миллиард теңгеге дейін өскен.
Ал меншікті капиталы 25%-ға азайып, 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 29,97 миллиард теңгені құрады. 2025 жылдың соңында бұл көрсеткіш 39,94 миллиард теңге болған.
Сонымен қатар компанияның жалпы активтері 362,47 миллиард теңгеден 489,67 миллиард теңгеге дейін өскен. Міндеттемелері де артып, 322,54 миллиард теңгеден 459,69 миллиард теңгеге жеткен.
Еске салсақ, “Қазпошта” — “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қорының еншілес компаниясы.
Айта кетейік, бұған дейін “Қазпошта” 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап пошта жөнелтілімдерін, соның ішінде сәлемдемелерді жеткізу тарифтерін көтеретіні туралы хабарлаған едік.
Моңғолиядағы қазақ-моңғол дауы неден шықты: Баян-Өлгей аймағында не болып жатыр